Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті «Petropavlnews» ЖШС-і редакциясымен бірлесіп «Егер мен әкім болсам» тақырыбында балалар шығармаларының байқауын өткізді. Байқауға қатысқан 12-17 жас аралығындағы балалар өз шығармаларын әр түрлі жанрда жазып, шеберлік танытты. Балалардың бұл тақырыпқа қызығушылық танытқаны соншалық, қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін де жұмыстар легі бір толастаған жоқ. Аққайың және Тайынша аудандарының, «ЛОРД» дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының, сондай-ақ Петропавл қаласы мектептерінің оқушылары сан жағынан ең көп шығарма жолдап, белсенділік танытты.
«Парасат» мектеп-лицейінің, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия-интернат оқушылары өз ойларын мемлекеттік тілде ортаға салды. Петропавл қаласындағы № 13 орта мектеп оқушысы Анастасия Шмидт та өз жұмысын мемлекеттік тілде ұсынғаны сүйсінтті. Қазақ тілінде жазылған шығармалардың арасынан «Парасат» мектеп-лицейінің оқушылары Абзал Сәбит, Дильназ Қайнуллова, сондай-ақ Тайынша ауданындағы Алабота орта мектебінің оқушысы Ботагөз Алданазар сайт қолданушыларының ең көп дауыс санына ие болып, департамент басшысының дипломдарымен марапатталды.
Мазмұны жағынан барлық жұмыстар ерекше, олардың арасынан ең үздігін анықтау оңайға соқпады. Сайтта дауыс беру нәтижесінде ресми тілдегі шығармасы үшін Аққайың ауданы Смирнов мектеп-гимназиясының 14 жасар оқушысы Никита Лисовик бірінші орынға ие болды. Екінші және үшінші орындарды Тайынша ауданындағы №2 орта мектеп оқушысы Алиса Луковская және осы аудандағы №4 мектеп оқушысы Виктория Карловская бөлісті.
Байқауға қатысқан балалар «Егер мен әкім болсам» тақырыбын ашып, өз ойларын жан-жақты көрсете білді. Олар өз шығармаларында ауыл мен қала өмірін жақсарту және абаттандыруға қатысты тың көзқарас білдіріп, жаңа бағдарламалар ұсынды. Білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, адамдардың, әсіресе әлеуметтік жағынан әлжуаз топтардың өмір сүру деңгейін арттыруға қатысты мәселе қозғады. Жолдардың сапасына, елді мекен тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. Кейбір оқушылар тұрғын үйге мұқтаж жандар үшін үйлер, сондай-ақ үйсіз жануарларға арналған баспаналар салуды жоспарлап отыр. Балалар мен жастардың бос уақытын, спорттық, музыкалық білім беруді дамыту мәселесі де жеткіншектердің назарынан тыс қалған жоқ. Бір қуантарлығы, оқушылар түйінді мәселелерге назар аударып қана қоймай, оларды шешу жолдарын ұсынды, сонымен қатар ресми әрі қасаң көзқарасы басым әкімдердің қызметін сынға алды.