Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында алдымен Мағжан Жұмабаев ауданындағы Возвышенка ауылдық округінің әкімі Қайнолла Сматовтың тәртіптік ісі қаралды. Аудан прокурорының орынбасары Қайсар Əбішевтің айтуынша, ол Возвышенка ауылындағы Мәдениет үйінің шатырын күрделі жөндеуден өткізу үшін ашық конкурс жарияламай, бірден лицензиясы жоқ “Успех СК” жеке кəсіпкерлігімен мемлекеттік сатып алу жөнінде келісімшарт жасасқан. Ақыры құрылыс жұмыстары дұрыс жүргізілмей, мемлекетке 212 мың теңге шығын келген. Ауылдық округ әкімі бұл заңсыз әрекеті үшін əкімшілік жауапкершілікке тартылып, 100 АЕК көлемінде айыппұл төлепті. Прокурор әкімнің заңсыз шешім қабылдауына мердігердің аудан əкімі орынбасарының баласы болуы ықпал еткенін жоққа шығармады. Ауыл әкімінің өзі уақыттың тығыздығынан Мəдениет үйінің жөндеу жұмыстарына бөлінген 847 мың теңгені игеру керек болғанын, бұл жұмысқа лицензиясы бар ешбір мердігердің келісе қоймағанын айтып, ақталды. Əдеп жөніндегі кеңестің мүшелері оның бұл əрекетін мемлекеттік қызметтің беделіне кір келтіру деп бағалап, оған қатаң сөгіс жариялау жөнінде ұсыныс жасады. Айта кеткен жөн, кейін мердігер Мәдениет үйінің шатырын өз қаржысына қайта жөндеген.
Ал Ақжар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Əбдіжапар Қиманов асылтұқымды мал өсіретін шаруа қожалығына бір жылда екі рет 900 мың теңге көлемінде демеуқаржы берген. Ол жұмыс жүктемесінің көптігінен алдына келген құжаттарға дұрыс назар аудармай қол қойғанын айтып, өзінің қателігін мойындады. Кеңес мүшелерінің ұйғарымымен Ә.Қиманов қызметіне толық сай емес деп танылды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы – әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев демеуқаржы төлеуге байланысты олқылықтар барлық аудандарда орын алып отырғанын айтып, әріптестеріне ауыл шаруашылығы басқармасының жұмысына баса назар аудару керектігін ескертті.
Уәлиханов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Азамат Жауаров та міндетіне салғырт қараған. 13 шаруа қожалығына демеуқаржыны заңсыз берген ол да қызметіне толық сай емес деп танылды.
Отырыста Ақжар ауданындағы Май ауылдық округінің әкімі Мұрат Надыровтың да тәртіптік ісі қаралды. Ол өзінің қызметтік лауазымын пайдаланып, әкесіне ауыл шаруашылығы кооперативін құруға көмектесіп, заңсыз 3 миллион 96 мың теңге демеуқаржы берген. Кейін тексеріс жүргізіліп, барлық қаражат мемлекетке қайтарылыпты. Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері Мұрат Мырзаханұлын қызметтен босату туралы тиісті органға ұсыныс жасайтын болды.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.