«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әкімшілік кедергілер болмайды

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зияткерлік меншік заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді. Олар 12 нормативтік-құқықтық актіні қамтитын болады. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Жібек Күлікованың айтуына қарағанда, заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың негізгі мақсаты – зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, сонымен қатар әкімшілік кедергілер тудыратын нормаларды алып тастау.

– Жеке тұлғалардың мүлік және жер салығын төлеу мерзімі 2018 жылға дейін созылады. Ал заңды тұлғалар биыл салықтан босатылмайды. Бұл өзгерістер 2017 жылдың бірінші қаңтарынан енгізіліп отыр. Бұған сәйкес жер және мүлікке төленетін қаржы салық органдары арқылы салықтың есептік кезеңнің алдында, яғни биылғы жылдың 1 шілдесінен кешіктірілмей төленеді. Сондай-ақ, ол салық үстіміздегі жылдың 1 қазанына дейін бюджетке жөнелтіледі, – дейді департаменттің бас маманы.

Биылдан бастап пәтер иелері өзгерген жағдайда бұрынғыдай салықты қайта есептеу үрдісі жүргізілмейтін болды. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы мүлік салығынан босатылатын адамдардың санатына үшінші топтағы мүгедектер енгізілген.

Елімізде 2017 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялау басталатыны белгілі. Көлеңкелі экономика және сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкіне тиімді бақылау жүйесін құру үшін жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңімен көшіру көзделуде.

– 2017 жылғы 1 қаңтардан басталатын бірінші кезеңде мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, судьялар, Ұлттық банктің қызметкерлері жеке табыстары жайлы декларацияны тапсырады. Ал 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жүргізілетін екінші кезеңде еліміздің барлық тұрғындары декларациялауға көшеді, – дейді Жібек Күлікова.

Ақбөпе ТӘҢІРБЕРГЕН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp