«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕ ӨТІНІШІ ОРЫНДАЛДЫ

Уәлиханов ауданының Ақтүйесай ауылының тұрғыны Ермек Нұрғазин өзінің хатында ұлы Рүстем Нұрғазиннің өткен жылдың басында денсаулығының нашарлауына байланысты аудандық, облыстық, республикалық ауруханаларда қаралғаны жөнінде жазған. Аурудың себеп-салдары анықталғанымен, 3-ші топтағы мүгедек ұлына тиісті ем-шара қолданылмай жүргеніне ренішін білдірген.

Нақты айтар болсақ, Рүстем Нұрғазин өткен жылдың 25 ақпан күні Уәлиханов аудандық ауруханасының невропатолог дәрігерінің бақылауында болып, оған радикулит деген диагноз қойылып, 10 күн емделген. Қабылдаған емнен шипа болмағандықтан, науқасты облыстық ауруханаға жөнелтеді. Ермек Әбдірахманұлы онда науқасқа ешқандай ем көрсетілмегендігін айтады. Дерті жанына батқан Рүстем Көкшетау қаласындағы “Medicus” жекеменшік медициналық орталығына барып көрінген. Орталықтың дәрігері алғашқы қойылған диагноздың бұрыстығына көз жеткізіп, Рүстем Нұрғазиннің сырқатының асқынуына бүйректегі кінәрат себепші екендігін айтып, ота жасатуға кеңес береді. Бұл ота квота арқылы жасалатындығын да айтады. Науқас 2014 жылдың қыркүйек айында Астана қаласындағы №2 аурухананың А.Ф.Сущенко есімді уролог дәрігеріне көрініп, оның да кеңесі отаға әкеліп тіреледі. Содан бері ұлына ешбір емдік шара қолданылмайды. Науқастың сырқаты күннен-күнге асқынып кеткендігін әкесі ұлының жүріс-тұрысынан байқаған. Дерттің салдарынан Рүстем Нұрғазинге жұмыс орнын ауыстыруға тура келген. Екі бала тәрбиелеп отырған ұлының сырқатына шипа іздеген әке редакциямызға хат жолдауының себебін осылай түсіндірді.  

Біз Ермек Нұрғазиннің өтінішін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшыларына жеткізген едік. Көп ұзамай жауап алдық. Өңірдің бас дәрігерінің қолы қойылған құжатта: “Ермек Нұрғазиннің ұлын шұғыл емдеу мәселесі бойынша шаралар қолданылуда. Уәлиханов ауданының орталық ауруханасы сырқат жігітті диспансерлік есепке алды. Дәрігерлердің қарауында болып, тексерілді. Р. Нұрғазинді Алматы қаласындағы Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығында емдеуге жатқызу бойынша келісім жасалды. Бүгінгі күнде науқасты республикалық клиникаға жолдау үшін аудандық емханада жолдама құжаты дайындалып жатыр”, делінген.

 Бет қатталып жатқанда. Ермек Нұрғазин ұлының Алматы қаласына жолдамамен емделуге кеткендігі жөнінде қуанышты хабарын жеткізді. Біз Рүстемнің тез айығып кетуіне тілектеспіз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp