«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКІМДЕР МЕКТЕБІ: БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУДЫҢ ТИІМДІ ТЕТІГІ

Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында тұтас мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуі жайы кеңінен қозғалды. Мемлекет басшысы өз сөзінде әкімдерді тікелей сайлаудың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің жаңа санаты пайда болғанына тоқталды. «Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар көп. Сол себепті сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті болып тұр. Үкіметке мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «АMANAT» партиясының тәжірибесін ескерген жөн», – деген Президент халықтан түсетін өтініштерге айрықша назар аудару қажеттігін айтты.

Былтырдың өзінде ғана Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан аса өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органдарға шамамен 4 миллион өтініш жолданған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға көбеймесе, азаяр емес. Мұның өзі мемлекеттік органдардың күнделікті жұмыс барысында жұртшылықтың мәселелеріне әлі де салғырт қарайтынын аңғартады. Осыған орай Қасым-Жомарт Кемелұлы олқылықтарды түзету үшін тиянақты жұмыс жүргізуді, әсіресе халықпен тікелей байланысты жандандыруды тапсырды.

Іле-шала «AMANAT» партиясының базасында Үкіметтің өңірлік саясат жөніндегі жобалық кеңсесінің сараптамалық орталығы ашылып, тұсаукесер рәсімге Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов пен Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қатысты.

Ерлан Қошанов бұл жүйе «Әкімдер мектебі» жобасын жүзеге асырумен, басқару үдерістерін цифрландырумен, аудандық және ауылдық округ әкімдеріне экономикалық даму бағдарламаларын іске асыруға жәрдемдесумен айналысатынын атап өтті.

«Әкімдерді тікелей сайлау Президенттің негізгі реформаларының бірі, елді одан әрі демократияландыру жолындағы үлкен қадам болып табылады. Қоғам сайланған әкімдермен бірге өзекті мәселелерді шешуге белсенді түрде кірісе бастады. Сайлауда жеңіске жеткендердің басым көпшілігі – біздің партияның өкілдері. Енді олардың басты міндеті – сайлаушылардың сенімін ақтау. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, партия Үкіметпен бірлесіп, сайланған әкімдерді жаңа құзыреттерге, заңдармен және бюджетпен жұмыс істеуге үйретеді. Мұның халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін күнделікті жұмысты ілгерілетуге игі әсері мол болмақ», – деді «AMANAT» партиясының төрағасы.

Үкіметтің өңірлік саясат жөніндегі жобалық кеңсесіне вице-премьер Қанат Бозымбаев жетекшілік етеді. Оның төрағалығымен өткен бірінші отырыста өңірлердің әлеуетін ашуға назар аудара отырып, дамудың жаңа тәсілдерін қалыптастыру, стратегиялық құжаттарды әзірлеу, ауылдық әкімдердің дербестігін күшейту жөніндегі шаралар талқылады. Бұдан былай цифрландыру арқылы әкімдер бірыңғай ақпараттық жүйелерге қол жеткізіп, толық статистикалық мәліметке ие болады. «Әкімдер мектебі» жобасына 2400-ден астам аудандық және ауылдық округ әкімдері қатысады деп жобаланған. Оқу курсы ауылдық округтердің экономикалық даму бағдарламаларын әзірлеуге және оларды тәжірибеде қолдану әдістемесін үйретуге бағытталған. Әкімдер өз ауылдарының экономикалық мамандандырылуын анықтауды, сондай-ақ өнім өндіруден бастап, оны сертификаттау мен сатуға дейінгі тікелей тізбекті құруды үйренеді. Мамыр айының соңына дейін елдегі барлық ауылдық округтің экономикалық даму бағдарламалары әзірленіп, олардың іске асыру барысы сүйемелденіп отырады.

Бүгінгі таңда ауыл әкімдерінің кәсіби біліктілігін арттыру, ашық қоғамға лайықты етіп даярлау мәселесіне қатысты сауал кім-кімді болмасын толғандырары анық.

– Бұған дейін Президент тарапынан партияның ауылды көтеруге бағытталған «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобалары қолдау тапқан болатын. Бұл жолы әкімдердің біліктілігін арттыру жөнінде арнайы мектеп ашу, осылайша бұл жүйені орнықтыруға ерекше басымдық беріліп отыр. Бастаманы жұртшылық пен билікті жақындастырудың алтын көпіріне айналған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының заңды жалғасы десе де болады, – деді «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Болат Данияров.

Әр мемлекеттік қызметшінің кәсіби дағдыларды, басқарушылық және әкімшілік құзыреттерді терең меңгеруі – уақыт талабы. Білім өз алдына, тәжірибенің жөні бөлек. Осыған орай Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікпен бірлесіп оңтайлы оқыту, дәріс беру формалары таңдап алынады.

Жалпы соңғы уақыттағы саяси реформалар халықтың мемлекеттік басқаруға белсенді қа тысуын арттыруға бағытталған. Жастар, әйелдер және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін квотаның енгізілуі елеулі жаңалық болды. Әкімдер сайлауына партиялардың қатысуы жандана түсті. Облыс бойынша 235 ауылдық округ әкімін жергілікті тұрғындар таңдаса, 205-і «AMANAТ», 11-і – «Ақжол», 6-ы – «Ауыл, 7-і – Қазақстан халық партиясының өкілдері. 35 жасқа дейінгілер – 11,9, педагогтар – 20,4, дәрігерлер – 2,1, агрономдар – 4,3 пайызын құрайды. Оларды жергілікті тұрғындар жақсы білгенімен, басқару біліктілігін әрқилы бағалауы, кейін бекер дауыс бердім-ау деп өкініп жатуы мүмкін ғой. Осы себепті жан-жақты білім деңгейіне талаптың жоғары болуы заңдылық.

16 наурызда 11 ауылдық округ әкімін сайлау белгіленген. Кімдердің жеңіске жететіні белгісіз. Бірақ бір нәрсе айқын, ол – үміткерлердің жоғары талап үдесінен көріне білуі. Қазіргі таңда білім аздық етеді. Қаржылық және ресурстық мүмкіндіктердің көзін табу, мемлекеттік басқарудың қыр-сырларын терең меңгеру, бюджетті үйлесімді жүргізу, өз таңдауы бойынша шешім қабылдау – мұның бәрі жылдар бойы қалыптасатынын ескерсек, «Әкімдер мектебінің» ауадай қажеттігі айқындала түседі.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Жобалық кеңсенің міндеттері:

– 2293 ауылдың экономикалық дамыту бағдарламасын әзірлеу;

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өтініштерді қалыптастыру;

– 2463 аудандық және ауылдық әкімді оқыту;

– Аудан және ауылдық округ әкімдерін экономикалық дамыту бағдарламасын жүзеге асырған кезде сүйемелдеу;

– Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге кооперативтерді, жеке қосалқы шаруашылықтарды ынталандыру мен дамыту, ауылдық әкімдердің құзіреттерін кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірлеу.

Pıkır

Ержан ҚАСҚҰЛАҚОВ,

Тайынша ауданы, Теңдік ауылдық округінің әкімі:

– «Әкімдер мектебінің» ашылуы – біз үшін үлкен қолдау. Мен өзім 2021 жылы сайланғанмын. Сайлаушылардың 89,8 пайызы менің кандидатурамды қолдап дауыс берді. Мемлекеттік қызметте тәжірибем аздау.

Округте орналасқан Теңдік, Кантемир, Котовский елді мекендерінде тұратын тұрғындардың саны жарты мыңға жуық. Егер үш жыл бойы тұрғындардың саны бес жүзден аспайтын болса, округ жабылып қалуы мүмкін. Мұндай округтер өңірде аз емес. Сондықтан тұрғылықты адамдардың табысы мен тұрмысын жақсартуға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған қадам өте құптарлық.

Сәбит МҰҚАНОВ,

«Аmanat» партиясы Аққайың аудандық филиалының атқарушы хатшысы:

– Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында халық сайлаған әкімдер басқару ісіне кіріскенін, алайда араларында мемлекеттік қызметті енді бастаған, тәжірибесі толыспаған түрлі сала мамандары барын ескере отырып, жобаны жүзеге асыруды партиямызға сеніп тапсырды. Оның жалпыұлттық жобаға айналарына еш шәк келтірмеймін.

Ауданда құрылған 18 бастауыш партия ұйымына 1723 адам мүше. 12 округ әкімдері түгел сайланған, алтауы – әйел. Араларында мұғалімдер, инженерлер бар. Тәжірибелері де әрқилы. 2022 жылдың шілде айынан бастап ауыл әкімдерін сайлау жүйесі енгізілгені белгілі. Осы мерзім аралығында елімізде 2465 ауылдық округтің 90 пайызында тікелей сайлау өткенімен, бірқатар түйткілдердің орын алғаны рас. Оның бір ұшығы тәжірибенің аздығына келіп тіреледі. Соның салдарынан кей жерлерде жеңіске жеткен әкімнің қызметтен бас тартуы сияқты жайттар кездесті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp