
Күлке ҚҰЛЖАБАЙҚЫЗЫ, 82 жаста,
Петропавл қаласының тұрғыны.
“Болмаса басыма да бармас па екен?
Атымды аузына да алмас па екен?
Қарайып жапан түзде жалғыз тұрған,
Молама көз қырын да салмас па екен?” – деп қара өлеңге мұңын шаққан алдаспан ақын Мағжан Жұмабаевтың “Жан сөзі” өлеңіндегі осы бір шумақ ойыма орала берді, орала берді.
Оралған сайын жанарыма жас үйіріліп, көмейіме өксік тығылады. “Асыл әкем, сүйегің қайда қалды екен?” – деп жылағаннан басқа қолымнан келер қайраным жоқ. Мені сағыныш пен өкініштің, аңсау мен зарығудың шәлісіне оранып, көзінің қарашығын мөлтілге толтырған күйде көрген немерелерім бірінен соң бірі:
– Әже, сізге не болды! Тағы да ауырып қалдыңыз ба? Мүмкін дәрігер шақыртармыз, – деп бәйек болады. Оларға сексен екі жыл бойы жүрегімде шемендей болып қатып қалған әкеге деген сағынышымды қалай айтып жеткізейін! Осы ғұмырымда көрген қиындығымның бәрі әкесіз бойжетіп, үлкен өмірге қадам басудың жанында түкке тұрмайтынын қалай түсіндірейін! Айтқан күннің өзінде перзент үшін әке мен шешенің орны қашанда, қай жасқа келсе де бөлек екенін олар ұғына алар ма?
Жанарымнан аққан “жұмбақ” тамшыларды жылы сөздерімен, аңғал ниеттерімен сүрткісі келетін балапандарыма “жай, өткен күндер есіме түсіп, көңілім босап отыр”, – деп жауап бергеннен басқа лажым жоқ. Жылдар жылжып, күндердің керуені ұзаған сайын менің сағынышым үдеп бара жатқандай. Оның Қызылжар аспанынан көшкен ақ шәлі бұлттай көңіл көкжиегіне сіңіп кетер уақыты болар ма екен? Шегі, шеті жоқ жердің қай бұрышында жатыр екенсің, әке?!
…Халқымыздың тұғырлы тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін тартқан тауқыметі, шеккен қасіреті аз емес. Солардың ішінде асыл арыстарымыздың нақақтан-нақақ “халық жауы” атанып, жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған кезі қазақты қатты күйзелтті емес пе? Осы тұста жұтаған халықтың бір тобы ежелден от жағып, орда тіккен жұртын қимай, еріксіз елден ауды. Өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарындағы алапат жұт пен күштеп ұжымдастыру саясаты кезінде қойдай қырылған халқымыз еңсесін көтермей жатып “қызыл империяның” құрығына ілініп, қуғын-сүргінге ұшырады. Соның салдарынан талай боздақтарымыз шейіт болды. Менің әкем Құлжабай Башшығұлов та – замана запыранын жұтып, кешегі күрделі кезеңнің торына түскен азаматтардың бірі. Ол жайлы ойға батып, сағыныш шылауына шырмалған сайын көз алдымда бала күнімде жадымда жатталып қалған еңселі тұлғасы көлбеңдейді де, кейін қос жанарымдағы таста тұнған тамшының мөлдіріндей жаспен шайылып кетеді.
Өткен өміріме бір сәт бұрылып қарағанда менің ойыма тауқымет пен күрес, жоқшылық пен азап қана келеді. Кейде немерелерім балалық шағым туралы сұрағанда оларға “Біздің сол кездегі бақытымыз бен алаңсыз күлкімізді әлдебіреулер ұрлап кеткен” деп қысқа жауап беремін. Расында да солай. Балдәуренім ел басына күн туған зобалаң уақытқа, алақұйын заманға тап келді. Мағжан Жұмабаев ауданындағы (бұрынғы Булаев) Аралағаш деген ауылда өмірге келдім. Отбасында менен үлкен ағам мен әпкем үшеуміз қатар өстік. Мен екі жасымнан асқан кезде әкеміз ауылдың болысы, қазіргі тілмен айтқанда әкімі болған екен. Әкем ынтымақты еңбектің арқасында ұжымшардың шаруасын оңалтып, мал басын, одан алынатын өнімді көбейтеміз деп қазақ шаруаларына жағдай жасағаны үшін жалған жаланың құрбаны болып кете барады. Сондағысы әр жұмысшыға бірнеше қап бидай артық берген. Тым кішкентай болсам да, оның кескін-келбеті еміс-еміс есімде қалды. Бәлкім, мүлдем көрмегенімде дүниедегі ең ардақты жанға деген перзенттік сағынышымды бұлайша сары ала қаз саңқылына ұластырмас едім. Сол еміс-еміс естелік уақыт өте келе үлкен мұңға айналады деп кім ойлаған?
Шешем – Мәпидің айтуынша, әкем аудан орталығына кеткеннен кейін шамамен екі-үш сағаттан соң үйге НКВД-ның өкілдері келе бастаған екен. Олар үйдің ішін тінтіп, барлық жердің астаң-кестеңін шығарыпты. Анам алғашында үйге баса-көктеп кірген НКВД қызметкерлеріне қарсылық танытқан. Алайда, шарасыз әйелдің шырылдаған жан дауысына қарамастан, олар әкем Құлжабайдың белбеу, сағат, киім-кешек сияқты ол кісіге тиесілі тағы басқа заттарын ала бастайды. Біз үшеуміз бала болсақ та, көз алдымызда болып жатқан оқиғадан үрейленіп, пештің жанында отырыппыз. Ол уақыт шешемнің қырықтан жаңа асқан кезі болатын. НКВД-ның еңгезердей азаматтарынан жолдасының қайда екенін сұрағанда, олардың “түрмеде отыр” деп қатқыл үнмен айтқан жауабы анамның жүрек тұсына қанжар сұғып алғандай әсер етеді. Отбасының тірегінен, жан жарынан көз жазып қалу жеңіл емес қой. Олардың сөздеріне сенбей, жылап-сықтайды, күрсінеді.
НКВД қызметкерлерінің қатыгездіктері анам мен біздің қорқынышымызды еселей түсті. Сол түні көз шырымын алмай шықтық. Әлгі кісілер екінші күні қорадағы малымызды ала бастады. Ол кезде әкемнің Олжабай есімді туған інісі біздің үйде тұратын. Әкемізден көз жазып қалған күннен бастап алаңсыз өміріміздің шырқы бұзылды. Жоқшылық. Қорқыныш. Ішер асқа, киер киімге зар болғанымызды бүгінгі жастар ертегідей көреді.
Бір күні Олжабай ағам үйге жүгіріп кірді де, шешемнің құлағына сыбырлады. Содан кейінгі өмірімізді ешкімнің басына бермесін деп тілеймін. Неге туған үйімізден жырақта жүрміз деген сұрақты анамызға қоюға бата алмадық. Жауабын іштей сезетінбіз. Сөйтсек, ағам “Халық жауларының” әйелдері мен балаларын жаппай әкетіп жатыр” деген қауесетті естіп, анам мен бізді бұл қасіреттен арашалап қалу үшін бір түнде Ресейдің Орловка деген қаласына апарып, бойтасалатқан екен. Жамағайын туысымыздың қорасын паналадық. НКВД-ның жандайшаптары тауып алады деген қорқыныштан күндіз қорада тығылып, ал қас қарайған шақта есік алдына шығушы едік. Бізге күннің көзін көру арман болды. “Біз, ең бастысы, аманбыз. Әкелеріңнің күйі не болып жатыр екен” деп жылап алатын, анам жарықтық.
Осылайша, біраз күнді өткерген біз Орловканың жанындағы Омар деген шағын елді мекенде тұратын әкемнің құдашасына жол тарттық. Анам біздің ертеңімізге алаңдап, үйге кірмеді. Омар ауылының шетінде құдық болған. Құдық жанындағы ағаш жамылғылы орға тығылдық. Әлгі құдаша иін-ағашпен суға келгендей сыңай танытып, бізге жүрек жалғайтын ас-су әкеліп беретін. Анам нәр татпайтын, бәрін біздің аузымызға салатын. Ол кезде бар болғаны бестегі бүлдіршінмін. Әкемді сағынатынмын. Тереңдеу қазылған орда жатып әкем туралы ойланатын едім.
Айтуға ауыз бармайтын қиындықпен, қорлықпен жылдар өтті. Халықтың үрейі сейілді. Араға біраз уақыт салғаннан кейін Петропавлдағы “Ақ түрмеде” “халық жауларына” қатысты сот отырысы болды. Сол мәжіліске шешем мені жетектеп барды. Алғашқы болған ашық сотта әкеміздің түр-тұлғасын көрсетті. “Сот барысында абақтыда отырған азаматтардың көбіне 25 жыл, тіпті, кейбіреулерге өмір бақи түрмеде отыру жазасын кесті. Осындай суық жаңалық хабарланғаннан кейін терезенің арғы жағынан әкелеріңнің: “Мәпи, саған екі дүниеде де тапсырғаным сол – үш баланы қаңғыртпа, өсір, жетілдір”, – деген сөзі аманаттай болды, – деп еске алушы еді анам. Мен әкемнің бұл сөздерін естімедім. Алайда, еңселі азаматтың жүдеп-жадап кеткені мені бірнеше жылға есейтіп жібергендей болды. Сол кезден бастап әкем бір күні қайтып келетіндей елеңдеп жүремін. Оның мәңгілік сапарға аттанғанына сене алар емеспін. Тым болмағанда жатқан жерін, мәңгілікке жайғасқан мекенін тапсам ғой, арманым болмас еді?
Анамның содан кейінгі өмірі менің көз алдымда өтті. Шешем күн демей, түн демей жер жыртатын, егін егетін. Сөйтіп жүріп, ағамды әскерге жіберді. Жан дегендегі жалғыз ұлын аттандырғаннан кейін денсаулығы сыр бере бастады. Ол кезде мен он алты жасар бойжеткен едім. Бүгінгі жайма-шуақ заманның он алты жастағы қыздарының көбі оң мен солын ажырата алмайды ғой. Сөздің шыны керек, көз алдымда бізді қанаттыға қақтырмай мәпелеп өсірген анам өзегінен суырылған гүлдей солып бара жатқанда, оған шынайы қамқор бола алатын, мені де, анамды да алақанына салатын азамат іздеп, жетім жігітке тұрмысқа шықтым, отбасылы болдым. Содан науқас анамды қолыма алдым. Шешем 63 жасында өмірден озды. Ақтық сапарға аттанар күні “Әкелеріңнің аманатына қиянат жасамадым. Ұлымды – ұяға, қызымды – қияға қондырдым”, – деп ризашылығын білдіріп кетіп еді.
Сол кездегі сұрқия саясат менің әкем сияқты талай азаматтың, олардың ұрпақтарының болашағына балта шапқаны шындық. Біз ел арасында емін-еркін жүре алмадық, күле алмадық. Аралағаштағы төрт сыныптық мектепті бітіргеннен кейін ауыл жанындағы Ворошилов (қазіргі атауы – Дүйсеке) деген елді мекендегі мектеп-интернатта оқуымды жалғастырғымақ келді. “Халық жауының” баласы деген жалған айып тағы да алдымнан кесе-көлденең шыға келді.
Алла тағала менің маңдайыма әке алақанының жылуын сезінуді жазбаса да, адал жар нәсіп етті. Ананың мейірімін, әкенің қайырымын көрмеген ол өте ізгі, сабырлы, жанашыр жан болды. Қырық жыл бойы Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Алуа ауылындағы дүкенде қызмет атқарды. Сол дүкеннен зейнетке шықты. Жұбайымның адал қызметі өз уақытында бағаланды. “Үздік сатушы” деген атақ алды. Ол туралы жазылған мақалалар бірнеше мәрте облыстық, республикалық газеттерге жарияланды. Сегіз балаға жарық дүние сыйлап, оларды оқыттық. Барлығына жоғары білімді болуына жәрдемдестік. Келін түсірдік, қыз ұзаттық.
Жер бетіндегі жүрегі мейірімге толы аналардың барлығы өзінің басынан өткерген қиындығын балам көрмесе екен деп ойлайды. Біз де өзіміз жетпеген биікке балапандарымыздың ұмтылғандығын қаладық. Бүгінде, Құдайға шүкір, балаларым өмірдің сан саласында лауазымды қызметтер атқарады. Он жеті немерем, бір шөберем бар. Жолдасым – Асқармен алпыс екі жыл бірге өмір сүрдік. Тағдырдың сыйын да, мұңын да бірге өткердік. Оның өмірден озғанына он шақты жылдың жүзі болды.
Тәуелсіздікке дейін әкемнің жатқан жерінің қайда екенін де білмедім. Құран бағыштап, дұға тілеумен ғана болдық. Кейін еліміз егемен мемлекет атанғаннан кейін ұлт үшін бастарын бәйгеге тіккен арыстардың есімі арамызға қайта оралды ғой. Сол уақытта біз де әкеміздің атымен қауышқандай болдық. Әйтсе де, әкеге деген сағыныш бір сәтке болсын сейілген емес. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімі жазылған тақтаға әкеміздің есімі енді.
Мен жайдан-жай қолыма қалам алып, әкем жайлы тебіреніп, басымыздан өткен қиын кездерді тізбектеп отырған жоқпын. Бізге небір зобалаңды басынан өткерген жаны сірі халқымыздың “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” бейбіт өмірін көру бақыты бұйырды. Әрқайсымыздың жылы үйіміз бар. Еліміз тыныш, жұртымыз аман. Жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан өрендер осы бақыттың қадірін білсе екен. Әкенің қадірін, оған деген сағыныштың салмағының тым ауыр болатынын мен жақсы түсінемін.
Дайындаған Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.