Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті “Petropavlnews” ЖШС-і редакциясымен бірлесіп “Егер мен әкім болсам” тақырыбында балалар шығармаларының байқауын өткізді. Байқауға қатысқан 12-17 жас аралығындағы балалар өз шығармаларын әртүрлі жанрда жазып, шеберлік танытты. Өрендердің бұл тақырыпқа қызығушылық танытқаны соншалық, қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін де жұмыстар легі бір толастаған жоқ. Аққайың және Тайынша аудандарының, “ЛОРД” дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының, сондай-ақ, Петропавл қаласындағы басқа да мектептердің оқушылары ең көп шығарма жолдап, белсенділік танытты.
Қызылжар ауданы Бескөл кентіндегі “Парасат” мектеп-лицейінің, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат оқушылары өз шығармаларын мемлекеттік тілде жазды. Петропавл қаласындағы №13 орта мектеп оқушысы Анастасия Шмидттің өз жұмысын қазақша ұсынғаны сүйсінтті. Қазақ тілінде жазылған шығармалардың арасынан “Парасат” мектеп-лицейінің оқушылары Абзал Сәбит, Дильназ Қайнуллова, сондай-ақ, Тайынша ауданындағы Алабота орта мектебінің оқушысы Ботагөз Алданазар сайт қолданушыларының ең көп дауысына ие болып, департамент басшысының дипломдарымен марапатталды.
Мазмұны жағынан барлық жұмыстар ерекше, олардың арасынан ең үздігін анықтау оңайға соқпады. Сайтта дауыс беру нәтижесінде орысша шығармалар арасынан Аққайың ауданы Смирнов мектеп-гимназиясының оқушысы Никита Лисовик бірінші орынға ие болды. Екінші және үшінші орындарды Тайынша ауданындағы №2 орта мектеп оқушысы Алиса Луковская және осы аудандағы №4 мектеп оқушысы Виктория Карловская бөлісті.
Байқауға қатысқан балалар “Егер мен әкім болсам” тақырыбын ашып, өз ойларын жан-жақты көрсете білді. Олар өз шығармаларында ауыл мен қала өмірін жақсарту және абаттандыруға қатысты тың көзқарас білдіріп, жаңа бағдарламалар ұсынды. Білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, адамдардың, әсіресе, әлеуметтік жағынан әлжуаз топтардың өмір сүру деңгейін арттыруға қатысты мәселе көтерді. Жолдардың сапасына, елді мекен тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. Кейбір оқушылар тұрғын үйге мұқтаж жандар үшін үйлер, сондай-ақ, үйсіз жануарларға арналған баспаналар салуды жоспарлап отыр. Бір қуантарлығы, оқушылар түйінді мәселелерге назар аударып қана қоймай, оларды шешу жолдарын ұсынды, сонымен қатар кейбір әкімдердің қызметін сынға алды.
Осылайша, балалар өз Отанының тағдырына бейжай қарай алмайтындарын көрсетті. Сонымен қатар олар әкім бірінші кезекте өз елінің патриоты болуы, сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жол бермеуі тиіс деп санайды, өйткені, халқымыздың әл-ауқаты мен елдің дамуы осыған тікелей байланысты.
Гүлнәр СӘРСЕМБАЕВА,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің бас маманы.