Облыс орталығында Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко, Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов ішкі істер, төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттердің, қылмыстық-атқару жүйесінің жеке құрамымен кездесті.
– Біз әрдайым Елбасының өмірлік ұстанымына сүйенуіміз қажет. Отанға, халыққа деген сүйіспеншілік, адамгершілік, жауапкершілік сияқты қасиеттердің бәрі осы адамның бойына жинақталған. Осыны әрқайсымыз өзімізден тапсақ, біз алмайтын асу болмасы анық. Сонда ғана Жолдауда көрсетілген негізгі міндеттердің барлығын жүзеге асыра аламыз, – деді Владимир Божко ішкі істер департаментінде.
Жолдауда көлік, энергетика, индустрия, тұрғын үй инфрақұрылымдарын, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері кеңінен көрініс тапқан. Жаңа экономикалық саясаттағы мақсат халықтың әлеуметтік жағдайын арттыруды көздейді.
Елордалық меймандар өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуда қол жеткізген жетістіктері аз еместігін атап көрсетті.
Бұдан соң ақпараттық-насихат тобының мүшелері “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалында азаматтарды қабылдады. Бұл жолғы кездесуге өздерінің талап-тілектерімен келген петропавлдықтардың саны – сегіз. Олар қала көшелеріндегі жол қозғалысы мен қоғамдық тәртіп, құқық қорғау органдары ардагерлерінің жағдайын жақсарту, суда құтқару қызметінің жұмысын бірізділікке түсіру төңірегіндегі өз ойларын ортаға салып, оған тұшымды жауаптар алды.
Владимир Божко мен Абай Тасболатов осы күні Петропавлдағы әйелдер колониясында болып, ондағы жағдаймен танысты.
Кешқұрым ақпараттық топ өкілдері төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке де ат басын тіреді.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.