«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕ АМАНАТЫ

Cұм соғыстың кесапаты зор. Ол талайдың өмірін қиып, тірі қалғандардың көздерінен жас орнына қан ағызып, адамзатты үлкен қасіретке душар етеді. Екінші дүниежүзілік соғыс та миллиондаған адамның тағдырын тәлкекке түсіріп, талайды өмірдің қуанышынан айырды. Жамбыл ауданының Пресновка ауылында тұратын Қаншайым Қамысбаеваның да жүрегіне шер болып қатқан сол жылдар.

– 1942 жылдың 21 қаңтары болатын. Заманның ағымы ғой, қарағым, бұл күнді біз кеңес дәуірінде “Лениннің қайтыс болған күні” деп аза тұтатынбыз, естеріңізде шығар. Иә, дәл осы күні әкемді майданға шығарып салған едік. Жасым 14-ке қараған менің есімді біліп қалған кезім ғой, бұл қоштасудың артында үлкен қасіреттің жатқанын жүрегім сезгендей болды. Әкемнің де көңілі қобалжып тұрса керек, бізбен асыға қоштасып, есікке қарай бұрыла бергені сол еді, аяғының астына еңбектеп келіп қалған Екпінді көріп: “Құлыным-ау, сенімен қоштаспаппын ғой”, – деп оны жерден көтеріп алды да, маңдайынан сүйіп, кеудесіне емірене басты. Бірер уақыт үнсіз тұрды да, баланы жерге отырғызып, өзі есікке беттеді. Оның соңынан анам, анамның соңынан жалаң аяқ біз еңіреп, сыртқа шықтық, – деп отбасы үшін қасіретті болған сол күнді есіне алған кезде Қаншайым Мұсақызының жанары жасқа толады.  

Мұсаның қос ұлы Еркін мен Екпін әкелерінің өліміне сенбей, өмірден озды. Ал Қаншайым әжей: “Тым болмаса оның жамбасы тиген жерді біле алмадық қой. Калининград майданына түскен ардақты әкемізден 1942 жылы екі-үш рет қана хат келді. Өлді деген хабар келсе, Құран бағыштап, аят оқытамыз ғой. Ондай хабар алмағандықтан, әкемізді өлді деуге қимай, талай жыл күттік. Шешемнің өзі: “Құлындарым-ау, әкең кебін кейіп кеткен жоқ, кебенек киіп кеткен. Қайтып оралады”, – деп өзінің де, біздің де көңілімізді жұбатып, тіпті, өзі өлім аузында жатқанда да: “Әкең тірі, келіп қалады”, – деп сандырақтап жатып, көз жұмды, – деп мұңаяды.

Ол әкенің күлімдеген көздерін, өзін емірене иіскеп, бауырына басып, еркелеткен кездерін көз алдына жиі елестетеді. Әкесінің майдан даласынан сағынышпен жазған хаттарын үлкен тебіреніспен оқып, мазмұнын 73 жыл бойы санасында сақтап келеді. Сарғайған хаттар ол үшін әкеден қалған жалғыз дүние, баға жетпес асыл мұра еді. Өкінішке қарай, санаулы хат қолдан-қолға ауысып, түпнұсқасынан айрылып қалды. Алайда, Қаншайым әжей ондағы әрбір сөзді, әрбір шумақты жаттап алған.

– Әкем майдан даласынан жолдаған бірінші хатын жанкешті бір ұрыстан кейін жазыпты. Сол қан майданда аяғынан жарақат алып, бақайынан айрылады. Өмір мен өлімнің арпалысын, талай жолдастарының оққа ұшқанын көрген оның тағы бір үлкен ұрыста оң жақ шекесі мен қолы жараланады. Сол жолғы жарақаты ауыр болса керек, майдан басшылығы әкемді елге қайтаруды ұйғарыпты. Бірақ әкем оған келіспей, соғыс майданында қалуға сұранады. Әкем бірінші хатында жақында елге барып қалармын деген үмітінің бар екенін жазған болатын. Бірақ екінші хатында сол ойын жалғастырып: “Мен фашистерді жеңбей, үйге бармаймын. Жеңіспен елге барсам, арманым жоқ. Көзім көреді, саусағым сау, өз аяғыммен алға жылжи аламын. Ендеше, менің осы жерде керегім бар”, – деп жазды.

Мұсаның қара өлеңге әуестігі болған. Оның әрбір сөзінен, әрбір буынынан, әрбір шумағынан сыз тартқан жертөледе отырып, алыстағы елін, жерін сағынып, бала-шағасын бір көруді арман етіп, қиялдың жетегінде жүрегін пышақсыз тілімдеген жауынгердің кейпін байқау қиын емес. Тылдағы тіршіліктің ауыр тауқыметін көріп жатқан отбасына аяушылық сезімі зор болғанымен, көкірегін кернеген жауына деген кек одан басым түсіп жатты.

Адамзат жаратылған ерлік үшін,

Аянбас ағайындар бірлік үшін.

Дұшпаннан Отан қорғау

ерге парыз

Келесі ұрпақтардың тірлігі үшін.

Әдетте тіршілікте аянбаймыз,

Жақсылықты жөн көріп,

саялаймыз.

Егер де елдің шетін жау торласа,

Кеудеде шыбын жанды аямаймыз, – деп ойын қара өлеңмен білдіреді жауынгер.

Бұл хаттар Мұса Қамысбайұлының отбасына ғана емес, барлық ауылдастарына жолдаған сәлемі, білдірген көңілі болатын. Қаншайым әжей үшін ондай хаттарды ауыл болып оқитын күндер кеше ғана сияқты. Ол соғыс бітіп, ел бейбіт өмір жолындағы күйбең тіршілікке көшсе де, заман зұлматының жарасы жазыла қоймаған соғыстан кейінгі жылдар еді. Ауылдастар майданнан оралмаған жерлестерін еске аларда Қаншайымды шақырып алып, оған Мұсаның өлеңдерін оқытатын. Баланың көмейінен дірілдеп шыққан дауыстан әкеге деген сағынышы, қара өлең жолдарындағы әкенің еліне, жұртына, отбасына деген адалдығы мен аманаты естілген сайын жұрттың көңілі босап, әйелдер бір жылап алатын. Оның: “Аман қалсам, балаларым, сендердің бағың. Ал егер жерім үшін, елім үшін қаза тапсам, жаным садаға. Ел-жұрт сендерге бас-көз болар”, – деп жазған соңғы хатын жерлестері өздеріне айтылған аманаттай қабылдағандары сөзсіз. Ол жолдар ақ қағазға жауынгердің қанымен жазылғандай еді. Сондағы мына шумақтарда:

Қарағым, Еркін, Екпін, Мөлдір

көзім,

Кетпейді көкіректен сәби сөзің.

Тасында Ләуһор-Мақпоз жазған

шығар

Көремін тірі болсам сендерді әлі.

* * *

Уайымдап, сендерді ойлап

жүрмін әлі

Ылықсып жүрегімде

тұрсыңдағы.

Келмейді жатсам ұйқы,

тұрсам күлкі,

Кеудеде мол сағыныш

тұнып қалды.

* * *

Үш күнде бір хат салам

балаларға,

Елдегі жасы үлкен даналарға.

Бәдиша Шаһизатты есіңе ал,

Жыласаң пана болар

жеріңдағы.

Мұса Қамысбайұлының соңғы хатында ол қанды балақ майдандастарымен “Марс” операциясы өткен шайқаста қырылып қалғандардың мәйітін жерлеп, жол ашуға беттегендерін жазады (Кеңес әскеріне үлкен шығын әкелген бұл шайқас Тверь облысы, Оленин ауданының аумағында болған. – Г.Қ.). Одан кейін хат тоқтайды…

Солдаттың майданнан жолдаған өлеңдері қара дүрсін болғанымен, мазмұны терең еді. Ойын бүкпесіз қағазға түсіріп, одан өзіне медет тапқаны аңғарылады. Содан да болар, әлі күнге дейін Қаншайым әжей әкеден қалған өлең жолдарымен көңілін жұбатады. Мұса Қамысбайұлы арабша және төте жазуды білген, көзі ашық, көкірегі ояу адам болған. Соғыс басталғанға дейін ол елде аянбай еңбек етіп, бүгінгі Жамбыл ауданындағы Орталық ауылының қазығын қағуға қатысқан.

– Балалары біліп жүрсін дегені шығар, хатында ол 14-16 буынға дейінгі арғы аталарын тізіп жазыпты. Сондай-ақ, онда әр ауылдасын есіне алып, бір жолға екі-үш адамның атын қосарластырып, сөздерін әсем саптаған. Алдында оның 27 шумақ өлеңі қолға тисе, кейін 42 шумақ жазып жіберді. Төте жазумен жазғанын өзім оқи алдым, ал арабшасын ауылдағы Жансейіт деген кісіге аудартып, өзімізге түсінікті етіп көшіртіп алдық. Сол хаттардағы әрбір сөз көкірегімде әлі күнге дейін сайрап жатыр. Ол жылдары ауыз әдебиетінің әлі де кең қолданылатын кезі емес пе?! Әкемнің өлең шумақтарын әнге қосып, жылап отырып айтатынмын. Менің жылағаныма қарап, жұрттың да көңілі босайды. Бүгінде кәріліктің белгісі ме, түннің бір уағында оянып аламын да, ұйқым шайдай ашылады. Сол кезде әкемнің өлеңдерін қайталап, олардан әлі күнге дейін көңіліме медет табамын, – дейді Қаншайым әжей.

Қаншайым Қамысбаева – өмірдің ащы-тұщысын бір адамдай көрген жан. Ол жалаң аяқ, жалаң бас, ашығып жүрсе де әкесінің жоқтығын сездірмеу үшін анасына тірек, қос бауырына қорған бола білген. Соғыс балаларының көбі өткен өмірлерін естеріне алған кезде, өздерінің көрген ауыр тұрмысына шағымданудан аулақ, олар бүгінгі ұрпақ ата-бабаның жүріп өткен жолынан сабақ алып, бүгінгі бейбіт өмірге разы болса дейді.

– Үйде тіске басар тамақ жоқ. Шешем байғұс егіс алқабына барып, масақтарда қалған дәндерден бір уыс теріп әкелсе – қуаныш. Оны пештің үстіне тастап қуырып, жейміз, ал одан көже жасаса, қарнымыз бір тояды. Аштықтың қиындығын көріп өстік. Соғыс жылдары 12-13 жаста болсақ та, ауылдың бір жігітіндей еңбек еттік. “Жалаң аяқ жар басып, қызыл аяқ қыр кезіп” соғыстың қиындығын көрдік. Ал анамның көрген қиындығы, тіпті, ауыр. Жеңіс күнінің таяған кезі. Қораның бір жағы құлап жатқан. Соның ағаштарын тиеп алып, анам екеуміз бес шақырымдағы орыстың шағын қаласына тарттық. Сондағы қаншама маңдай тер төгіп апарған ағаштарды бір уыс картопке айырбастадық. Содан келе жатқанда, Құндасын деген көл боaлатын. Жердің бауыры жіпси бастаса болды ол көлдің шеттері батпаққа айналады. Арбаны сүйреп келе жатқан сиырға ауырлық етпейін деп мен де жаяу жүріп келемін. Аяғымда пима. Табаны тігілген ескі пиманы жаңадай көріп сатып алғанбыз. Аяқтың астындағы балшық қоймалжың болғандықтан, жерге сұққан аяғымды кейін шығара алмай қалдым. Қозғала алмай тұрмын. Соңында бар күшімді салып, тартып қалғаным сол еді, пимамның табаны балшықтың ішінде қалып қойды. Аяғымды әлі қары еріп бітпеген сыз жерге басып тұрғанымды көрген анам қолын балшықтың ішіне тығып жіберіп, қалып қойған табанды алып шықты да, маңдай орамалын шеше салып, жыртып, табанды пимаға тұстап орамалмен байлап тастады. Сонымен үйге жеттім. Иә, ата-атаның “Баланың табанына кірген шөгір, менің маңдайыма қадалсын” деп, қорғаныш сөзі осындайда аңғарылады екен. Әкем соғыстан оралмаса да, оның жазған хаттары мені өмір бойы жылытып, жігер беріп, рухымды асқақтатып жүрді. Ал анам бізді ержеткізу үшін қаншама қиыншылықты көріп, өмірден өтті, – дейді Қаншайым Мұсақызы.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp