Әр балаға өз әкесі асқар таудай көрінетіні рас. Мен әкемді басқаға тең көрмеймін. Оның бойындағы асыл қасиеттер отбасына ғана емес, басқаларға да үлгі боларлық. Әкем Айтмұхан Әлімовті ақжарлықтар жақсы таниды. Жұрт аузына түсетін оның бірінші қасиеті – өнерсүйгіштігі. Он саусағынан бал тамған әкемнің шеберлігінде шек жоқ. Ол діттеген ойын жүзеге асыру үшін күні-түні еңбектенуге дайын. Бүгінде жетпістің төріне шыққан әкеме қарап, еңбек өзін сүйген адамға талғам жасамайтынын аңғарамыз.
“Әкеңнің қолы алтын” дейді оны танитын жұрт. Ол рас. Техникаға бейім жан үй шаруасына қажетті шағын құрал-жабдықтарды өзі жасай береді.
Әкем қолөнеріне бала кезден әуес өсіпті. Алты жасында қолшана жасап, жұртты таңғалдырыпты. Алдыңғы жылдары шағын аэроплан жасап, оны көк аспанда самғатқан едік. Өнертапқыш әкеміздің түрлі көліктердің бөлшектерін құрастырып, ауыл ішінде жүретін, шаруаға ыңғайлы көліктерді қалай жасайтынын көріп өстік. Тікұшақ жасауды әкем бұрыннан армандап жүретін. Өткен жазда сол мақсатына жетті. Оны сынап көріп, соңында балаша: “Менің арманым орындалды!” – деп қуанды. Әкенің қуанышын көру балаға үлкен бақыт екен! Бүгінде ол қардың үстімен еркін жүретін техника жасауға кірісті. Одан да үлкен нәтиже шығаратынына сенімдіміз. Үйдегі неше түрлі техникалар – оның қиялы мен шеберлігінің жемісі.
Әкемнің жасаған домбырасының үні қандай! Күмбірлеген күміс дауысты домбырасын шертіп, ән салып, күй орындағанда, тыңдаушылары ұйып қалады. Ол бала күннен музыкаға жақын, домбыраға әуес, талғамы биік жан болып өскен. Әкемнің ақындыққа бой алдырып, өлеңмен де ішкі жан дүниесін өрнектеп қоятын кездері болады. “Туыстарға ескерткіш” атты өлеңдер жинағын біз, балалары кеудемізге басып жүріп оқимыз. Өйткені, ондағы әрбір өлең, әрбір сөз бізге бағытталған өсиет-нақыл деп білеміз. Әкемнің ширақ қимылына, өмірге деген сүйіспеншілігіне қарап, оны қарттардың қатарына жатқызу қиын. Ауданда ұйымдастырылған түрлі мерекелер, шығармашылық кештер, концерттер онсыз өтпейді.
Әкемнің шебер қолымен, маңдай терімен, шын ықыласымен салған үйі біз үшін ханның сарайындай. Үлкен талғаммен тұрғызылған үйдің екінші қабатына көтергішпен шығасыз. Екі бөлменің арасындағы қабырға жылжымалы, көп қонақты күтетін үлкен залға оңай айналады. Осының барлығын ойластыру, іздестіру – әкем сияқты еңбекқор, өнертапқыш адамның қолынан ғана келетін іс.
“Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” дегендей, жеті бала жігерлі, бауырмал, еңбекқор болып өстік. Ата-анамыздың үйіне барған кезде олардың өмірге деген құлшыныстары мен бір-біріне деген сыйластықтарын көріп, көңіліміз толып қайтады. Әкем салып берген пешке анам дәмді тоқаш-бауырсақтарын пісіреді. Үйдегі жаңадан жасалған қолөнер бұйымдарын көріп, таңырқаймыз, қуанамыз. Осындай, міне, біздің әкеміз!
Әсел ӘЛІМОВА.
Ақжар ауданы.