«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕМНІҢ ӘҢГІМЕЛЕРІ

Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыстың оты шарпымаған шаңырақ жоқ. Жеңістің 70 жылдығы тойланып жатқан биылғыдай мерейлі жылы менің де есіме әкемнің соғыс жайлы әңгімелері түсіп, қолыма қалам алдым. Әкем Жамантай Әлмағанбетов 1944 жылы әскер қатарына алынып, Алматы қаласында 2-3 айлық әскери дайындықтан өткен соң бірінші Белоруссия майданына қарайтын атқыштар полкіне жіберіледі. Полк командирі Панальчук деген кісі жас жігіттерге әкесіндей қамқор болып, ересек солдаттарға бір-бір жастан бекітіп, оларды көздерінен таса қылмай, әр уақытта қастарында ұстауды тапсырады. Соғысқа кіретін уақыт жақындағанда батальон командирі алда “айыпкер” батальон, оның артында бұлар тұратынын айтады. Олар кісі бойындай окоп қазып, соған орналасады. Айнала тастай қараңғы, маңайдың бәрі екпе қарағай. Таң ата тыныштық орнағандай болады. Барлаушылардың айтуына қарағанда, бұлар қоршауда қалған. Батальондағы саяси жетекші, командирлер жиналып, барлаушылардан алған мәлімет бойынша ақылдасып, қоршаудан шығудың жоспарын жасайды. Жаудың шебін бұзып өтуге дайындалу керектігін солдаттарға хабарлайды.

Жауынгерлерге ауыр киімдерін тастап, ықшамдалуға және автоматшыларға қосалқы диск пен екі-екіден қол гранаталарын алуға бұйрық беріледі де, жаудың шебін бұзуға әрекет басталады. “Екі-үш шақырымдай жүргеннен кейін он шақты жаудың автоматшылары кездесті. Оларды алда келе жатқандар ұшырып түсірді. Жол да ашылды. Мен жүгірген бойда жаудан олжалаған пулеметті дайындап жатқан сержанттың қасына құлай кеттім. Ол пулеметтің лентасына тез оқ толтыруды тапсырды. Оқ толтырып, алдыма қарасам, фашистердің екі “Тигрі” шабуылға шығып келе жатыр екен. Жан алғыш аждаһадан кем емес, қарағайларды жапырып, алға қарай жылжып келеді. Бір мезгілде оң жақтағы тұрған гаубица тура көздеп броньды тесіп өтетін снарядпен танкілердің үнін өшірді”, – деген әкем бұл жақта гаубица барын фашистер алғаш сезбеген болу керек, екі “Тигрінен” айрылғаннан кейін тым-тырақай қаша жөнелді дейтін, жауынгерлердің ерлігіне сүйсініп. Кеңес жауынгерлері фашистерді түре қуып, жүздеген офицерлер мен солдаттарын тұтқынға алып, екі тәуліктің ішінде шепті де бұзып, өздерінің тобына қосылады. Бұл жақтан да шығын болады. Әкемнің жаумен бетпе-бет келген алғашқы ұрысы осы болады.  

Осыдан кейін де әкем бірнеше қалаларды фашистерден азат еткен. Кенигсберг қаласын алуға қатысып, фашистерді Батысқа қарай қуа отырып, Берлин операциясына қосылады. Екінші мамыр күні Берлин алынғанмен, фашистер тізе бүкпейді. 1945 жылғы алтыншы мамыр күні бірінші Белоруссия майданы шабуылға шығады. Алда Эльба өзені. Бағыт өзеннің оң жағындағы қалың орман. Олар он екі сағатта 80 шақырым жер жүріп, қалың орманға да жетеді. “Нағыз соғыс орманның сыртында басталды. Екі жақтан да адам шығыны аз болған жоқ. Немістердің мыңдаған адамы тұтқынға алынды. Бұл ұрыста елден барған бауырларым Қазез, Зекен Отан үшін, ел үшін Берлин түбінде қаза болды”, – дейтін әкем оларды еске алып.

“Соғыс бітті!!! Жеңіс!” деген хабарды әкем аяғынан жараланып, госпитальда жатқанда естиді. Ондағылар бір-бірінен сүйінші сұрап, жүгіріседі. Қуанғандарынан бір-бірін құшақтап, Жеңіс үшін жанын пида қылғандарды естеріне түсіріп, көздеріне жас та алады. Госпитальдан жазылып шыққаннан кейін әкем полкіне қайта қосылады. “Полк Берлиннің солтүстігінде болатын. Жеңістен кейін солдаттардың тұрмыс жағдайлары да жақсарып қалды. Кеңес Одағының алдында соғыс кезінде бүлінген шаруашылықты қалпына келтіру ісі тұрды. Мен 1950 жылға дейін сол науқанға қатыстым. Сонда жүріп, оқуымды жалғастырып, он кластың аттестатын алып, 1950 жылы қаңтар айында елге оралдым”, – дейтін еді әкем.

Соғыстағы ерлігі үшін І және ІІ дәрежелі “Отан соғысы” орденімен, “Ерлігі үшін”, “Берлинді алғаны үшін”, “Кенигсбергті алғаны үшін” медальдарымен марапатталған әкем бейбіт күнде де бірнеше мерейтойлық наградаларды омырауына қадады.

Елге аман-есен оралғаннан кейін үйлі-баранды болып, анам Рәш екеуі он бала өсіріп, тәрбиеледі. Бәрімізді оқытып, ұлды – ұяға, қызды қияға қондырды. Анам екеуі балаларынан тараған немере-шөберелерінің ортасында бейбіт заманда бақытты ғұмыр кешті. Әкем зейнеткерлікке шыққанша жұмыстан қол үзбей, еңбек етті. Әр жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күнін ерекше қуанышпен қарсы алып, еліміздің бейбіт тіршілігіне “шүкіршілік” етіп отыратын. Әттең, Жеңістің 70 жылдығын көруге жете алмай, 2009 жылы 26 қазанда дүниеден өтті. Бірақ оның аузынан естіген соғыс жайлы естеліктерін артында қалған ұрпағы, біздер ұмытпай, мақтанышпен еске алып отырамыз.

Зураш ӘЛМАҒАНБЕТОВА.

Айыртау ауданы,

Дәуқара ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp