«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКІМ БОЛ – ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛ

Өңірде барлық деңгейдегі әкімдердің форумы өтіп, онда бас қосқан ауыл, аудан, қала басшы­лары он айда атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, түйінді мәселелерді тал­қыға салды. Форумның практикалық бөлімінде әкімдер креатив орталығында өткен шеберлік сабағына қатысып, ЖИ бойынша білімдерін жетілдіріп, сарапшылардың жаңа технологияны жұмыс барысында пайдалану туралы дәрісін тыңдады.

Форумның пленарлық отыры­сын ашқан өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов ауылдарды дамы­тып, жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпкерлікті қолдау әкім­дер үшін жұмыстың негізгі бағыты екенін атап өтті.

«Агроөнеркәсіптік кешенді да­мыту, инновацияларды кеңінен енгі­зу, инвестиция тарту, кадрлық әлеуетті нығайту жұмыстары үздіксіз жалғаса беруі керек. Өңірдің әлеуеті тек экономикалық көрсеткіштермен емес, цифрландыру деңгейімен де өлшенеді. Мемлекет басшысы елімізді цифрлы мемлекетке айналдыру туралы нақты тапсырма жүктеді. Сондықтан біз жаңа өзгерістерге жылдам бейімделіп, ұйымдасқан түр­де жұмыс істеуіміз керек.

Мемлекеттік бағдарламалар мен қол­дау шараларының тиімділігі әкімдерге ті­келей байланысты. Әкімдерді сайлау жаңа саяси мәдениет қалыптастырды. Ауылдық округ әкімдерінің корпусы 60, аудан, қала әкімдерінің корпусы 28 пайызға жаңар­ды», – деді өңір басшысы.

Бүгінде ауыл әкімдеріне айтарлықтай басқару құзіреті мен экономикалық еркіндік берілген. Төртінші деңгейлі бюд­жетті басқаруға енгізілген өзгерістердің арқасында көптеген ауылдық округтердің кірісі артқан.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев өңірдің даму көрсеткіш­тері туралы баяндады. Оның сөзінше, біздің облыс экономикалық өсім көр­сеткіштері бойынша бесінші орынға тұ­рақтаған. Оның ішінде ауыл шаруашылы­ғындағы өсім 10,1, инвестиция тартуда 10,4, құрылыста 27,3, өңдеу өнеркәсібінде 19,3, саудада 12 пайызға жеткен. Тоғыз айдағы төртінші деңгейлі бюджеттің кірісі – 18 млрд. теңге.

«Ауылдағы білім ұйымдарына 117 млрд. теңге бөлінген. Биыл 25 білім меке­месін жөндеуге қаржы бөлінді. Ал денсау­лық сақтау ұйымдарының материалдық базасын нығайтуға бөлінетін қаржы бір жарым есеге артып, 8 млрд. теңгеге жет­кен. Қызылжар ауданындағы Бескөл ауы­лында жаңа емхананың құрылысы бастал­ды. Халықты тұрғын үймен қамту да – ма­ңызды мәселе. Жыл соңына дейін әлеу­меттік осал топтағы отбасылар үшін 258 пәтер сатып алынады. «Қызылжар жаста­ры» бағдарламасына 134 өтініш қабылда­нып, несие беру басталды», – деді Қанат Дүзелбаев.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ая­сында биыл 60 елді мекенде 83 жобаны жүзеге асыруға 12 млрд. теңге бөлінген. Десе де әлі күнге дейін көптеген ауылдық округ орталықтарында саябақтар, дәріха­налар, көлік жөндеу мен тұрмыстық қыз­мет көрсету орындары жоқ. Жиында мұн­дай ауылдардың әкімдері жұмысты жеделдетіп, ауылдағы инфрақұрылым дең­гейін өңірлік стандарт деңгейіне жеткізу керектігі туралы айтылды.

Аудандағы ағайынды алаңдатып отырған басты мәселе – жолдың жағдайы екені мәлім. Жиында аталған салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов баяндады.

«Биыл өңірде мың шақырымнан астам жолды жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оның 467 шақырымы – республикалық, 540 шақырымы – жергілікті маңызы бар жол­дар. Оған қоса 51 елді мекенде 100 шақырым жолды жөндеуге қаржы қарастырылған. 50 мердігер 129 жобаны жүзеге асыруға жауап­кершілік алды. Тұрғындардан түсетін шағымдардың төрттен бірі жолдардың сапасы­на байланысты. Мұның басты себебі – жолдарды күтіп ұстауда бақылаудың жоқтығы. Бұған тек арнайы мекемелер ғана емес, ауыл әкімдері де жауапты», – дейді Нұрлан Ма­ратұлы.

Әкімдер форумына облыстық мәсли­хат депутаттары, департаменттер мен бас­қармалардың басшылары, қала, аудан, ауыл әкімдері мен аппарат басшылары, 200-ге жуық уческелік полиция инспекто­ры, бірқатар партияның өңірлік филиал­дарының өкілдері, түрлі ұйымдар мен ірі компаниялардың мамандары қатысты. Жиында ауыл әкімдері өз ұсыныстарын айтып, толғандырып жүрген сұрақтарға жауап алды.

«Мен ауылдық округ бюджетінің кіріс бөлігін арттыру қажет деп санаймын. Бұл туындаған мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді. Бүгінде салықтың 8 түрі бойынша кіріс ауыл әкімдерінің басқа­руына берілген. Мысалы, біздің округтің бюджеті – 70 млн. теңгенің маңайында. Бұл қаражат түгел дерлік әкімдіктің шы­ғындарын өтеуге жұмсалады. Елді мекен­дерді қарқынды дамыту үшін кіріс кө­лемін арттыру керек. Қазір ауылда сумен жабдықтау, жол жөндеу жұмыстарын жү­зеге асыру үшін сметалық құжат керек. Бұл да уақыт пен қаржыны талап етеді. Біз аталған мәселені жедел шешу үшін арна­йы техника мен инертті материал сатып алып, жолдарды өзіміз ретке келтіруге көштік. Бұл жағынан да әкімдерге еркіндік берілуі керек», – дейді Аққайың ауда­нындағы Власовка ауылдық округінің әкімі Максим Серіков.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp