Отбасының басты қазығы, алтын діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол.
2011 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” кодекске қол қойды. Баланың анасынан тууын оның медициналық ұйымда туғанын растайтын құжаттардың негізінде тіркеуші орган белгілейді. Ал бала медициналық ұйымнан тыс жерде туған жағдайда, оның туу тегін, туу фактісін растайтын медициналық құжаттардың негізінде тіркеуші орган анықтайды. Олар болмаған жағдайда баланың туу тегін анықтау фактісі сот тәртібімен жүргізіледі.
Ерлі-зайыптылардан туған баланың туу тегі ата-анасының неке (ерлі-зайыптылықты) қию туралы куәлігімен расталады. Баланың анасымен некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты емес) адамның әке болуы үшін олар тіркеуші органға бірлесіп өтініш берулері қажет.
Анасы қайтыс болған, ол әрекетке кабілетсіз деп танылған және тұрғылықты жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайда немесе ата-ана құқықтарынан айрылса, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келісімімен баланың әкесінің өтініші бойынша мұндай келісім болмаса, сот шешімімен анықталады.
Өзін баланың әкесімін деп мойындаған, бірақ баланың анасымен некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты емес) адам қайтыс болған жағдайда оның әкелігін тану Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес сот тәртібімен анықталуы мүмкін.
Он сегіз жасқа (кәмелетке) толған адамға қатысты әке болуды анықтау – тек оның келісімімен, ал егер ол әрекетке қабілетсіз деп танылса, қорғаншысының немесе қорғаншылық, қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келісімімен жүзеге асырылады.
Мемлекеттік тіркеуші органдар әкелікті баланың туған жері, әкесінің немесе анасының тұрғылықты жері, не әкелікті, әкелікті тануды және әке болу фактісін анықтау туралы сот шешімі шығарылған жер бойынша анықтайды.
Бала өмір сүріп жатқан жер анасы қайтыс болған немесе оны әрекетке қабілетсіз деп таныған кезде, оның тұрған жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайда немесе ата-ана құқықтарынан айырғанда әке болуды анықтауды тіркейтін орын болып табылады.
Өзін баланың әкесі екенін мойындаған адамның өтінішіне оның жеке басын куәландыратын және анасының болмауының мән-жайын растайтын құжаттар: анасының қайтыс болуы туралы куәлік, психикалық аурудың немесе ақыл-есі кемдігінің салдарынан әрекетке қабілетсіз деп тану, оны қайтыс болды деп жариялау, анасын ата-ана құқықтарынан айыру, не оны шектеу туралы сот шешімі, анасының тұрғылықты жерін анықтау мүмкін еместігі туралы анықтама қоса беріледі.
Әкелігі анықталған жағдайда баланың некеде тұратын (ерлі-зайыпты) адамдардан туған сияқты ата-аналары мен олардың туыстарына қатысты сондай кұқықтары мен міндеттері болады.
Қымбат КУШАНОВА,
облыстық әділет департаменті
азаматтық хал актілерін тіркеу және апостильдеуді бақылау және қамтамасыз ету бөлімінің жетекші маманы.