
Біздің өңірімізде қарт тарихтың қатпарлы да тылсым құпияларын ішіне бүккен, жұмбақ сырлары әлі де ашыла қоймаған өлкелер аз емес. Солардың бірі – ұлы тұлғаларды құндақтаған Айыртау ауданы.
Таңғажайып табиғатымен жанды баурайтын осынау қасиетті өлкенің сұлулығына оған табанымыз тигенде тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық. Имантау, Шалқар, Сырымбет сияқты көненің көзіндей өлкелерде тарихи, археологиялық жәдігерлер мен ескерткіштер жетіп артылады. Олардың қатарында Иман-Бұрлық өзені жағасында орналасқан “Ботай” қонысы да бар.
“Ботай” мәдениеті жайлы алғашқы мәліметтер өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жариялана бастағаны белгілі. Сексенінші жылдары М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Виктор Зайберт тастан, сүйектен, балшықтан, мүйізден жасалған құралдар мен қаруларға көңіл бөліп, оларды терең зерттеуге ден қойған. Ғалым “Ботай” қонысына арнайы экспедициялар ұйымдастырып, тарихшылар мен студенттердің көмегімен қазба жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп, 158 елді мекеннен 120 мыңға жуық зат табылды. Осыдан 40-50 ғасыр бұрын халқымыздың жылқыны алғаш қолға үйретіп, үй жануары ретінде өсіргені, бие сүтінен қымыз ашытқаны, етін, сүтін тамақ ретінде пайдаланғаны ғылыми тұрғыдан дәлелденді. “Ботай” мәдениетінің ашылуы қазақтың халық ретінде қалыптасуының тамыры тереңде жатқандығын айғақтады десек, артық айтқандығымыз болмас. Бүгінде бұл тарихи маңызы бар жаңалық әлем ғалымдарының назарын аударып отыр.
– “Ботай” – Қазақстандағы ең көне мекен, тарихи дәуірдің асыл мұрасы. Осы жерден дала өркениеті басталды деуге толық негіз бар. Жылқының қолға үйретілуінің маңызын жоққа шығаруға болмайды. Тұрмыс тіршілігі төрт түлікпен тығыз байланысты көшпелі қазақ халқы – бұл өлкенің байырғы тұрғындары. Ежелгі адамдардың қазақтың осынау ұлан-ғайыр өлкесін мекендегені туралы айтылғанымен, оны одан әрі дамытуға, әлем жұртшылығының назарын аудартуға көңіл бөлінбей келеді. Тарихымыздың мерейін үстем ететін осынау қасиетті қазынаға мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлінсе, алыптардың анасы атанған Айыртау өлкесін туристік орталыққа айналдыруға әбден болады, – дейді ғалым Виктор Зайберт.
Бүгінде “Ботай” қонысындағы қазба жұмыстары студенттердің күш-жігерімен жүзеге асырылуда. Біздің заманымыздан төрт-бес мың жыл бұрынғы тарихи дәуірдің мәдени мұрасы болып табылатын бұл шаруашылық құралдарының әрқайсысы өткеннен сыр шертеді. Тас тоқпақтар, пышақтар, қанжарлар, сүңгілер, найзалардың ұштары, аң, балық аулау құралдары, жүген, сүйек тетіктері мен ілгектері жылқы ұстауға арналғанын болжау қиын емес.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
Айыртау ауданы.