«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛ ӘНІҢМЕН

“Bala Turkvizуon Қазақстан” – Әлия Назарбаеваның жобасы бойынша қолға алынған халықаралық байқау. Түркітілдес елдер тарихында алғаш рет ұйымдастырылған сайыстың облысымыздағы іріктеу кезеңі 1 тамызда өтіп, өңірлік жеңімпаз анықталады.

Қазақ музыка өнері аясында халыққа жас әрі дарынды өнерпаздарды таныстыруды, еліміздің кішкентай тұрғындарына арналған мемлекеттік тілдегі жаңа әндерді жарыққа шығаруды көздеген жоба елімізде 8 маусымда басталды. Өңірлік іріктеу кезеңдері Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында өтті.  

Түркі тілдерінде шырқалатын әндерді насихаттайтын халықаралық дәрежедегі бірегей байқаудың ең басты сыйы – “BALA Turkvizyon – 2015” байқауының гранд-финалына жолдама. Байқау барысында еліміздің кішкентай тұрғындарына арналған жаңа 16 ән ұсынылады.

Байқаудың шарты бойынша әр облыстың жұлдызды тәлімгерлері болады. Облысымыздың іріктеу кезеңінде жеңімпаздарды іріктеуге Әділхан Макин, Жұбаныш Жексенұлы, Жанна Орынбасарова келеді. 8-13 жас аралығындағы жеткіншектер бақ сынаса алатын байқауда олар кез келген тілдегі әннен үзінді орындайды.

Асығы алшысынан түсіп, өңір бойынша жеңімпаз атанған балаға “Жұлдызды үйге” жолдама беріледі. Ол жолдамамен 13 тамыз күні жас әнші ата-анасының біреуімен бірге Алматы қаласына барады. Екі апта бойы облыс жеңімпаздары сахна шеберлігі, хореография, режиссура пәндерінен қазақстандық танымал өнер майталмандарынан шеберлік сабағын алады.

Ұлттық іріктеудің финалына жас сазгерлер әр қатысушыға қазақ тілінде ән жазады. Мыңның ішінен таңдап алынған жеңімпаздарды жұлдызды тәлімгерлер республикалық үлкен сахнаға дайындайды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp