«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕМ МОЙЫНДАҒАН АБАЙ

Үкімет қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай ел аумағында 500-ге жуық шара өткізуді жоспарлауда. Атаулы мерейтойға орай біздің мектебімізде де ақынның мұрасын насихаттауға бағытталған апталық басталды.

“Әлем мойындаған Абай” апталығы барысында мектеп оқушыла­ры хакімнің шығармашылығына бойлап, қарасөздері мен өлеңдерін жатқа айтудан жарысқа түсті. Сондай-ақ, олар Абай­дың қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік, дара да дана тұлға екендігін тағы бір мәрте дәлелдей түсу мақсатында шығарма жазып, оның халық арасында кеңінен танылған туындыларына тереңірек тоқталды. Мәселен, Евгения Мезенцева Абайдың қазақ поэзиясының өсіп, гүлденуіне қосқан үлесін нақты мысалдармен дәлелдеуге тырысты. Талапты оқушы “Әсемпаз болма әрнеге” өлеңін оқып, көптің ықыласына бөленді. Жас мамандарымыз А.Жангудина мен Н.Қабдоллова “Асыл сөзді ізде­сең, Абайды оқы, ерінбе” челленджіне қатысып, эстафетаны өзге қазақ тілі пәнінің мұғалімдеріне жолдады. Ал оқушылар арасында мәнерлеп оқудан көзге түскен ұл-қыздарымызды бейнетаспаға түсіріп, tayelsiz-zhas@mail.ru сайтында жариялауды жөн санадық. Нәтижесінде жүзден жүйрік деп танылған А.Аусиилов, Д.Жылқыбаев, И.Зұлқарнай бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
Әріптестерім “Абайды оқы, жалықпа” мәнерлеп оқу байқауын өткізіп, балалардың жырға деген сүйіспеншілігін арттыра түсті. “Білімдіден шыққан сөз”, “Көңілім әнді ұғады” және “Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы” деген тақырыптарда ұйымдастырылған сайыста оқушыларымыз өз қалауы бойынша Абай Құнанбайұлының шығармаларын, әндерін орындады, поэмаларынан үзінді оқып, сахналық көріністер қойды. Бастауыш сынып оқушылары арасында В.Медведева “Ескендір” поэмасын мәнерлеп оқып, көзге түсті. “Шегіртке мен құмырсқа” туындысы бойынша көрініс әзірлеген балалардың да актерлік шеберлігі баршаны ерекше әсерге бөледі.


Аягөз ҚАЛИЖАНОВА,
“Дарын” мектеп-лицейінің ұстазы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp