«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕ АРМАНЫ ОРЫНДАЛДЫ

Екінші дүниежүзілік соғыстың қаншама отбасын қайғы-қасіретке тұншықтырған күндерінің жан жарасы әлі күнге дейін жазылған жоқ. Жеңіс туын желбіреткен 75-ші көктемді қарсы алғалы отырсақ та, қаза тапқан ағаларымыз бен аталарымыздың ардақты есімі аузымызға ілінген сайын, көңілге сағыныш пен өкініш сезімі ұялайды. Алғаш рет сағыныш сезімін әкемнің жанарынан көріп, жүрегіме қабылдаған едім. Өкініші – ағаларына бір уыс топырақтың қай жерден бұйырғанын білмей кетті. Осыдан бір апта бұрын сол өкінішті сәл болса да сейілткен хабар жетіп, әулетімізбен қуанып қалдық.

Мен соғысты көрмеген бақытты жанмын. Бірақ қанды майданға аттанып, қайтып оралмаған ағасының жансыз бейнесіне үнсіз телміріп, мұң тартатын әкемнің бет-әлпетінен соғыстың қасіретін ұққанмын. Бала көңілмен әкемнің ағасымен соңғы рет қалай қоштасқанын көз алдыма елестетіп әлек болатын едім. Ағасы Айбас соғысқа атанғанда әкем 7-8 жастағы бала екен. Сондағы оның ағасының мойнынан құшақтап алып, “кетпеші” деп булыға жылаған дауысына жиналған жұрт қосыла жылапты. Әкем тұйық, көп әңгіме айтпайтын адам болатын. Тіршілікте көрген қиындықтарын ұмытқысы келді ме, өткен өмірін де баяндай қоймайтын. Бірақ жан жанарындағы мұң ағаларына деген сағынышы екендігін сездіретін. Жетімдіктің тауқыметін тартқан әкем жақындарынан айырылмағанда балалық шағы басқаша болар еді-ау деп, соғысқа талай рет лағнет айттым, айтып та келемін.

Үлкен ағасы Қабыкен Төлешұлы 1939 жылы әскерге шақырылған кезде әкем бес жаста екен. Екі жыл әскери міндетін атқарып, сол жақтан майданға аттанған. Офицер шеніндегі әскери адам болғанын айғақтайтын суреті бүгінде үлкен естелік болып әкем Қуаттан тараған әр шаңырақтың төрінде ілулі тұр. Айбас ағамыздың бойшаң, қара күш иесі және қолы шебер жан болғанын естігенмін. Үшеуінің ортасындағы жалғыз қыз – Мәкен апамыз өмір бойы әкемді “жалғыз тұяқ” деп қамқор болып өтті. Бізді ерекше жақсы көретін. Бар білетінім осы.

Әкемнің екі ағасы да соғыстан оралмады. Қабыкеннен «қара қағаз» келді деп естігенім бар. Бірақ қайдан, қашан келгенін ешкім ашып айтпады. Әкем қайғыдан, ауыр тіршіліктен жүрегі қақ айрылып жүргенде мән бермеген болар. Ал екінші ағасы “хабарсыз кеткендердің” тізімінде жүргентін. Ертеректе, кеңес өкіметі тұсында ағаларымның хат жазып, іздеу салғаны есімде, бірақ нәтиже шықпады. Тек былтыр Шал ақын аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармаға Айбас Төлешовтың жерленген жері белгілі деген ақпарат жеткен еді. Санкт-Петербург қаласында тұратын немере ініміз Марат хабар жолданған Кировск қаласына барып, төрт мың кеңес жауынгерімен бірге “бауырластар зиратына” жерленген атасының моласын тауып, тағзым етіп қайтты. Кировск қаласының әскери бөлімі Айбас Төлешовтың есімін “Ресейдің мәңгілік есімдері” тізіміне енгізетіндерін жеткізіпті.

Адамға өмір сыйлайтын да, жетер сызығын белгілейтін де Жаратқан иеміздің өзі емес пе? Айбас ағамыз 19 жыл ғана өмір сүрген. Алайда, адамның мәңгілікке бұйырған топырағын, жамбасы тиген жерін білмеген ауыр екен. Әкем соны өмір бойы уайымдап өткен сияқты. Кеш болса да тілегі орындалып, ағамыздың зираты табылғаны әулетімізді қуантып тастады. Оған қолғабыс жасап, хабар жолдаған ресейлік Виктор Московецке ризашылығымыз зор. Атасының зиратын әдейілеп іздеп барған бауырымыз Маратқа рақмет! Енді ағам Амандықтың арманы – ардақтымыз жерленген зиратқа туған жері – Қожым ауылының бір уыс топырағын жеткізу.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp