«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕМДІК ҚАУІП-ҚАТЕРГЕ ҚАРСЫ АМАЛ

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің мақсаты – дін келіссөзін жүзеге асыратын және келісілген шешімдерді іске асырып, тұрақты әрекет ететін халықаралық, конфессияаралық институт құру.

І съезд аясында қазіргі әлемдегі діндердің рөлі және адамгершілік құндылықтарының жалпы адамзаттық сипаты туралы ашық пікір алысуға қол жеткізілді. Онда өркениеттер, конфессиялар, елдер мен халықтар арасында құрылымдық келісімді нығайту мен келіссөз орнату жолында батыл қадам жасалды. Дінаралық келіссөз қоғамдық даму мен барлық халықтың әл-ауқатын жақсартудың негізгі тетіктерінің бірі болатынына баса назар аударылды.

Қатысушылар съезд қорытындысы бойынша діндер келіссөзі бұдан әрі тереңдеуі және пікірталастар жүргізуге негізделуі керек деген тоқтамға келді. Сондай-ақ, діни негіздегі даулардың себептерін анықтауға, дінаралық үйлесімді жетілдіру қажеттігіне, бір-біріне деген өзара құрметке, өзге халықтардың дәстүрін зерттеп-білуге байланысты мәселелер тілге тиек етілді.

Ерекше және есте қаларлық оқиға ретінде форум бүкіл әлем халықтарының, түрлі дін өкілдерінің татулығы мен бірігу идеясының өзектілігін, оны іске асыру қажеттігін тағы бір көрсетті.

Съезд идеясын Кофи Аннан, Джордж Буш, Маргарет Тэтчер, Цзянь Цземинь, Нельсон Манделла, Валери Жискар д’Эстен секілді беделді саясаткерлер қолдады.

Форум қорытындысы бойынша Декларация қабылданды, онда рухани көшбасшылар адамзат үшін бейбітшілік пен алға жылжуды және келешекте бейбітшілік негізі ретінде қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша бірлесе атқаратын іс-әрекеттерді айтты.

І съездің негізгі жеңісі – 3 жылда 1 рет дінаралық форум өткізу туралы шешімнің бекітілуі.

Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының ІІ съезін де Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласында ұйымдастыру туралы шешім қабылданды, сондай-ақ, съезд хатшылығын құруға байланысты барлық аспектілерді әзірлеу тапсырылды.

2006 жылғы 12-13 қыркүйекте Астана қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының ІІ съезі өтті. Съезд жаңа, арнайы форум өткізу үшін салынған «Бейбітшілік және келісім сарайында» «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» тақырыбын өзек етті.

Форумның бірінші күні «Дінаралық келіссөз қағидаттары» қабылданды.

Съезде сөз сөйлегендер Қазақстан Республикасының атына, оның Президентіне конфессияаралық және ұлтаралық қатынастардағы зорлық пен лаңкестікке қарсы Дін форумын ұйымдастырғаны үшін алғыстарын айтты.

Съезд қорытындысы бойынша қақтығыстар тудырмауға шақыратын бірлескен Декларация қабылданды. Бұл құжатта «өркениеттер қақтығысуын» «өркениеттер тоғысуына» алмастырудың жаһандық қажеттілігі көрініс тапты.

Форумға қатысушылардың келісімі бойынша әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының келесі ІІІ съезін де 2009 жылы Астана қаласында өткізу туралы шешім бірауыздан қабылданды.

ІІІ съезд қабылданған шешімге орай 2009 жылы 1-2 шілдеде Астана қаласында өткізілді.

ІV съезд де 2012 жылдың 30-31 мамыр күндері Астана қаласында өткені белгілі.

ІV съезді ашарда сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев алғашқы съездер діндер «қақтығысы» қатеріне жауап ретінде және дінді халықаралық лаңкестік мен экстремизмнің қатерлі мақсатына қарсы қолдану үшін ұйымдастырылғанын айтқанды.

Үшінші съезд ең күшті әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс қызып тұрған шақта өтті.

«Биылғы форумды да бүкіл әлем үшін бетбұрысты кезеңде өткізіп отырмыз. Әлемдік тәртіптің жаһандық трансформациясы басталды», – деп бұл форумның ғаламдық мәніне тоқталған болатын.

Қабылданған дінаралық сұхбат қағидаларына негізделген Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының кезекті V съезі де биыл 10-11 маусымда Астанамызда өткелі отыр.

Салиха ДУАНАЕВА,

Мәдениет және спорт

министрлігі Дін істері комитетінің мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp