
Елім деп еміреніп, жерім деп тебіренген талай боздақтың өмірін қиған сұрапыл соғыстың тамырына балта шабылғанына биыл 74 жыл толды. Өкінішке қарай, сол қанды майданда жауға қарсы шығып, шыбын жанын шүберекке түйген аталарымыз бен ағаларымыздың қатары күн өткен сайын сиреп барады. Бейбіт елде өмір сүріп отырған өскелең ұрпақ ата-бабаларының бұл ерлігін ұмытпай, үлгі тұтуы тиіс.
Жуырда Аққайың ауданында өткен жиынға осы мәселе өзек болды. Аудан әкімі Рүстем Елубаев төрағалық еткен шараға қатысқандар өздерінің ой-пікірлерін білдіріп, соған орай бірқатар жұмыстар қолға алынды. Қазіргі таңда майдан даласында қаза тапқан, сондай-ақ, елге аман-есен оралған азаматтардың тізімі анықталуда. Мұражайлар мен мұрағаттарда сақталған мәліметтер жаңартылуда.
Біз Ұлы Отан соғысында жаумен бетпе-бет келіп, елімізді, жерімізді қорғаған майдангерлермен бір заманда өмір сүріп, бірге жұмыс істеу бақытына ие болғанымызды мақтанышпен айтамыз. Олардың көзі тірісінде атқарған жұмыстарын жас ұрпаққа үлгі ету маңызды. Ардагерлер кезінде біз сияқты жас мамандарға қамқорлық танытып, тәжірибе жинауға көп көмегін көрсетті. Бұл мақала осындай азаматтардың бірі, жиырма жылдан астам уақыт аудандық білім бөлімін басқарған Бектұрған Бекенов жайлы болмақ. Ел басына күн туғанда қолына қару алып, айқасқа түскен майдангер бейбіт өмірде де қашан да қатарластарының алды бола білді. Әр қазақтың өн бойына біткен ерекше қасиеттерді осы кісіден байқайтынбыз. Білім саласына қырық жылдан астам өмірін сарп етіп, дамуына үлес қосқан азамат жайлы бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Биылғы қазан айында өжет азаматтың дүниеге келгеніне бір ғасыр толды.
1943 жылдың шілде айында лейтенант Бектұрған Бекенов жауға қарсы соғыста ерлік танытқаны үшін “Қызыл жұлдыз” орденіне ұсынылды. Отан үшін жанын аямаған ол кейінгі жылдары кеудесіне “Ұлы Отан соғысы” орденін тағынып, “Ерлігі үшін”, “Тың жерлерді игергені үшін” және бірнеше рет мерейтойлық медальдармен марапатталды.
Ұлы Жеңіске қол жеткізіп, туған жеріне қайтып оралғаннан кейін Бектұрған Бекенұлы мұғалім болып қызмет ете бастады. Оған қоса комсомол ұйымының бірінші хатшысы бола жүріп, саяси нұсқаушылардың қысқамерзімді курсын тамамдады.
Жоғарыда атап өткенімдей, Бектұрған Бекенұлы абзал әрі ержүрек азамат, дана ұстаз еді. Онымен өмірінде бір рет қана кездесіп, тілдескен адам ардагердің адамгершілік қасиеттеріне куә болмай қоймайтын. Ол ар-намыс пен ұятты адами қасиеттің биік шыңы деп бағалады. Сондықтан да болар, бірнеше мәрте аудандық кеңеске депутаттыққа сайланып, республика көлемінде өткен мұғалімдер съездерінде делегат болып қатысты. Жоғары азаматтық ұстанымымен жанындағыларға үлгі-өнеге көрсете білді.
Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылының тұрғындары оны бүгінге дейін үлкен ризашылықпен еске алып отырады. Өмірінің соңына дейін ауылдастарына қамқорлық көрсеткен Бектұрған Бекенов сол жердегі қазақ мектебін жабылудан сақтап қалуға үлес қосқандардың қатарында. Сонымен қатар аудан мектептерінде қазақ тілін оқытуды тоқтату қаупі туғанда да қарсы шығып, тайсалмай өз ойын ашық айтты.
Зайыбы Күлтай Ыбырайқызы екеуі қиын жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созып, үнемі ақыл-кеңестерін айтып отыратын. Қарапайымдылығымен кез келген адамды баурап алатын олар талай жанның алғысына бөленді.
Өкінішкен қарай, Бектұрған Бекенұлы қысқа, бірақ мағыналы ғұмырында көп қиындық көрді. Ауылдастары оның жауапкершілігі мол азамат болғанын аузынан тастаған емес. Оның ұрпақтары да ардагердің адами қасиеттері негізінде тәрбиеленді. “Жоғары оқу орнын тарих мамандығы бойынша тамамдағаннан кейін ауданға қайтып келдім. Сол кезде аудандық білім бөлімін басқарған әкем жанымдағы досымды сегізжылдық мектептің директоры етіп тағайындаса, маған: “Сен мұғалімдік қызметтен бастайсың”, – деп, Ленин орта мектебіне тарих пәнінің мұғалімі ретінде жұмысқа жіберген еді”, – деп есіне алды баласы Аманжол Бектұрғанұлы. Комсомол ұйымында белсенділік танытқан ол кейін ұлттық қауіпсіздік қызметінде жұмыс істеп, полковник шеніне дейін көтерілді. Бүгінде майдангердің немересі Бахтияр да ата жолын қуып, жақында капитан атағын алды.
Анатолий ЗАРУЦКИЙ,
Власовка орта
мектебінің директоры.
Аққайың ауданы.