
Өткен жылы облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газетінің редакциясына табан тіреп, Қызылжар өңірі баспасөзінің қасиетті қарашаңырағында қызмет атқарған әкем Имақ Тоқпановтың ізбасарларын көріп бір марқайып қалдым. Маған қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған аяулы тұлғалар қызмет еткен редакция бөтен емес. Өйткені, іргесін Алаштың ардақты перзенттері қалап, керегесін көркемсөз, кестелі оймен керген осынау басылымда әкем Имақ Тоқпанұлының да ізі сайрап жатыр.
Әкем – Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылының тумасы. Ұзақ жылдар бойы ауылнай болды. Елді мекеннің Жаңажол аталуына да көп еңбек сіңіргенін жұртшылық жақсы біледі. Анам Мұхит Бекбергенқызының шыққан жері – сол аудандағы Майбалық ауылы. Олар көздері тірісінде қазақ әдебиетінің алыптары: Сәбит Мұқановпен, Ғабит Мүсіреповпен өте жақын араласты. Біз ол кезде баламыз. Өсе келе әкеміздің жастық шағы, есею жылдары туралы айтқан әңгімелеріне ден қоя бастадық. Әкем 11-12 жасында ауылдағы байлардың қойын бағып, жалшылықта жүріп күн көрген екен. Ауыл молдасынан оқығаны кейін іске асып, жазған дүниелері газет беттерінде жарқ етіп шыға келеді. Ол кісі саналы ғұмырының едәуір бөлігін Уәлиханов ауданында өткізді.
Имақ Тоқпанов туралы жазушы Сәбит Мұқанов өзінің “Өмір мектебі” атты романында біраз жазған. “Имақ Тоқпанов менен төрт жас үлкен, кішкене күнінен жалшылықта жүрген, одан тек менің үгіттеуіммен 1925 жылы ғана құтылып, “Төңкеріс” аталатын болыста ашылған сауатсыздықты жою мектебіне түскен. Одан кейін туған елінде, екінші нөмірлі ауылдық советтің председателі болды… Табиғатында ақылды, сабырлы жаралған ол, таныс адамдардың ұғымында “қыз мінезді” жігіттердің біріне есептелетін. Сауатсыздар мектебіне түскенге дейін саяси дүниеден қараңғы да. Енді сөйлесіп көрсем – ауыл жағдайында дыңдай сауатты адам” (С.Мұқанов. “Өмір мектебі”. 3-кітап “Жазушы”, Алматы, 1970.236-237 б.), – дейді Сәбең бала күнгі досы жайында.
Әкемнің де Сәбең туралы жазып қалдырған естеліктері аз емес. Солардың бірқатарын көзімнің қарашығындай сақтап келемін. “Сәбит екеуміз бір ауылда туып, қатар өсіп, балалық шағымызда балақты түріп алып, тай-құлындай асыр салып, асықты, лекетті бірге ойнап, айлы түндерде ақ сүйекті де бірге іздескен едік… “Әкесі құрдастың – баласы құрдас”. Сәбиттің әкесі Мұқанмен менің әкем Иса да құрдас еді. Екеуі қалжыңдасып қатты ойнайды екен. Сәбит менен үш жас кіші болғанмен, біз де құрдастай ойнап, қалжыңдаса беретінбіз. Сәбит әке-шешеден жастай қалып, жетімдіктің азабын көп шекті. Ол 1914-1915 жылдары “Өмір мектебінің” бірінші кітабында өзі айтқандай, Құтырлаған ауылында Қайрекеңмен бірге бақташы болып жүргенде, мен де сол ауылдағы Малько Севостьянов, Петр Токарев деген байларда жалшылықта болдым. Сәбит екеуміз кешкі уақыттарда жалшылар сырын бірге сырластық”, – деп жазады әкем өзінің естелігінде (“Кәдімгі Сәбит Мұқанов”. Алматы “Жазушы” – 1984-16 б.).
Әкем газет жұмысына ерте араласты. Сәбеңнің ықпалымен Қызылту ауданында (қазіргі Уәлиханов) партиялық бақылау комиссиясы мен жұмысшы-шаруа инспекциясының бастығы бола жүріп те аудандық “Колхоз жолы” газетінің редакторлығы міндетін қосымша атқарды. Өсу, өрлеу үстіндегі жас коммунисті сол кездегі партия органдары әрқашан назарда ұстап, оның өз білімін жетілдіруіне қамқоршы болды. 1935-1937 жылдары әкемнің тағы да Алматыға оқуға жіберілуі соның дәлелі. Оны қай жерде жүрмесін, қандай міндет атқармасын газет жұмысы, өмірдің отымен кіріп, күлімен шығып жататын баспасөз қызметі өзіне тартып, қызықтыра бергені кездейсоқ емес. Сондықтан да болар, 1937 жылдан бастап ол журналистік қызметке біржола ауысты. Бұрынғы Көкшетау облысының бірқатар аудандық газеттерінің редакторы болып қызмет істеді. Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында еңбек жолын “Ленин туы” (қазіргі “Soltústіk Qazaqstan”) газетінде жалғастырды. Қаламы төселіп, газет жұмысының қыры мен сырын жетік білетіндігін танытқан оған кейін Көкшетау облыстық партия комитеті Қызылту ауданына тілші болып баруды ұсынады. Сөйтіп, ол 1949 жылы Көкшетау облыстық “Көкшетау правдасы” газетінің меншікті тілшісі қызметін атқарды.
Жалпы әкем “Ленин туы” газетіне де кездейсоқ келе қалған жоқ. Бұл басылым “Бостандық туы” деген атаумен шығып тұрғанда-ақ оған түрлі жанрдағы мақалалары жарияланған. Мәселен, “Бостандық туында” “И.Беспаев”, “И.Исаев” деген жасырын атпен ауыл өмірінен алынған хабарлар жиі басылып тұратын болған. Олардың шын авторы менің әкем Имақ Тоқпанов екенін біреу білсе, біреу білмейді. Соның куәсі ретінде әкемнің қолында бертінге дейін құнды құжат болды. Онда араб әрпімен былай жазылған: “Тілшілік билет. №252. 1928 жыл, декабрь. Осы билетті көрсетуші жолдас Имақ Тоқпанұлы “Бостандық туы” газетінің Ақмола губерниясы, Қызылжар уезі, Төңкеріс болысы №2 ауылдағы белсенді тілшісі болып белгіленді. Жолдас Имақ Тоқпанұлына міндетті қызметін атқарып жүргенде барлық партия, кеңес мекемелері, қызмет адамдары заңға сыятын жәрдем берулері керек. Міндетті шығарушы – Жақан Сыздықұлы. Жауапты хатшы – Қаскей Өтекеұлы. 22 май, 1928 жыл. №396”. Осы куәлікке қол қойғандардың бірі кейін бүкіл Қазақстанға белгілі болған ақын Жақан Сыздықов екенін, ал жауапты хатшы деп қол қойған кісі атақты Сәкен Сейфуллиннің жан досы, Қазақстан Орталық атқару комитетінің (КазЦИК) хатшысы болған тарихи тұлға, “Тар жол, тайғақ кешу” романында аты аталатын Қаскей Өтекин екенін еске саламыз. Бұл жағынан алғанда әкем Имақ Тоқпанов сондай біртуар адамдармен қызметтес болған бақытты жан.
Кейде анамның жинаған жеке мұрағатын ақтарып отырғанда әкемнің өміріне қатысты құжаттар көзіме оттай басыла кетеді. Әкемнің сол кездің өзінде КСРО журналистер одағының мүшесі болғаны, Қазақ КСР Журналистерінің ІІ-съезіне делегат болып қатысқаны туралы құжаттар да сақтаулы. Имақ Исаұлының көпжылғы тынымсыз еңбегі, белсенді қызметі елеусіз қалмады: Октябрь революциясы, “Еңбек Қызыл ту”, “Құрмет белгісі” ордендерімен, “Фашистік Германияны жеңгені үшін”, “Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін” медальдарымен марапатталды. Сол кездегі биліктің мақтау қағаздары да бір төбе. 1961 жылы өкімет әкеме одақтық дәрежедегі дербес зейнетақы тағайындайды. Қаршадайынан өмірге қызу араласқан әкем марқұм зейнет демалысына шықса да, қарап отыра алмады, едәуір уақыт Қызыл ту аудандық партия комитетінің партиялық комиссиясын басқарды, шығармашылықпен айналысты.
Есімі Көкшетау өңіріне белгілі ақын, жазушы Еркеш Ебікенов өзінің “Қоғам қайраткері, қалам қайраткері” деген суреттемесінде әкемнен: “Журналистикаға қай жылдан бастап араласа бастадыңыз?” – деп сұрайды. Сонда Имақ Тоқпанов ойланып отырып: “38 жыл бұрын”, – деп жауап беріпті. Әрине, баспасөзде осыншама жыл жұмыс істеу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен ерлік. Бұл дегеніңіз, көз майын тауысып сарыла жұмыс істеумен өткен көп күндер мен түндер, қағаз бетіне түскен сансыз іздер мен өмірдің нақ өзінен алынып, қиыннан қиыстыра сыр шерткен әр көлем, әр мазмұндағы ондаған, жүздеген газет материалдары деп білу керек. Өлшеусіз тер төгумен, ізденумен өткен сол жылдардың көбін әкем Қызылту өлкесіне арнады. Уәлиханов ауданының еңбеккерлері өз араларынан шыққан журналист Имақ Тоқпановтың есімін ұмытқан жоқ. Аудан орталығы – Кішкенекөл ауылындағы бір көшеге әкем Имақ Тоқпановтың аты берілуі, міне, соның куәсі емес пе?
Мені биіктерге уақыттың өзі қондыра салған жоқ. Ең алдымен, әкем Имақ Тоқпановтың берген тәрбиесі дер едім. Жұртшылық мені түрлі деңгейдегі мерейлі шараларда төрге шығарып, дәрігер әрі әнші ретінде құрмет тұтып жатса, бұл да әкемнің: “Халқыңа адал қызмет ет” деген тәлімінің орындалғаны. Бүгінде, Құдайға шүкір, өзім де әкемін. Зайыбым Роза Жаппарқызы екеуіміз (ол да дәрігер) екі ұл, екі қыз өсіріп отырмыз. Оларға да әкемнің бізге көрсетіп кеткен өнегелі өмір жолын үлгі ретінде айтып отырудан жалыққан емеспін.
Серік ТОҚПАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор.