«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕ БЕЙНЕСІ

Солтүстік Қазақстан облысының “Зерде” кітабындағы мына бір жазуларды көзіме жас алып, толқымай оқи алмаймын. Онда: “Пустыльников Николай Кузьмич. Сергеев ауданының Коноваловка ауылы. Октябрь АӘК-ы 17.07.1941 ж. шақырылған. Қатардағы жауынгер 1074-СП 314-ші атқыштар дивизиясы, атқыштар полкі. 23.04.1942 ж. жарадан далалық 2210 госпитальда қайтыс болды. Ленинград облысының Лодейное поле ауданында, Лодейное қаласында жерленген” деп жазылған. Фашистік басқыншылардың Ленинградқа анталаған жолындағы Лодейное поле қаласын қорғау үшін жанын қиған жауынгерлердің ұмытылмайтынын, өз қорғаушыларына қала тұрғындарының құрметі зор екенін білсек те, осы жолдарды оқу өте ауыр. Олардың құрметіне және мәңгілік есте қалуы үшін стела тұрғызылып, оған “1941 жылдың қыркүйегінде солтүстікқазақстандық 314-ші атқыштар дивизиясы Лодейное поле қаласын қорғауға тұрды және оны фашистік басқыншылардан қорғап қалды”, – деп қашап жазылған. Қабір тұғырында автоматты солдат тұр, ал жанында – Мәңгілік алау.

Қыршын кеткен әкелерімізге көрсетілген бұл құрметке біз ризамыз, “Ешкім де, ештеңе де ұмытылмақ емес” деген осы ғой. Міне, 72 жылдан бері барлық қаза тапқандармен бірге онда біздің де сүйікті әкеміздің сүйегі жатыр. Бірақ әкемізге деген жүрек жарасы осы күнге дейін жазылар емес. Мысалы, мен өзім соғыс кезіндегі балалардың әкелерінің және ағалары мен апаларының ерлік істерін ешқашан ұмытпайтынына сенемін.

Біздің үлкен отбасымыз болды, әке-шешемізден басқа, ата-әжеміз және бес бала бір шаңырақта тұрдық, ініміз Виктор әкеміз майданға аттанғаннан кейін үш айдан соң туған болатын. Әкемізге хат жазғанда оның кішкене саусақтарын айналдыра жүгірткен алақан суретін қоса салып, өзі көрмеген ұлының өсіп келе жатқанын білсін деуші едік.

Әкеміз майданға бірінші шақырылым бойынша, денсаулығының ақаулығы бола тұра, тіпті, аудандағы басшылардың броньмен алып қалғысы келгеніне қарамастан аттанды. Өз шешімінен таймаған оны соғысқа өз еркімен кетті деуге болады. Бұл жайында әкемізді қатты сыйлайтын ауылдастары айтып отыратын. Ол ауылдық кеңестің төрағасы, “Трудовик” ұжымшары партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарды. Оны жақсы білетіндердің айтуынша, әкеміз өте өр мінезді жан екен, өздігінен үнемі білімін көтеруге ұмтылып отыратын еді, дейді. Небәрі үш-ақ сыныптық білімі болған, бірақ көп оқиды екен. Үйімізде кітаптар, журналдар мен газеттер үзілмейтін.

Соғыстың ауыр күндері өтіп жатты. Әкемізден бізге жиі хат келетін еді. Осы кішкене үшбұрышты хаттарды қолдан қолға тигізбей, таласа оқитынымыз есімде. Әкеміздің хаттарындағы: “Жауды соққылап жатырмыз!”, “Жауды жеңеміз!” деген сөздеріне қуанушы едік.

Осылай өткен тоғыз ай отбасымыз үшін сенім мен үмітке толы болды. Анамыз бен әжемізге жазған хаттарында әкеміз: “Балаларды сақтаңыздар, оларға білім беруге тырысыңыздар. Елімізге білімді адамдар керек”, – деп өтініш айтады екен. Кезекті бір ұрыста 1942 жылдың сәуірінде әкеміз ауыр жараланып, көз жұмыпты. Қайтейік, небәрі 34-ақ жыл ғұмыр кешті. Ол сүйікті ұл, жұбай және әке бола білді. Біз оны ғұмыр бойы жадымыздан шығармай, әрдайым еске алып жүреміз.

Балалық кезімнің бір көрінісін осы жасқа келгенше ұмытқан жоқпын. Ол, сірә, 1941 жылдың маусым айы болар деп ойлаймын, өйткені, одан бір жыл бұрын оны есте сақтай қоярлықтай емес, кішкентай болатынмын…

…Ашық, шуақты, жылы күн болатын. Әкем мені даладағы ұжымшар бригадасына өзімен бірге ала барды. Ат жеккен арбамен бардық, әкемді құшақтап отырғаным есімде. Жол ойлы-қырлы, арбаны тоңқылдатып, селкілдетіп келеді. Бірақ әкеме жабысып отырған маған ол түк емес. Әкем шашымнан сипап, бауырына қыса түседі… Одан кейін дәл сондағыдай жолсапар рахатына кенелген емеспін. Сол сияқты, дала қосы басында қуанышпен секіріп-ойнап, гүл терген және сан түрлі құстар әнін тыңдаған сол ұмытылмас шақ әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Балалық бейбіт дәуреннің сол қайталанбас суреті әкеме деген сағыныш сезімін еселей түседі.

Әкемізден кейін анамыздан да айрылдық, бірақ ол бізді, алтауымызды соғыстың сұрапыл жылдарынан аман алып қалып, қымбатты әкеміздің аманат еткеніндей бәрімізге шама-шарқынша білім беріп, адал еңбек етуге үйретті. Соғыс жылдарының барлық балалары сияқты қиынға қайыспайтын төзімділікке үйрендік, оны алдағы үлкен өмір жолында кәдемізге жараттық.

Біздің кішкене Коноваловка ауылында соғыстан оралмаған жерлестерінің құрметіне 1985 жылы ескерткіш орнатылды. Сондағы 85 соғыс құрбандарының тізімінде біздің сүйікті әкеміздің де есімі бар.

Нина ПОЖАРНИЦКАЯ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp