«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙГЕ ШЫҒУ МҮМКІНДІГІ

Өткен аптада әлемде білім беру жүйесін тұрақты дамытып, тиімділігін арттыру арқылы білімді халықаралық деңгейге көтеруге ықпал ететін Эразмус+ бағдарламасының ақпараттық күні өтті. Былтыр 39 елде тәжірибе алмасуға, қоғамды жоғары оқу орындарына, жалпы білім беру жүйесіне енгізілген өзгерістерден хабардар етуге бағытталған 1400-ден астам іс-шара өткізілген жаһандық бастамаға биыл М.Қозыбаев атындағы СҚМУ де қатысты. Осыған орай университте Эразмус+ жобалық кеңсесі өз жұмысын бастады.

Білім беру жүйесін жетілдірумен қатар жастар саясатын және спортты дамытуды көздейтін бағдарлама бұл салаларда еуропа мемлекеттерімен ынтымақтастық орнату үшін қаржылық мүмкіндіктер ұсынады. Эразмус+ бағдарламасы төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады. Халықаралық кредиттік мобильділік бойынша студенттер қысқа мерзімде Еуропа елдерінде оқып, тағылымдамадан өте алады. Ал Эразмус Мундустың магистрлік дәрежесі оларға түрлі елдерде орналасқан екі немесе одан да көп жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігін ұсынады. Сонымен қатар зерттеу жүргізуге қолдау көрсететін Жан Моне және жоғары білім берудің әлеуетін арттыруға арналған бағыттар бар.
Жаһандық бағдарламаға қатысушы студенттер, магистранттар мен оқытушылар алдағы уақытта жобалық кеңседе жаңа идеяларды ортаға салып, жүзеге асыра алады. Кеңсенің ашылуында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ректоры, Эразмус+ ұлттық сарапшылар командасының мүшесі, экономика ғылымдарының докторы Серік Өмірбаев университеттің аталған бағдарлама аясында бес жобаны жүзеге асырып жатқаны жайлы айтты. Олар микроэлектр инженериясы, дәлме-дәл егіншілік бойынша инновациялық бағдарламаларды әзірлеуге қатысты. Шара барысында олардың әрқайсысына жеке тоқталып, анықтама берілді.
Жергілікті университет соңғы жылдары халықаралық білім беруді дамыту бойынша ауқымды әрі нәтижелі жұмыстарды атқарды. Отыздан астам мемлекеттің жоғары оқу орындарымен және ұйымдарымен ынтымақтастық жөнінде 150 келісімге қол қойылды, қос диплом алуға мүмкіндік беретін 9 және ағылшын тілінде екі бағдарлама жүзеге асырылуда. 2017 жылдан бері шетелдік бес маман топ-менеджер ретінде осы жерде жұмыс істеді. Академиялық мобильділік бағдарламасына бес жылда шамамен 200 студент қатысты. Бүгінде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де 230 шетелдік студент білім алуда. Биыл халықаралық ынтымақтастық аясында университеттің оқымыстылары жеті ғылыми жобаны орындады. Эразмус+ бағдарламасына қатысып, жобалық кеңсенің ашылуы осы бағыттағы жұмыстарды жандандыратынына сенім мол.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp