«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕМІ ӘДЕМІ ӘУЛЕТ

Жарты ғасыр бойы қол ұстасып, өмірдің ащысы мен тұщысын, қиындықтары мен қызықтарын бірге көріп, Алла берген ұрпағын мәпелеп, өздерінің ғана емес, халықтың сүйікті ұлдары мен қыздары етіп тәрбиелеген өнегелі отбасылар біздің облысымызда да баршылық. Солардың бірі – елеулі еңбегімен, ұлтына деген жанашырлығымен, үлгілі істерімен көпшілікке танылған мерейлі жандар – Иманбай Қақашұлы мен Мәриям Манапқызы. Ендеше, осынау айтулы отбасылық мереке иелерінің өмірінен алынған бір үзік сырды назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Иманбай Қақашұлы Тасма­ған­бетов 1947 жылдың 26 сәуі­рінде Көкшетау (қазіргі Солтүстік Қазақстан) облысының Рузаев ауданына қарасты Шұқыркөл ауылында дүниеге келген. 1965 жылы орта мектепті аяқтасымен ең­бек жолын “Париж коммуна­сы” кеңшарында жұмысшы бо­лып бастаған ол өз өмірін ауыл ша­руашылығымен байланыс­ты­руға ұйғарады. Сөйтіп, Қотыр­көл зооветтехникумына оқуға тү­седі. 1970 жылы оқуын ойдағы­дай тамамдап, өзі таңдаған ма­мандықты меңгергеннен кейін ту­ған ауылына – Шұқыркөлге ора­ла­ды. Мұндағылар ақылдаса ке­ле, жас маманға кеңшардың мал фермасына бригадир болу­ды ұсынады. Жастық жалынмен іске кіріскен Иманбай Қақашұлы бірден көзге түсіп, сол жылы оны жергілікті комсомолдар өздеріне жетекші етіп сайлайды. 1970 жыл­дың Қақаңа сыйлаған тағы бір үлкен қуанышы – нақ осы жы­лы ол өзінің сыңарын кездесті­ріп, Мәриям Манапқызымен ша­ңырақ көтерді.

Өзіне көрсетілген жоғары се­німмен жігерленген жас хатшы уақытпен санаспай еңбек етіп, за­мандастарын игі істерге жұмыл­дыра білді. Сөйтіп, ауылда спорт­пен айналысатын, мәдени шараларға қатысатын жастар­дың қатары қалыңдай түсті. Жас хатшының осындай жоғары ұйым­дастырушылық қабілеті, іс­кер­лігі, ынта-жігері ескерусіз қал­ған жоқ, ол 1974 жылы “Ерен ең­бегі үшін” медалімен марапат­тал­ды. Сол жылы оны тағы бір қуаныш күтіп тұр еді. Иманбай Қақашұлының ерекше қабілетін бағалаған аудан басшылары оны жұмысшылар комитетінің төрағасы етіп тағайындайды. Бұл міндетті де мінсіз атқарған Иманбай Тасмағанбетов арада үш жыл өткенде Горький атында­ғы колхоздың партия ұйымының хатшысы болып сайланды. Осы­лай ауылдағы қайнаған еңбектің иіріміне түскен жас парторг бі­лімін жетілдіруді де ұмытқан жоқ, өндірістен қол үзбей Целиноград ауыл шаруашылығы институтын тамамдады.

Қызмет баспалдақтарымен өсу жолы сәтті басталған Иман­бай Қақашұлы 1983 жылы “При­вольный” кеңшарының партком хатшысы болса, кейін осы ауыл­дық кеңестің төрағасы, 1993-2007 жылдары Новосельский ауылдық әкімшілігінің басшысы, 2007-2010 жылдары Ғабит Мүсі­ре­пов атындағы ауданның ай­мақ­аралық инспекциясы басшы­сының орынбасары болды. Ең­бек­пен шыңдалған ерен тұлға зей­нет демалысына шыққаннан кейін де қарап отыруды жөн көр­меді, заманның ағымына бейім­деліп, жекеменшік шаруашылық құрды, оның қаз басып кетуі үшін көп еңбек сіңірді, кейін тізгінді балаларына берді.

Өзіне тапсырылған барлық учаскеде бойындағы күш-қуатын, қабілетін сарқа жұмсап, әр­дайым көштің басын бермеген Иман­бай Қақашұлы Отан ал­дын­дағы еселі еңбегін бұлдаған емес. Десек те, қай ұжымда бол­масын құрметке бөленіп, кеудесі мемлекеттік наградалармен нұр­ланды, Атап айтар болсақ, “Ерен еңбегі үшін”, “Қазақстан Консти­ту­циясына 10 жыл”, “Тың және ты­ңайған жерлерді игерудің 50 жылдығы” медальдарын иелен­ді, Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің Құрмет грамотасы­мен бірнеше мәрте марапаттал­ды. Ағаның елге сіңірген еңбегін ескеріп, 2011 жылы аудан бас­шы­лары оған «Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның құрметті азаматы» деген мәртебелі атақ берді. 2013 жылы жарық көрген “Қызылжар өңірінің зиялы қауы­мы” атты кітапта да Иманбай аға­ның ғибратты өмірінен сыр шер­тер деректер келтірілген. “Ол – ең­бегімен елге танылған абы­рой­лы тұлға” деген сөздердің өзі неге тұрады.

Иманбай ағаның әкесі Қақаш Тасмағанбетұлы мен анасы Ға­зиза Қайралапқызы да елге сый­лы, адал, халқына қамқоршы бо­ла білген жандар. Олардың есім­дері әлі күнге ел аузында. Қақаш ата еңбекқор болған, ауыр жұ­мыс қайда болса сонда жүрген. Ол қашанда халықтың қамын ой­лаған. Өз үйінде бір құшақ отын болмаса да ауылдастарының жағ­дайын жасауға ұмтылған. Жоқшылық заманда ауылдас­та­рының аяқ киімдерін жамап, шал­ғыларын шыңдаған, өгіз арба­мен көрші ауылдан жанар-жағармай тасыған. Жылқының жа­йын жақсы білген. Мал басын қа­һарлы қыстан аман алып шығу­дың ұтымды жолдарын ойлас­ты­рып, әлсіздерге болысқан. Ұзын бойлы, қызыл шырайлы Қақаш атаны жұрттың “Сахаба” деп атауы да тегін болмаса керек. Оның ұлтқа деген жанашыр­лы­ғы, діндарлығы, бауырмал­дығы, қо­нақжайлылығы мен жомарт­ты­ғы жөніндегі әңгімелер ел ара­сына аңыз боп тараған.

Қақаш атаның туған інісі Ғұ­бай­долла Тасмағанбетов 1937 жылдың 18 тамызында Солтүс­тік Қазақстан облысы, Төңкеріс ау­данында (қазіргі Шал ақын) қар­жы бөлімін басқарып тұрған­да “халық жауы” деген жаламен түрмеге қамалады. Ол кезде ешкім ештеңе білмейтін. Жұрт қа­малғандар туралы әңгіме қозғау­ға қорқатын. Жалғыз інісінен еш хабар болмаған соң Қақаш ата да қайғы-шерге беріледі. 20 жыл бойы інісі туралы жағымды жа­ңалық күтумен болады. Алайда, еш хабар болмаған. Кейін ғана шын­дық тасқа біткен өжет гүл­дей жарып шықты. Ғұбайдолла Тасмағанбетов Алматы түрме­сінде Сәкен Сейфуллин, Бейім­бет Майлин, Ілияс Есенберлин тә­різді қазақтың маңдайалды аза­маттарымен бірге отырып, 1938 жылдың 27 ақпанында атылған екен (“Егемен Қазақ­стан”, 31 мамыр 1997 ж.).

Иманбай ағаның анасы Ғази­за Қайралапқызы 12 құрсақ кө­тер­ген. Болат, Сәбира, Өтеген және Иманбайдан басқасы шеті­н­еп кеткен. Ғазиза апа сөзге ше­бер болған. Той-томалақтарда аяқ асты суырып салып, өлеңді қарша боратады екен. Өзі та­за­лықты, сұлулықты қастерлеген өте ұқыпты жан болыпты. Өтеген ағаның айтуынша, балаларын ер­ке етіп өсірген. Мәселен, Бо­латты “Боташым”, Сәбираны “Қас­қыр қызым”, Иманбайды “Ша­ңырақтың киесі, періштесі” деп атапты. Кенже ұлын ақтық демі үзілгенше еркелетіп, жас сәбидей мәпелеп өтіпті.

Иманбай Қақашұлының наға­шы ағасы Шарботай Мұқанов Ұлы Отан соғысы басталғанда майданға аттанған. Қатардағы жа­уынгерден аға лейтенант ла­уа­­зымына көтерілген. Взвод ко­мандирі болған. 1944 жылы Бал­тық жағалауы әскери округінде ерлікпен қаза тапқан. Бірнеше орденмен, оның ішінде «Қызыл Жұлдыз» да бар, медальдармен марапатталған. Таллин қаласы түбіндегі ауыр шайқаста қаза тап­қандығы, жерленген орны кар­та­да көрсетілген. Дегенмен іздес­тіре келгенде “Мұқанов кейін бас­қа аймаққа жерленген” деген де­рекке тап болған. Өкінішке қа­рай, Ресеймен арадағы қатынас­тың бұзылуына байланысты Бал­тық жағалауы елдері соғыстан оралмағандардың шындығын Мәс­кеуге бермей отыр. Реті кел­се, Мұқановтың жерленген жері туралы анықтаманы көрсетілген мекен-жайдан іздестіріп, тауып ал­са, нұр үстіне нұр болар ма еді?!

Иманбай Қақашұлының жары Мәриям Манапқызы да текті тұ­қымнан шыққан. Атасы – Торғай­да­ғ­ы атақты Қарауыл Баржақсы би. Өзі Баржақсы атаның алты ұлының бірі Манаптың қызы. Қы­зықты қараңыз: осы атадан үш ұл, екі қыз тараған. Иманбай ағаға жары Мәриям да үш ұл, қос қыз сыйлаған. Екеуі балаларын ешкімнен кем қылмай, тәлімді тәр­биелеп өсірді. Ардақты ата мен аяулы әженің он шақты не­мересі бар. Мәриям Манапқы­зы – саналы ғұмырын жасөспірім­дерді тәрбиелеп, сапалы білім бе­руге арнаған ұлағатты ұстаз. “Қазақстанның білім беру ісінің үздігі”. Бірнеше марапаттың иегері.  

“Әке-шешеміз, – дейді Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Ди­нара Иманбайқызы, – бізді ер­келеткен жоқ. Жас кезімізден кең­шардың қара жұмысына салды. Ағаларымыз егін мен мал ша­руа­шылығына көмектессе, әп­кем Гүлмира екеуміз шаруашы­лық­тың ондаған сиырын сауа­тын­быз. Қыс кездерінде үйіміз­дің, жаз айларында кеңшардың мал шаруашылығына көмек­тес­тік. Екі ағам ересектермен қатар ауыр жұмысты атқарса, біз де сауыншылардан қалыспадық. Сөй­тіп, еңбек дегеннің не екенін жастайымыздан көңілімізге түйіп өстік. Ол үшін ата-анамызға мың да бір рақмет!

Менің әкем ерекше адам. Ол ешкімге ұқсамайды. Әжем ұлын – менің әкемді тым еркелетіп өсірді. Анама “Сен Иманбайға ұрыспа, оны жұмсай берме, оның жағдайын жаса” деп оты­ратын. Анам қайын енесінің айт­қа­нын екі етпей жасады. Осын­дай анадан қалайша айнал­масқа?!

Әкемнің мінезі де ерекше. Қа­сиетті адам дер ем. Өтірік айту­ды білмейді. Біреудің ала жібін аттаған емес. Жеке пайдасын көздемейді. Тек адал жолмен та­быс табуды өмірдегі ұстанымы­на айналдырған шыншыл кісі. Ал­ланың бізге осындай киелі, кең пейілді, ақкөңіл, ақылды әке бер­геніне мың да бір тәубе етеміз.

Әкем мен анамның әрқашан­да денсаулығы мықты болып, ауыр­май, балаларының, неме­ре­ле­рінің тек жақсылығын, бақы­тын қызықтап, шөберелер сүйіп, ұзақ ғұмыр сүруіне тілектеспін. Менің өмірдегі ең қымбаттым, ең сүйіктім, ең қасиеттім – әкем мен анам, бауырларым аман бол­сын!”.

Иманбай Қақашұлының туған ауылы “Шұқыркөл” колхозы 1929 жылы құрылған. Сол кездегі Ру­заев ауданына қараған. Небәрі 80 отбасының 120 ірі қара, 30 жылқы, 200 гектар егістік алқабы болған. Артельдің тұңғыш ұйым­дастырушысы Нұғыман Шериаз­да­новтың еселі еңбегінің арқа­сында колхоз көркейіп, халық саны артып, тұрмыстық жағдайы түзелген. Әзірбай Жалмаханов, Таутан Қанафин, Ысқақ Кеншін­баев, Кәкен Елубеков тәрізді ар­дақты ағалар социалистік жа­рыс­тың көшбасшылары болған. 1961 жылы “Шұқыркөл” “Париж коммунасы” кеңшарының қара­мағына берілген.

“Шұқыркөл” шағын ауыл бол­са да, өзінде туып-өскен, қызмет атқарған түлектерімен атақ-даңқ­қа бөленген мекен. Атап айтар болсақ, қазақтың біртуар азаматы, мемлекет қайраткері Ер­кін Нұржанұлы Әуелбеков, бел­гілі ғалымдар, филологтар Айқын Нұрқатов пен Нығмет Ғаб­дуллиндер, Қарағанды облы­сын­да бірнеше жыл басшылық қыз­метте болған Сұлтан Дос­ма­ғамбетов, кеңшар директорлары Ғазиз Ешмұхамбетов пен Нөгер­бек Есенжанов, тағы басқалары осы ауылдан түлеп ұшқан.

“Елу жылда – ел жаңа” дейді дана халқымыз. Иманбай аға мен Мәриям жеңгейдің жарты ға­сыр бұрын құрылған шаңырағы бұл күнде зәулім сарайға айнал­ғандай. Жас күнінде екеуі еккен жас шыбық қазірде үлкен бәй­терек боп жайқалып тұр. Бәлкім, адам бақыты дегеніміз осы шығар.

Айтош ЖҮСІПБЕК.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp