Өңірде барлық деңгейдегі әкімдердің форумы өтіп, онда бас қосқан ауыл, аудан, қала басшылары он айда атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, түйінді мәселелерді талқыға салды. Форумның практикалық бөлімінде әкімдер креатив орталығында өткен шеберлік сабағына қатысып, ЖИ бойынша білімдерін жетілдіріп, сарапшылардың жаңа технологияны жұмыс барысында пайдалану туралы дәрісін тыңдады.
Форумның пленарлық отырысын ашқан өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов ауылдарды дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпкерлікті қолдау әкімдер үшін жұмыстың негізгі бағыты екенін атап өтті.
«Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, инновацияларды кеңінен енгізу, инвестиция тарту, кадрлық әлеуетті нығайту жұмыстары үздіксіз жалғаса беруі керек. Өңірдің әлеуеті тек экономикалық көрсеткіштермен емес, цифрландыру деңгейімен де өлшенеді. Мемлекет басшысы елімізді цифрлы мемлекетке айналдыру туралы нақты тапсырма жүктеді. Сондықтан біз жаңа өзгерістерге жылдам бейімделіп, ұйымдасқан түрде жұмыс істеуіміз керек.
Мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шараларының тиімділігі әкімдерге тікелей байланысты. Әкімдерді сайлау жаңа саяси мәдениет қалыптастырды. Ауылдық округ әкімдерінің корпусы 60, аудан, қала әкімдерінің корпусы 28 пайызға жаңарды», – деді өңір басшысы.
Бүгінде ауыл әкімдеріне айтарлықтай басқару құзіреті мен экономикалық еркіндік берілген. Төртінші деңгейлі бюджетті басқаруға енгізілген өзгерістердің арқасында көптеген ауылдық округтердің кірісі артқан.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев өңірдің даму көрсеткіштері туралы баяндады. Оның сөзінше, біздің облыс экономикалық өсім көрсеткіштері бойынша бесінші орынға тұрақтаған. Оның ішінде ауыл шаруашылығындағы өсім 10,1, инвестиция тартуда 10,4, құрылыста 27,3, өңдеу өнеркәсібінде 19,3, саудада 12 пайызға жеткен. Тоғыз айдағы төртінші деңгейлі бюджеттің кірісі – 18 млрд. теңге.
«Ауылдағы білім ұйымдарына 117 млрд. теңге бөлінген. Биыл 25 білім мекемесін жөндеуге қаржы бөлінді. Ал денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық базасын нығайтуға бөлінетін қаржы бір жарым есеге артып, 8 млрд. теңгеге жеткен. Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында жаңа емхананың құрылысы басталды. Халықты тұрғын үймен қамту да – маңызды мәселе. Жыл соңына дейін әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін 258 пәтер сатып алынады. «Қызылжар жастары» бағдарламасына 134 өтініш қабылданып, несие беру басталды», – деді Қанат Дүзелбаев.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 60 елді мекенде 83 жобаны жүзеге асыруға 12 млрд. теңге бөлінген. Десе де әлі күнге дейін көптеген ауылдық округ орталықтарында саябақтар, дәріханалар, көлік жөндеу мен тұрмыстық қызмет көрсету орындары жоқ. Жиында мұндай ауылдардың әкімдері жұмысты жеделдетіп, ауылдағы инфрақұрылым деңгейін өңірлік стандарт деңгейіне жеткізу керектігі туралы айтылды.
Аудандағы ағайынды алаңдатып отырған басты мәселе – жолдың жағдайы екені мәлім. Жиында аталған салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов баяндады.
«Биыл өңірде мың шақырымнан астам жолды жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оның 467 шақырымы – республикалық, 540 шақырымы – жергілікті маңызы бар жолдар. Оған қоса 51 елді мекенде 100 шақырым жолды жөндеуге қаржы қарастырылған. 50 мердігер 129 жобаны жүзеге асыруға жауапкершілік алды. Тұрғындардан түсетін шағымдардың төрттен бірі жолдардың сапасына байланысты. Мұның басты себебі – жолдарды күтіп ұстауда бақылаудың жоқтығы. Бұған тек арнайы мекемелер ғана емес, ауыл әкімдері де жауапты», – дейді Нұрлан Маратұлы.
Әкімдер форумына облыстық мәслихат депутаттары, департаменттер мен басқармалардың басшылары, қала, аудан, ауыл әкімдері мен аппарат басшылары, 200-ге жуық уческелік полиция инспекторы, бірқатар партияның өңірлік филиалдарының өкілдері, түрлі ұйымдар мен ірі компаниялардың мамандары қатысты. Жиында ауыл әкімдері өз ұсыныстарын айтып, толғандырып жүрген сұрақтарға жауап алды.
«Мен ауылдық округ бюджетінің кіріс бөлігін арттыру қажет деп санаймын. Бұл туындаған мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді. Бүгінде салықтың 8 түрі бойынша кіріс ауыл әкімдерінің басқаруына берілген. Мысалы, біздің округтің бюджеті – 70 млн. теңгенің маңайында. Бұл қаражат түгел дерлік әкімдіктің шығындарын өтеуге жұмсалады. Елді мекендерді қарқынды дамыту үшін кіріс көлемін арттыру керек. Қазір ауылда сумен жабдықтау, жол жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін сметалық құжат керек. Бұл да уақыт пен қаржыны талап етеді. Біз аталған мәселені жедел шешу үшін арнайы техника мен инертті материал сатып алып, жолдарды өзіміз ретке келтіруге көштік. Бұл жағынан да әкімдерге еркіндік берілуі керек», – дейді Аққайың ауданындағы Власовка ауылдық округінің әкімі Максим Серіков.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».