«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕ ІСІН ЖАЛҒАҒАН ЕЛЕНА

Қазіргі таңда әйелдер кәсіпкерлігіне ерекше көңіл бөлінуде. Көп жылдан бері бизнеспен айналысып жүрген бескөлдік Елена Левина – облысымыздағы табысты кәсіпкерлердің бірі.

Әке жолын жалғаған Елена үшін өткен жыл аса табысты болды. Құт-береке әкелген Қой жылының ырыздығын молынан көрген “Левин” жиһаз кәсіпорны өңірімізге ғана емес, барлық республикаға кеңінен танымал. Жеке кәсіпкерліктің директоры Елена Левина былтырғы жыл соңында Астана қаласында өткен әйелдердің төртінші Еуразиялық саммитіне қатысып, “Ажар жұлдызы – бизнестің тұрақты дамуына 20 жыл” сыйлығының лауреаты атанды. Біздің облыстан барған іскер әйелдер қауымдастығының делегация мүшелері арасында тек Елена ғана жеңіске жеткенін атап айтқан жөн. Аталмыш саммит барысында “Бизнестегі әйелдер – 20 қазақстандық бренд” көрмесі ұйымдастырылып, республикадағы үздік кәсіпорынның бірі ретінде “Левин” жиһаздары жұртшылық назарына ұсынылды.

Тынымсыз еңбегімен абырой биігіне көтерілген іскер әйелдің ілкімді істері аз емес. Қоғамдық істерге де белсене атсалысатын Елена өзінің табандылығы мен ізденімпаздығының, жаңашылдығының, алғырлығының арқасында талай рет облыстық, республикалық байқауларда жүлде олжалаған. Оның басты мақсаты – отбасылық бизнесті одан әрі дамытып, ұрпағына аманат етіп қалдыру. Қоғамдағы әлсіз жандарға қол ұшын беріп, қолдау көрсетуді де есінен шығарған емес.

1987 жылдан бері нарықта бәсекелестік орта қалыптастырған “Левин” ЖК 70 түрлі тұрмыстық жиһаз жасаумен айналысады. Бүгінде кәсіпорында 82 адам жұмыс істейді. Өткен жылы “Даму” қорының қолдауымен 28 миллион теңге несие алып, облыс орталығындағы “Береке” шағынауданында ғимарат сатып алған. Онда алдағы бірер айдың көлемінде жиһаз дүкенін ашуды жоспарлауда. Ал жергілікті қайың ағашынан жасалатын тұрмыстық заттар экологиялық таза табиғи өнім болып саналады. Сондықтан да Елена Қазақстанның көптеген қалаларында сауда жасаумен қатар, кәсіпорынның экспорттық әлеуетін көтеруге де барынша ынталы. Бүгінде көршілес Ресей елінің Түмен облысына теріскейдің жиһазы жөнелтіле бастады.

Бескөлдік іскер әйел қазір ел экономикасында қиындық туғанымен, бұл дағдарыс өз жұмысына кедергі болмайтынын айтты. Өйткені, сапалы бұйымдарға деген сұраныс арта түсуде. Соған орай алдағы уақытта өндіріс ауқымын кеңейтіп, өнім көлемін ұлғайту жоспарланып отыр. Ал жұмысқа кедергі келтіретін мәселе – өндіріс учаскесінің тарлығы.

– Ағаш өңдеу қиын саланың біріне жатады. Жиһаз жасау үшін көп еңбектену қажет. Бүгінде импорттық тауарлармен бәсекеге түсудеміз. Шетелден тасымалданатын тауарлардан біздің заттардың еш айырмашылығы жоқ. Шикізат қоры жергілікті. Тек бояу мен мата ғана сырттан әкелінеді, – дейді Елена Левина.

Станоктан гөрі қол еңбегін көп қажет ететін жиһаз жасау өндірісінде өзіндік дара жол салған “Левин” кәсіпкерлігінің әлеуеті зор. Жыл сайын жүлде алып жүрген Еленаның еңбекқорлығы мен табандылығы кімге болсын үлгі-өнеге болары анық.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp