Облыстық кәсіпкерлер палатасының ғимаратында кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиын барысында отандық тауар өндірушілерді қолдау, олардың мәселелерін шешу жолдары талқыланды.
Кеңестің төрайымы Инесса Қуанова кәсіпкерлер құқығын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою, шағын және орта бизнесті дамыту бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. 2018 жылы жергілікті кәсіпкерлер тарапынан 25 арыз түссе, олардың 17-сі өз шешімін тапқан. Қалған жеті өтініш әлі қаралуда. Бір кәсіпкер өз мәселесі бойынша сотқа жүгінгенімен, судья оның арызын қанағаттандырмады.
Отырыс барысында бірнеше кәсіпкердің өтініші қаралды. Мәселен, “Мозговой Центр” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Самат Қаршалов құбырларды Қазақстан-Ресей шекарасынан алып өту барысында бірқатар қиындықтарға кезіккен. Бір ай бойы табанынан тозған кәсіпкердің палата заңгерлерінің көмегіне жүгінуіне тура келген.
Оның айтуынша, “Жаңажол” шекара бақылау бекетінің қызметкерлері құбырларды Ресейге шығаруға рұқсат қағазын рәсімдеуден бас тартқан. Индустриялық даму, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің 2018 жылғы 26 қазандағы №17613 бірлескен бұйрығының бірінші тармағында екі жылдың көлемінде белгілі бір коды бар, қызмет ету ресурсы аяқталған құбырларды ел аумағынан шығаруға тыйым салынған. Кәсіпкер шекарашылардың құжатты теріс түсінгенін айтуда.
– Шекара қызметкерлері құбырларда көрсетілген кодтың бұйрықтағы нұсқамен сәйкес келетінін алға тартып, жүкті шекарадан өткізуден бас тартты. Қолдануға жарамды құбырларды қайта қалпына келтіру үшін Ресей зауыттарының біріне жөнелтіп отырғанымды ескермеді. Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында мен құбырларды арнайы сараптамадан өткіздім. Өкінішке қарай, бақылау бекетінің қызметкерлері құжатты ескерусіз қалдырып, жүк тиелген көліктерімді кері қайтарды, – дейді мән-жайды түсіндірген Самат Қаршалов.
Болат құбырлардың жарамдылығы жөніндегі сараптамалық қорытындыны “Солтүстік Қазақстан облысының сауда-өнеркәсіп палатасы” қоғамдық бірлестігінің сарапшысы Павел Анненков дайындаған. Жиынға шақыртылған маманның айтуынша, жоғарыда аталған бұйрық басқа да кәсіпкерлерге кесірін тигізіп отыр. “Бүгінгі күні бұл мәселе өзекті. Өйткені, бұл бұйрықтың болат құбырларға ғана емес, сонымен қатар теміржол саласында қолданылатын темір және түсті металдарға да қатысы бар. Теміржолшылар істен шыққан бөлшектерін Ресей зауыттарына жөндеуге жеткізе алмай, біраз қиындық көруде”, – дейді маман.
Жиынға қатысқан Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің өкілдері жоғарыдан түскен бұйрықтың талаптарын орындауға міндетті екендерін алға тартуда. Дегенмен, шекара күзетінде жүргендерге жүкті қарап, оны өткізуге рұқсат беру құзыреті берілмеген.
– Мемлекеттік органдардың ешқайсысы бұл мәселені шешуге ниет танытып отырған жоқ. Сондықтан бұйрықты шығарған министрліктерге жүгінетін боламыз. Нақты қандай тауарларды шекарадан шығаруға шектеу қойылғаны нақтылануы тиіс, – деді Инесса Қуанова.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.