«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Әкім болып сайланған күннен мектептерді сақтауға басымдық бердім”

Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформа аясында ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылғаны белгілі. Қазір көптеген елді мекенде баламалы негізде сайланған әкімдер жауапты қызметті атқарып жүр. Солардың бірі – Мағжан Жұмабаев ауданындағы Аққайың ауылдық округінің әкімі Мақсат Есжанов. Қазағынан қонағы басым округте елдің сеніміне ие болған азаматпен ауылдағы ағайынның жай-күйі жайлы тілдесуді жөн көрдік.

– Мақсат Қайратұлы, сіз те­ріс­кей жаққа мемлекеттік көші-қон бағдарламасымен емес, өз жөніңізбен келген екенсіз. Қыз­мет үшін келдіңіз бе?

– Мен 2018 жылы Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Жі­гер­ген елді мекенінен келдім. Әс­кери саланың маманымын. Ақ­тау қаласындағы теңіз әскерінде келісімшарт бойынша қызмет ат­қардым. Келісімшарттың уақыты аяқталған кезде осы жаққа келіп, орнықсам деген ниет болды. “Өзің қандай болсаң, халқың сон­дай” деген тәмсіл бар ғой. Сол­түстікке көшіп келгендердің кей­бі­рі мақтап, екіншілері даттап жа­тады. Оның барлығы адамның өзіне байланысты. Бұл жаққа кел­геннен кейін түрлі этнос өкілде­рімен біте қайнасып өмір сүруге даяр болу керек.

Менің бірінші мақсатым сіңі­сіп кету болды. Бұл жер де – қа­зақ­тікі. Жергілікті ұлттың санын кө­бейтейік, қызмет істейік деген ниет адастырған жоқ. Алғашын­да өңірдің табиғатына ерекше там­­сандым. Бірақ ауылдарды ара­­лаған кезде құлдырап бара жатқанын түсіндім. Орыстардың дені Ресейге көшіп жатыр екен. Көп ауылдарда үй, мектеп қаңы­рап бос тұр. Тұрғындармен тіл­дес­кенде бұл ауылдар кезінде ір­гелі елді мекен болғанын, мек­теп­терінде жүздеген бала оқып, қаншама мұғалім жұмыс істеге­нін білдім. Көргенім мен естігенім – екі басқа әлем. Тұрғындары ке­тіп жатқан бұл жерге орныға алам ба деп алаңдағаным рас. Бі­рақ жүре келе үйреніп кеттім.

– Аққайың ауылдық округі­нің әкімі болардан бұрын мек­тепте алғашқы әскери даяр­лық пәнінен сабақ беріпсіз. Әкім болуға өзіңіз ұмтылды­ңыз ба, әлде жоғарыдан ұсы­ныс түсті ме?

– 2022 жылы сәуір айында тұрғындар: “Сіз ылғи ауылдағы­ларға көмектесіп жүресіз. Соны­ңызбен бізге сыйлысыз. Сайлау­ға қатысу үшін құжаттарыңызды тапсырып көрсеңіз қалай бола­ды?” – деген өтініштерін айтты. Аудандық әкімдікке барып, құжат­тарымды өткізіп едім, үміт­кер­лер­дің қатарына қосты. Осы­лай­ша Аққайың ауылдық округі­не ха­лықтың қолдауымен әкім болып сайландым. Содан бері үш жа­рым жылдай уақыт өтті. Өзім осы ауылда тұрғандықтан жергілікті халықпен етене арала­сып, түрлі мәселелерді бірлесе ше­шіп жатырмыз.

– Солтүстікке сіңісіп кетсем деген мақсатыңыз орындал­ды ғой.

– Қызылжар өңіріне бір сөм­ке­мен ғана келдім. Ескі үйді са­тып алып, ішін жөндедім. Ешкім­ге алақан жайып, көмек сұраған жоқпын. Әйелім екеуіміз мектеп­ке жұмысқа орналастық, айлық­ты үнемдеп ұстап, аздап мал са­тып алдық. Бұл жақ мал өсіруге ыңғайлы. Келген кезден бастап кімде қандай мәселе болса, соны шешуге көмектесіп жүрдім. Жер­гі­лікті тұрғындармен етене араласқаным сондай, мені осы жерде туып-өскендей қабылдай­тын болды. Себебі менен еш жа­мандық көрген емес. Біздің көр­ші­леріміз – орыс ұлтының өкілі. Алғашқы кезде олар шошқа бағатын. Бізбен жақын танысқаннан кейін шошқаға деген көзқа­расымызды білді. Қазір талпақ танау ұстауды қойды. Ішімдікке әуестер көп еді. Олардың бірі­мен сөйлесіп: “Егер ішуді қойсаң, сені серіктестіктердің біріне жұмысқа кіргізейін”, – дедім. Бір аптадан кейін: “Мені жұмысқа кір­гізе аласың ба? Мен арақ ішуімді қойдым”, – деп келіп тұр. Мен ол кез­де әкім емеспін, мектептегі мұ­ғаліммін ғой. Серіктестік басшы­ла­рымен сөйлесіп, әлгі кісіні жұмысқа орналастырдық. Қазір жағ­дайы жақсы, мал өсіріп, көлік алып, отбасына береке кірді. Олар­дың бүгінгі өмірін көріп, ең­бегімнің еш кетпегеніне қуана­мын. Сол жігіттің келіншегінің 8 сыныптық қана білімі бар екен. Аттестат керек. Осында оқуын жал­ғастыруға ауылдастарынан ұялатын шығар деген оймен осы маңайдағы бір мектеппен келіс­тім. Қашықтан оқып, аттестат алды. “Сөз – жәрдем, қол – жәр­дем” деген осы.

– Ойдан ой туады демекші, “ниет” деген сөзіңізге қатыс­ты тағы бір сұрақ қойғым келіп тұр. Көші-қон бағдарламасы­мен оң­түстіктен қоныс аудар­ғандардың арасында кері ке­тіп жатқандар бар. Сонда олар қандай ниетпен көшіп келген­дер?

– Соңғы кезде байқағаным, бағдарлама аясында келгендер­дің арасында қанша ақша бере­ді, не аламын деп сұрақ қоятын­дар көп. Олар – ана жақтан қа­рызға батып келгендер. Сосын ақ­шаны алып, қарыздарын, не­сиелерін жауып, кері көшіп кете­ді. Оларға қайтарымсыз грант беріледі. Былтыр оның сомасы  1 млн. 300 мың болса, биыл  1 млн. 500 мың теңге көлемінде. “Кәсіппен айналыссын, аяқтары­нан нық тұрсын” деген қамқор­лық­пен жан-жақты қолдау көрсе­ті­ліп жатыр. Сонымен қатар са­тып алған үйінің жарты бағасын мемлекет төлеп береді. Егер оны төлемеймін десе, арнайы са­лынған үйлерде қоныстанулары­на болады. Ол жерде үйдің ақы­сын ай сайын төлейтіндей келі­сім­шарт жасалады. Бүгінгі таңда Аққайың ауылдық округінде атал­ған бағдарлама бойынша қо­ныс аударған 28 отбасы тұрады. Олар – осы жерге сіңісіп, өмір сүремін дегендер. Екі қолға бір күрек те табылды, қайтарымсыз грант алып, мал өсіріп жатыр.

– Естуімше, сіздерде үй қым­бат екен. Неге?

– Жарты бағасын мемлекет төлеп беретін бағдарлама іске қосылғаннан кейін бірден үйдің құны қымбаттап кетті. Сол кезде көтерілген баға әлі сақталып тұр. Мәселен, кезінде 600 мың теңге­ге бағаланған үйлер қазір 1,5-2 млн. теңге тұрады. Осылайша үй­лерд­ің бағасы екі еселенді.

– Аққайың ауылдық округі шекараға жақын орналасқан. Ел­дің қалқаны болып отырған ха­лықтың тыныс-тіршілігі қа­лай?

– Ауылдық округтің құрамына Октябрьское, Гаврино, Зарос­лое, Мичурино, Суворовка, Хле­бороб ауылдары кіреді. Орталы­ғы – Октябрьское ауылы. Ок­тябрьскоеда – 131 үй, Хлебороб­та – 53 үй, Мичуринода – 3 үй, Су­воровкада – 15, Зарослоеда – 12, Гавринода 55 үй бар. Суво­ровка мен Гаврино – шекарада орналасқан ауылдар. Гаврилов­када мектеп бар, бірақ оқитын бала жоқ. Мектептің ғимаратын сақтап қалу үшін бірінші қаба­ты­на Мәдениет үйі, медициналық пункт, кітапхана ашып қойдым. Егер ол жерге жас отбасылар кө­шіп барса, мектеп ашуға болады.

Осы округке әкім болып сай­ланған күннен бастап мектептер­ді сақтауға басымдық бердім. Се­бебі мектеп жабылса, ауыл тез тарап кетеді. Біздің ауылға об­лыс әкімі келген кезде “Мектеп­ке күрделі жөндеу жұмысын жа­сау керек, соған қаржы бөлсеңіздер”, – деп өтініш жасадым. Бі­рінші жылы жылу жүйесін, тер­е­зесін ауыстырды, қабырғасы жөн­делді. Биыл шатырын ауыс­тырды. Мектеп тиісті жөндеу жұ­мыс­та­рынан кейін жылы, жайлы, жа­рық білім ордасына айналды. Жайлы ортада жұмыс істеп жүр­ген мұғалімдердің де көңілі көте­ріңкі. Биыл ауылды сапалы ауыз­сумен қамтамасыз ету жұ­мы­­сын аяқтасақ, ендігі жылы кө­ше­лерді жөндеуге кіріспекшіміз.

Округте ірі үш шаруашылық жұмыс істеп жатыр. Олар – “Звездочка АГРО”, “Октябрский Агро”, “Раяно” серіктестіктері. Бұл серіктестіктер тұрғындары көп ауылдарда орналасқан. Яғни ауылдықтарды жұмыспен қамту­ға да ыңғайлы. Біз жыл сайын се­ріктестіктерге жұмысқа осынша адамды алуыңыз керек деген жоспар береміз. Жұмыс істеймін дегендер сол жерден нәпақасын тауып жатыр. Бірақ шындығын ай­тайын, тұрғындардың дені – жал­қау. Жұмыс істеуге ниет жоқ. Бір ай істейді де, айлығын алған­нан кейін жұмысқа шықпай қояды.

Бұл жерде еңбек етемін де­ген кісіге жұмыс көп. Көшіп кел­ген жылы мектепте мұғалім, сан­техник, электрик, әкімнің жүргізу­шісі болдым, кешке серіктестік­тің қоймасын күзеттім. Бір емес, бірнеше жұмыс істедім. Ауыл тұр­ғындарына осылай да жұмыс іс­теуге болатынын көрсеткім кел­ді. “Мынау бір емес, бірнеше жұ­мысқа үлгеріп жүр ғой. Біз неге со­лай істемейміз?” – деген қызығу­шылық оянатынынан үміттендім. Қазіргі таңда мектеп жасындағы балаларымды демалыс күндері ауылдың жанындағы қырманға бидай сыпыруға, егістік басына тамақ тасуға жіберемін. Баланы жастайынан еңбекке баулу ке­рек. Үйдің шаруасынан бөлек ба­лалар осындай жұмыстарды да атқарады. Солармен жасты не болмаса одан үлкен өзге бала­лар селтең-селтең етіп көшеде жүр. Солардың ата-аналары ке­ліп: “Біздің балаға да солай жұ­мыс істеуіне бола ма?” – деп қы­зығу­шылық танытады. Балалар­дың же­ңіл-желпі жұмысты атқа­руға ниеті болса, оған ешкім қар­сы болмайды. Ауылдық округ әкім­­дігі мен серіктестік арасында ты­ғыз байланыс орнатылған. Серіктестіктерде жұмыс орында­ры ашылса, оның тізімін бізге ха­б­арлап отырады. Сонымен қатар “Күміс жас” сынды мемлекеттік бағдарламалар бар. Зейнет жасы алдындағыларды сол бағ­дарлама бойынша орналасты­ра­мыз не болмаса қоғамдық жұ­мыстарға тартамыз.

– Ауылдық округ тұрғын­дары қартайып бара жатқан жоқ па? Жастардың қалаға ке­туін тоқтату мүмкін бе?

– Жасыратыны жоқ, ауылдық округте жастар аз. Жастар көбейсе, ауылды дамытуға бола­ды. Қазір жастар мектепті тамам­дағаннан кейін қалаға кетеді. Оқу­ға түскенінің жөні бөлек, ал еш білімі жоқтар сол жақта әупірім­деп күнелтіп жатыр. Себебі ауылда оларды қызықтыратын­дай жағдай жоқ. Ал ауылда қал­ғандары еш жаққа кеткісі келмей­ді. Осы жерде туып-өстік деген қимастық сезімдерін айтып жа­тады.

Бүгінгі жағдайда іргесі сөгіл­ген ауылдардың тіршілігіне қан жүгірту үшін жоспарлы жұмыс қа­жет. Сондықтан атқаратын жұ­мыс­тарымды алдын ала жоспар­лап отырамын. Ендігі жылы жү­зеге асырылуы тиіс жұмыстар­дың құжатын биыл дайындап, ау­дандық әкімдікке өткізіп қоямын. Құжаттар дайын тұрса, тиісті қа­ражат та оңай бөлінеді. Бола­шақ­та округте демалыс орнын сал­сақ деген жоспарымыз бар. Кішігірім саябақ алаңы, үлкен Мә­дениет үйі қажет. Ауылдың бір­неше жеріне балалар алаңын са­луды көздеп отырмыз. Ауылдың қариялары да бой сергітетін орын қажет. Осы елге жанашыр, қолында қаражаты бар кәсіпкер­лерді шақырып, ақылдассақ де­ген ойымыз бар. Инвесторлар ет, сүт өндіретін цехтар ашса, жұ­мыс орындары да пайда болар еді.

– Шекарадағы ауылдарды қалай дамытуға болады?

– Менің ойымша, алдымен жол салып, сапалы ауызсумен қам­тып, телефон байланысын рет­ке келтіру керек. Логистика да­мыған жерде кәсіп ашуға кә­сіпкерлер де қызығушылық та­ны­тады. Өмір сүруге қолайлы жағ­дай жасасақ қана шекаралық аймақты сақтап қаламыз. Мәсе­лен, көршілес жатқан Конюхово ауылында шекара бекеттері са­лынып жатыр. Оның құрылысы аяқталса, бұл жаққа қаншама жас шекарашылар келеді. Жас ма­мандар отбасымен, бала-шағасымен келсе, балабақша, мек­теп қажет болады. Бұл да жергілікті жерде әлеуметтік ны­сандарды салуға түрткі. Шекара­да кәсібін ашамын дегендерге жеңілдіктер жасалу қажет. Шека­ра­лық аймақтарда отырған елді мекендер өзін-өзі жұмыспен қам­тыған ауылға айналуы керек. Яғни шикізатты қалаға апарып са­татын емес, осы жерде өнім қы­лып шығаратын өндірістік орын­ға айналуы тиіс.

– Қазір ауылдық округ аумағында неше мектеп бар?

– Қазіргі таңда округте Ок­тябрь орта мектебі және Хле­бороб бастауыш мектебі жұмыс істеп тұр. Октябрь орта мектебі орыс тілді білім ордасы болатын. Кейін ауылда қазақ отбасылар көбейді. Осының нәтижесінде қа­зақ сыныбының ашылуына қол жеткіздік. Қазір мектепте он бі­рінші сыныпқа дейін қазақ сы­ныптары бар. Қазақ-орысы ара­лас 100-ден астам бала білім алып жатыр. Мектеп түлектері ҰБТ-дан жақсы ұпай жинайды.

– Жоғарыда етті, сүтті ба­ғыттағы цехтар ашылса деген ойыңызды айттыңыз. Тауар­лы-сүт фермасы не болмаса түрлі мемлекеттік бағдарлама­лар бойынша кәсібін ашып жат­қандар жоқ па?

– Әзірге ондай ниет білдір­ген­дер де, тауарлы-сүт фермасы да жоқ. Суворовка ауылының бір тұр­ғыны сүтті жинап, аудан орта­лығындағы май зауытына апа­рып өткізуді кәсіп қылып отыр.

– Тұрғындар арасында “Осындай мемлекеттік бағ­дарламалар бар. Сол бойын­ша кәсіп ашуға болады” де­гендей ақпараттық-түсіндіру жұ­мыстарын жүргізесіздер ме?

– Бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Қандай мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын хабарлап, оның шарттарын, жеңілдіктерін, пайызын түсіндіріп отырамыз.

– Ауылдарда дүкен бар ма?

– Округ орталығында үш дү­кен, қалғандарында бір-бірден бар. Ондағы азық-түліктердің баға­сын бақылауда ұстаймыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp