Жыл сайын көктемнің алғашқы шуақты күндерін қыз-келіншектерді құттықтап, сый-сияпатқа бөлеуге арнаймыз. Бұл күні әркім өзіне қымбат жандарға көңіл бөліп, күндегіден бөлек қуантуға тырысады. Қазіргі әйел тек бесік тербеткен ана ғана емес, сан саланың тізгінін ұстаған білікті маман, ұлағатты тұлға, іскер басшы, табысты кәсіпкер ретінде биік белестерді бағындырып жүр. Мерекеге орай осындай жандардың басы салтанатты жиында қосылып, арулардың құшағы гүлге толып, марапатқа бөленді. Мерекелік шараға жиналғандарды айтулы күнмен өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.
– Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күні біз аналарымыз бен әжелерімізді, үйдің берекесін кіргізіп отырған барша жандарды құттықтауға асығамыз. Кез келген елдің адами өресі мен әділеттілігі әйелге деген қарым-қатынасынан көрінетіні анық. Біздің халқымыз ананы ерекше құрметтеген. Ана – тіршіліктің алтын арқауы. Біз әр салада табысқа жетіп жүрген әйелдермен мақтанамыз. Олардың тынымсыз еңбегі мен күш-қуатынсыз қоғам дамуын елестету қиын. Өмірлеріңіз бақытқа, махаббат пен берекеге толы болсын деп тілеймін, – деген облыс әкімі бірқатар жанға марапат табыстады.
Мерекеде Мемлекет басшысының Жарлығымен еңбек ардагері Раиса Полищук пен «Петропавл ауыр машина жасау зауытының» машинисі Татьяна Пальгун «Құрмет» орденімен марапатталды. «Арқалық» шаруа қожалығы қымыз цехының жұмысшысы Зәуреш Мұстафина үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иесі атанды. «Алекри фирмасы» серіктестігінің құс бағушысы Сталина Медведева мен С.М.Киров атындағы зауыттың №2 құрастыру цехының гальванигі Венера Абдрахимоваға «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.
– Адал еңбек етіп жүрген әр әйелге осындай марапат бұйырсын деп тілеймін. Өзімнің қымыз өндірісінде еңбек етіп келе жатқаныма 15 жылдан асты. Ұлттық сусынымызды дайындау оңай жұмыс емес. Қажырлы еңбектің арқасында тұтынушыларды табиғи таза өніммен қамтамасыз етіп келеміз. Жұрт қымызды ағзаға дәру берер пайдалы қасиеті үшін жиі сатып алады, – дейді Зәуреш Мұстафина.
Салтанатты шарада ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып, көпбалалы отбасының ұйытқысы болып отырған әйелдер де назардан тыс қалған жоқ. Бұл күні жеті баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелегені үшін Жамбыл ауданының тұрғыны Дамира Оспанова «Алтын алқа» тағынса, алты балаға өмір сыйлаған Муза Жанғалиева, Әсел Мусина, Шолпан Бисенқызының мойнында «Күміс алқа» жарқырады.
Сонымен қатар шарада Уәлиханов ауыл шаруашылығы колледжінің өндірістік оқыту шебері Роза Құсбекова, «Севказэнергосбыт» серіктестігінің бақылаушысы Марина Музыка, Ақжар ауданында тұратын ветеринар Ардақ Симбаеваға Президенттің мерекелік құттықтау хаты табыс етілді. Одан бөлек бір топ әйел облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын иеленді. Құрметке бөленгендердің басым бөлігі өндіріс, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында еңбек етіп жүрген бұрымдылар. Одан бөлек ғылым, бизнес, әлеуметтік қорғау, білім беру, қызмет көрсету, әскери салада жүргендер де түрлі деңгейдегі марапатқа ие болды.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.