«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАҒЫНАН ҮМІТКЕР

Әлемдік ареналарда ел намысын қорғап, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген спортшыларымыз аз емес. Солардың бірі – жерлесіміз, жеңіл салмақта кәсіби бокстан “WBC” нұсқасының “Eurasia Pacific Boxing CounciI” тармағы бойынша Еуропа чемпионы Жанат Жақияновпен сұхбаттасқан едік.

– Жанат Ескендірұлы, Сізді Еуропа жеңімпазы атануыңызбен құттықтаймын! Қызылжарлық жанкүйер өзіңіз жайлы білгісі келеді.

– Мен Беларусь пен Австралияда өткен екі жекпе-жекте жеңімпаз атанған едім. Содан елге оралып, жаттығуларымды жалғастыру үстіндемін. Сонымен қатар, облыс орталығындағы бокс мектебінде балғындарды спорттың аталмыш түріне баулып, қыр-сырына үйретудемін. Бүгінде жаттықтырып жүрген балалардың бокстағы аяқалыстары жаман емес. Мысалы, Николай Чибоков деген оқушым Камиль Сафинды еске алуға арналған турнирде 93+ килограмм салмақ дәрежесінде сынға түсіп, жеңімпаз атанған болатын. Александр Сахно деген тағы бір шәкіртім Шымкент қаласында жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінің күміс жүлдегері. Жуырда ол бокс мектебінде жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде 60 кг. салмақ дәрежесінде екінші орынға ие болды. Енді Александр жазда Азия мен әлем біріншіліктерінде ел намысын қорғамақ.

– Қазақ боксының жарық жұлдыздарының бірі Жанат Жақияновтың бокс әлеміне сапары қалай басталып еді? Өткенге шегініс жасап, еске түсіріп көрелікші…

– Мен 1983 жылы Жамбыл ауданының Благовещенка ауылында туғанмын. Бала кезімнен спортқа құмар болып өстім. Одан бөлек, әкем мен анам бізді жастай еңбекке баулыды. Ауыл мектебінде оқи жүріп, Сәлімбай Садуовтың жетекшілігімен грек-рим күресімен айналыстым. Бірінші разрядым бар. Жарыстарға қатыса жүріп, екі мәрте облыс біріншілігінің жеңімпазы атандым. 1997 жылы отбасымызбен қалаға көшіп келдік.

Ал, өзіңіз айтқандай, өмірлік серігіме айналған бокстағы алғашқы қадамыма тоқталар болсам, ол былай болды. Қалаға көшкен соң №40 орта мектепте оқуымды жалғастырдым. Он бірінші сыныпқа дейін, яғни екі жыл спорттан қол үзіп қалған болатынмын. “Локомотив” стадионының базасында бокспен айналысып жүрген жолдастарым спорттың аталмыш түріне шақырды. Сөйтіп, 1999 жылы Камиль Сафинның жаттықтырушысы, бокстан спорт шебері, еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владимир Чернышковтың жөн сілтеуімен бокстағы алғашқы қадамымды жасадым. Бір жыл бойы сол кісінің қарамағында жаттығып, бокстың қыр-сырына қанықтым. Кейін өңірімізге белгілі бапкер болған Александр Лебедевтің жетекшілігімен жаттығуларымды жалғастырдым. Менің боксшы, жалпы азамат болып қалыптасуыма Александр Николаевичтің сіңірген еңбегі зор. Мен оны екінші әкемдей құрмет тұтамын.

– Кәсіби боксқа ауысқалы сіздің жолыңыз болған сияқты. Әйгілі Рикки Хэттонмен келісімшартқа отырдыңыз. Өміріңіздің маңызды сәттерінің бірі жайында әңгіме өрбітсеңіз.

– 2011 жылы Швейцарияның Мартини деген қаласында өткен кәсіби кездесуде жергілікті боксшы Бенджамин Петьомен қолғап түйістірдім. Қарсыласымды екінші раундта сұлатып тастағаннан кейін менімен байланысқа шыққан “Hatton Promotions” промоутерлік компаниясының басшысы, қос санаттағы бұрынғы әлем чемпионы Рикки Хэттонның ұсынысын қабылдап, келісімшартқа отырдым. Қазірде Риккидің қол астында мен сияқты жиырмадан астам кәсіби боксшы бар. Олардың ішінде мен жалғыз қазақстандықпын.

– Шетелдерде сайысқа түсетін қазақстандық спортшыларға аяққа тұсау болатын тіл мәселесін қалай шештіңіз?

– Бастапқыда ағылшын тілін жетік білмегендіктен, аудармашының көмегіне жүгінуіме тура келді. Қазір ептеп түсінісе алатын деңгейге жеттім.

– Кәсіби бокста кездесулер ұйымдастырып, қарсылас табу мәселесі оңай шаруа емес екені анық. Бұл мәселе сіздің командаңызда кімге жүктелген?

– Егер Англияда промоутерлік компанияның басшысы Рикки Хэттон болса, Қазақстандағы менеджерім Ерік Жайлауов және әрі менеджер, әрі агент Филип Фондью деген азамат бар. Бұл екеуі, қарапайым тілмен айтатын болсақ, кездесулерді ұйымдастырумен, маған қарсылас табумен айналысады. Жаттықтырушыларым – Рикки Хаттон мен Майк Джексон. Ал менің жұмысым – кездесулерге жоғары деңгейде дайындалып, жеңіске жету.

– “Жеңіс жаттығу залынан басталады”, дейді. Сіздің кезекті кездесуіңізге қалай дайындалатыныңыз әркімді қызықтырады десек, артық айтқандық болмас.

– Әр кездесудің дайындығына 3 ай уақыт бөлінеді. 1 ай бойы өзім елде дайындаламын. Қалған 2 ай Англияда өтеді. Хайд деген кішкентай қалада үй жалдап, 3 минуттық жердегі Риккидің бокс залында жаттығуларымды жалғастырамын. Күніне екі жаттығу – таңертең 2-2,5 сағат, ал кешке 1-1,5 сағат. Күнделікті жаттығулардан бөлек, Петропавлдың Борки кентінде шаңғы тебемін, “Дельфин” мектебінде жүзумен айналысамын. Күнделікті жүгіріп, жолдастарыммен бірге футбол ойнаймын. Осының барлығы ағзамның шыңдалуына көмегін тигізеді.

– Сіздің бұл режіміңіз отбасыңызға қаншалықты қолайлы?

– Жаттығуларым екі жақта өтіп жүрген соң қиындық тудыруда. Мәселен үйлену тойым маусым айында өтсе, екі айдан соң Англияға сапар шегіп, тек қараша айында ғана үйіме оралдым. Дегенмен, кәсіби боксты таңдаған екенмін, шыдау керек. Ғаламтор мен “Skype” аман болсын. Отбасыма сағындырмай, бейне-қоңырау шалып отырамын.

– Кәсіби боксқа ауысқалы спорттық мансабыңызда 25 кездесу өткізіп, 24-інде жеңіске жеттіңіз. Небір қарсыластармен бокстастыңыз. Дегенмен, олардың ішінен кім сізге жойқын күшімен, үздік техникасымен аса қауіпті болды?

– Ең ауыр қарсыластарымның бірі – француз Карим Гуерфи болды. “EBU” тұжырымы бойынша Еуропа чемпионы Еуроодақтан белбеуін ең алғашқы қорғауында қарсыласын өзі таңдауына мүмкіндік беруге өтініш білдірді. Яғни, менімен бокстасқысы келмеді. Ал мен белбеуге №1 міндетті үміткер болғандықтан, бұлтартпаға салмай, менімен шаршы алаңда кездесуіне тура келді. Дегенмен, кездесуге үлкен жауапкершілікпен келген французды оңай жеңдім деп айта алмаймын. Бірақ мысым басым болып, қарсыласымды бесінші раундта нокаутқа жібердім.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз …

– Үстіміздегі жылы 53,5 кг. салмақ дәрежесіндегі чемпион, жапондық боксшы Шинсуке Яманакамен кездесу өткізбекпін. Соңғы үш жылдың ішінде белбеуін жеті мәрте қорғаған Шинсуке жақын арада өтетін кездесуде қарсыласын жеңсе, онда ол алдымыздағы қыркүйек-қазан айларында менімен қолғап түйістіретін болады. Себебі, мен “WBC” тұжырымында әлем чемпионы атағына үміткерлер арасында бірінші орында тұрмын. Қазір жауапты кездесуге дайындығымды бастап кеттім.

Сұхбаттасқан

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

 Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp