Жарты ғасыр бойы қол ұстасып, өмірдің ащысы мен тұщысын, қиындықтары мен қызықтарын бірге көріп, Алла берген ұрпағын мәпелеп, өздерінің ғана емес, халықтың сүйікті ұлдары мен қыздары етіп тәрбиелеген өнегелі отбасылар біздің облысымызда да баршылық. Солардың бірі – елеулі еңбегімен, ұлтына деген жанашырлығымен, үлгілі істерімен көпшілікке танылған мерейлі жандар – Иманбай Қақашұлы мен Мәриям Манапқызы. Ендеше, осынау айтулы отбасылық мереке иелерінің өмірінен алынған бір үзік сырды назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Иманбай Қақашұлы Тасмағанбетов 1947 жылдың 26 сәуірінде Көкшетау (қазіргі Солтүстік Қазақстан) облысының Рузаев ауданына қарасты Шұқыркөл ауылында дүниеге келген. 1965 жылы орта мектепті аяқтасымен еңбек жолын “Париж коммунасы” кеңшарында жұмысшы болып бастаған ол өз өмірін ауыл шаруашылығымен байланыстыруға ұйғарады. Сөйтіп, Қотыркөл зооветтехникумына оқуға түседі. 1970 жылы оқуын ойдағыдай тамамдап, өзі таңдаған мамандықты меңгергеннен кейін туған ауылына – Шұқыркөлге оралады. Мұндағылар ақылдаса келе, жас маманға кеңшардың мал фермасына бригадир болуды ұсынады. Жастық жалынмен іске кіріскен Иманбай Қақашұлы бірден көзге түсіп, сол жылы оны жергілікті комсомолдар өздеріне жетекші етіп сайлайды. 1970 жылдың Қақаңа сыйлаған тағы бір үлкен қуанышы – нақ осы жылы ол өзінің сыңарын кездестіріп, Мәриям Манапқызымен шаңырақ көтерді.
Өзіне көрсетілген жоғары сеніммен жігерленген жас хатшы уақытпен санаспай еңбек етіп, замандастарын игі істерге жұмылдыра білді. Сөйтіп, ауылда спортпен айналысатын, мәдени шараларға қатысатын жастардың қатары қалыңдай түсті. Жас хатшының осындай жоғары ұйымдастырушылық қабілеті, іскерлігі, ынта-жігері ескерусіз қалған жоқ, ол 1974 жылы “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды. Сол жылы оны тағы бір қуаныш күтіп тұр еді. Иманбай Қақашұлының ерекше қабілетін бағалаған аудан басшылары оны жұмысшылар комитетінің төрағасы етіп тағайындайды. Бұл міндетті де мінсіз атқарған Иманбай Тасмағанбетов арада үш жыл өткенде Горький атындағы колхоздың партия ұйымының хатшысы болып сайланды. Осылай ауылдағы қайнаған еңбектің иіріміне түскен жас парторг білімін жетілдіруді де ұмытқан жоқ, өндірістен қол үзбей Целиноград ауыл шаруашылығы институтын тамамдады.
Қызмет баспалдақтарымен өсу жолы сәтті басталған Иманбай Қақашұлы 1983 жылы “Привольный” кеңшарының партком хатшысы болса, кейін осы ауылдық кеңестің төрағасы, 1993-2007 жылдары Новосельский ауылдық әкімшілігінің басшысы, 2007-2010 жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның аймақаралық инспекциясы басшысының орынбасары болды. Еңбекпен шыңдалған ерен тұлға зейнет демалысына шыққаннан кейін де қарап отыруды жөн көрмеді, заманның ағымына бейімделіп, жекеменшік шаруашылық құрды, оның қаз басып кетуі үшін көп еңбек сіңірді, кейін тізгінді балаларына берді.
Өзіне тапсырылған барлық учаскеде бойындағы күш-қуатын, қабілетін сарқа жұмсап, әрдайым көштің басын бермеген Иманбай Қақашұлы Отан алдындағы еселі еңбегін бұлдаған емес. Десек те, қай ұжымда болмасын құрметке бөленіп, кеудесі мемлекеттік наградалармен нұрланды, Атап айтар болсақ, “Ерен еңбегі үшін”, “Қазақстан Конституциясына 10 жыл”, “Тың және тыңайған жерлерді игерудің 50 жылдығы” медальдарын иеленді, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен бірнеше мәрте марапатталды. Ағаның елге сіңірген еңбегін ескеріп, 2011 жылы аудан басшылары оған «Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның құрметті азаматы» деген мәртебелі атақ берді. 2013 жылы жарық көрген “Қызылжар өңірінің зиялы қауымы” атты кітапта да Иманбай ағаның ғибратты өмірінен сыр шертер деректер келтірілген. “Ол – еңбегімен елге танылған абыройлы тұлға” деген сөздердің өзі неге тұрады.
Иманбай ағаның әкесі Қақаш Тасмағанбетұлы мен анасы Ғазиза Қайралапқызы да елге сыйлы, адал, халқына қамқоршы бола білген жандар. Олардың есімдері әлі күнге ел аузында. Қақаш ата еңбекқор болған, ауыр жұмыс қайда болса сонда жүрген. Ол қашанда халықтың қамын ойлаған. Өз үйінде бір құшақ отын болмаса да ауылдастарының жағдайын жасауға ұмтылған. Жоқшылық заманда ауылдастарының аяқ киімдерін жамап, шалғыларын шыңдаған, өгіз арбамен көрші ауылдан жанар-жағармай тасыған. Жылқының жайын жақсы білген. Мал басын қаһарлы қыстан аман алып шығудың ұтымды жолдарын ойластырып, әлсіздерге болысқан. Ұзын бойлы, қызыл шырайлы Қақаш атаны жұрттың “Сахаба” деп атауы да тегін болмаса керек. Оның ұлтқа деген жанашырлығы, діндарлығы, бауырмалдығы, қонақжайлылығы мен жомарттығы жөніндегі әңгімелер ел арасына аңыз боп тараған.
Қақаш атаның туған інісі Ғұбайдолла Тасмағанбетов 1937 жылдың 18 тамызында Солтүстік Қазақстан облысы, Төңкеріс ауданында (қазіргі Шал ақын) қаржы бөлімін басқарып тұрғанда “халық жауы” деген жаламен түрмеге қамалады. Ол кезде ешкім ештеңе білмейтін. Жұрт қамалғандар туралы әңгіме қозғауға қорқатын. Жалғыз інісінен еш хабар болмаған соң Қақаш ата да қайғы-шерге беріледі. 20 жыл бойы інісі туралы жағымды жаңалық күтумен болады. Алайда, еш хабар болмаған. Кейін ғана шындық тасқа біткен өжет гүлдей жарып шықты. Ғұбайдолла Тасмағанбетов Алматы түрмесінде Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Есенберлин тәрізді қазақтың маңдайалды азаматтарымен бірге отырып, 1938 жылдың 27 ақпанында атылған екен (“Егемен Қазақстан”, 31 мамыр 1997 ж.).
Иманбай ағаның анасы Ғазиза Қайралапқызы 12 құрсақ көтерген. Болат, Сәбира, Өтеген және Иманбайдан басқасы шетінеп кеткен. Ғазиза апа сөзге шебер болған. Той-томалақтарда аяқ асты суырып салып, өлеңді қарша боратады екен. Өзі тазалықты, сұлулықты қастерлеген өте ұқыпты жан болыпты. Өтеген ағаның айтуынша, балаларын ерке етіп өсірген. Мәселен, Болатты “Боташым”, Сәбираны “Қасқыр қызым”, Иманбайды “Шаңырақтың киесі, періштесі” деп атапты. Кенже ұлын ақтық демі үзілгенше еркелетіп, жас сәбидей мәпелеп өтіпті.
Иманбай Қақашұлының нағашы ағасы Шарботай Мұқанов Ұлы Отан соғысы басталғанда майданға аттанған. Қатардағы жауынгерден аға лейтенант лауазымына көтерілген. Взвод командирі болған. 1944 жылы Балтық жағалауы әскери округінде ерлікпен қаза тапқан. Бірнеше орденмен, оның ішінде «Қызыл Жұлдыз» да бар, медальдармен марапатталған. Таллин қаласы түбіндегі ауыр шайқаста қаза тапқандығы, жерленген орны картада көрсетілген. Дегенмен іздестіре келгенде “Мұқанов кейін басқа аймаққа жерленген” деген дерекке тап болған. Өкінішке қарай, Ресеймен арадағы қатынастың бұзылуына байланысты Балтық жағалауы елдері соғыстан оралмағандардың шындығын Мәскеуге бермей отыр. Реті келсе, Мұқановтың жерленген жері туралы анықтаманы көрсетілген мекен-жайдан іздестіріп, тауып алса, нұр үстіне нұр болар ма еді?!
Иманбай Қақашұлының жары Мәриям Манапқызы да текті тұқымнан шыққан. Атасы – Торғайдағы атақты Қарауыл Баржақсы би. Өзі Баржақсы атаның алты ұлының бірі Манаптың қызы. Қызықты қараңыз: осы атадан үш ұл, екі қыз тараған. Иманбай ағаға жары Мәриям да үш ұл, қос қыз сыйлаған. Екеуі балаларын ешкімнен кем қылмай, тәлімді тәрбиелеп өсірді. Ардақты ата мен аяулы әженің он шақты немересі бар. Мәриям Манапқызы – саналы ғұмырын жасөспірімдерді тәрбиелеп, сапалы білім беруге арнаған ұлағатты ұстаз. “Қазақстанның білім беру ісінің үздігі”. Бірнеше марапаттың иегері.
“Әке-шешеміз, – дейді Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Динара Иманбайқызы, – бізді еркелеткен жоқ. Жас кезімізден кеңшардың қара жұмысына салды. Ағаларымыз егін мен мал шаруашылығына көмектессе, әпкем Гүлмира екеуміз шаруашылықтың ондаған сиырын сауатынбыз. Қыс кездерінде үйіміздің, жаз айларында кеңшардың мал шаруашылығына көмектестік. Екі ағам ересектермен қатар ауыр жұмысты атқарса, біз де сауыншылардан қалыспадық. Сөйтіп, еңбек дегеннің не екенін жастайымыздан көңілімізге түйіп өстік. Ол үшін ата-анамызға мың да бір рақмет!
Менің әкем ерекше адам. Ол ешкімге ұқсамайды. Әжем ұлын – менің әкемді тым еркелетіп өсірді. Анама “Сен Иманбайға ұрыспа, оны жұмсай берме, оның жағдайын жаса” деп отыратын. Анам қайын енесінің айтқанын екі етпей жасады. Осындай анадан қалайша айналмасқа?!
Әкемнің мінезі де ерекше. Қасиетті адам дер ем. Өтірік айтуды білмейді. Біреудің ала жібін аттаған емес. Жеке пайдасын көздемейді. Тек адал жолмен табыс табуды өмірдегі ұстанымына айналдырған шыншыл кісі. Алланың бізге осындай киелі, кең пейілді, ақкөңіл, ақылды әке бергеніне мың да бір тәубе етеміз.
Әкем мен анамның әрқашанда денсаулығы мықты болып, ауырмай, балаларының, немерелерінің тек жақсылығын, бақытын қызықтап, шөберелер сүйіп, ұзақ ғұмыр сүруіне тілектеспін. Менің өмірдегі ең қымбаттым, ең сүйіктім, ең қасиеттім – әкем мен анам, бауырларым аман болсын!”.
Иманбай Қақашұлының туған ауылы “Шұқыркөл” колхозы 1929 жылы құрылған. Сол кездегі Рузаев ауданына қараған. Небәрі 80 отбасының 120 ірі қара, 30 жылқы, 200 гектар егістік алқабы болған. Артельдің тұңғыш ұйымдастырушысы Нұғыман Шериаздановтың еселі еңбегінің арқасында колхоз көркейіп, халық саны артып, тұрмыстық жағдайы түзелген. Әзірбай Жалмаханов, Таутан Қанафин, Ысқақ Кеншінбаев, Кәкен Елубеков тәрізді ардақты ағалар социалистік жарыстың көшбасшылары болған. 1961 жылы “Шұқыркөл” “Париж коммунасы” кеңшарының қарамағына берілген.
“Шұқыркөл” шағын ауыл болса да, өзінде туып-өскен, қызмет атқарған түлектерімен атақ-даңққа бөленген мекен. Атап айтар болсақ, қазақтың біртуар азаматы, мемлекет қайраткері Еркін Нұржанұлы Әуелбеков, белгілі ғалымдар, филологтар Айқын Нұрқатов пен Нығмет Ғабдуллиндер, Қарағанды облысында бірнеше жыл басшылық қызметте болған Сұлтан Досмағамбетов, кеңшар директорлары Ғазиз Ешмұхамбетов пен Нөгербек Есенжанов, тағы басқалары осы ауылдан түлеп ұшқан.
“Елу жылда – ел жаңа” дейді дана халқымыз. Иманбай аға мен Мәриям жеңгейдің жарты ғасыр бұрын құрылған шаңырағы бұл күнде зәулім сарайға айналғандай. Жас күнінде екеуі еккен жас шыбық қазірде үлкен бәйтерек боп жайқалып тұр. Бәлкім, адам бақыты дегеніміз осы шығар.
Айтош ЖҮСІПБЕК.