Өңірімізде ас атасы – нанды бірнеше кәсіпорын пісіреді. Алайда, солардың ең ірісі – бір ғасырлық тарихы бар “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жақында осы компанияның директоры Ерлан Қайшыбековпен жолығып, әңгімелесіп қайттық.
Әлеуеті зор кәсіпорында нан мен тоқаштың, тәтті печеньенің, торттың бірнеше түрі пісіріледі. Наубайхана екі ауысыммен жұмыс істейді. Нан-тоқаш пісіруде көпшіліктің талғамынан шығу маңызды екенін ескерген комбинат басшысы жұмысты қызу жүргізуде. Бұл үшін құрал-жабдықтарды жаңғыртуға ерекше ден қойыпты. Соңғы 10 жылдың ішінде ескі кеңес пештерінен арылып, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы Еуропаның 10-15 миллион теңге көлемінде тұратын 13 пешін сатып алыпты. Бұл пештер наубайханашылардың жұмысын жеңілдетіп, уақыт пен энергия үнемдеу мүмкіндігін ұлғайтқан. Нәтижесінде серіктестік тәулігіне 20 тонна нан-тоқаш пісіруде. Жалпы, өткен жылы комбинат 597 тонна кондитерлік, 7333 тонна нан-тоқаш өнімін шығарыпты.
Наубайханада “Қалалық” деп аталатын нанның арзан түрі 61 теңгеден сатылады. Бұл тауар қоғамның әлжуаз тобына арналып пісіріледі екен. Ал “Айрықша” деп аталатын нанның бір бөлкесінің бағасы – 82 теңге.
Комбинаттың өнімдерін Петропавл қаласы мен жақын маңдағы аудандардың тұрғындары тұтынуда. Серіктестіктің облыс орталығында өнімдерін сататын арнайы дүкендері де бар. Сондай-ақ, “Семейный”, “ЦУМ” сияқты супермаркеттерге және басқа да жеке дүкендерге тауарларын уақтылы жеткізіп тұрады. Жалпы, бұл ірі наубайханамен облыс орталығындағы дүкендердің 99 пайызы, өңір бойынша 60 пайызы тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді.
Нанның құнарлы болуы үшін технологияны жетілдіріп, өнімділікті арттыру мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Кәсіпорында сапаны бақылайтын технологтар тобы жұмыс істейді. Олар түрлі семинарларға барып, біліктіліктерін арттырып отырады.
– Өнімге түрлі дәмдеуіштерді қосуға тыйым салдым. Осылайша, толықтай экологиялық таза тауар шығаруға көштік. Мәселен, кішігірім наубайханалар үлкен табысты қуады. Оларға технологтар штатын ұстағанша, дәмдеуіштер сатып алған жеңілірек. Алайда, мен мұндай саясатты қолдамаймын, өйткені, тұтынушылардың, оның ішінде туыстарымның химия жегенін қаламаймын. Негізі, біз денсаулыққа пайдалы өнімді шығару арқылы адамдарға медициналық көмек көрсетіп отырмыз десек те болады. Жақында бір дүкенге кіргенімде, 50 жастағы адамның комбинатымыздың нанын сұрап тұрғанының куәгері болдым. Бірақ біздің нан сөреде қалмапты. Одан қызығушылықпен: “Неге басқа нан алмайсыз?” – деп сұрап едім, ол: “Сен әлі жассың, түсінбейсің”, – деп қысқа ғана жауабымен риза етті. Міне, сапаға мән беретін осындай адамдар өніміміздің сұранысын жоғарылатып отыр, – дейді Ерлан Қайшыбеков.
Өткен жылы наубайханада “Vitalnan” брендімен бір рет қана үгілген, қоспасыз бидай ұнынан пісірілген нан шығарыла бастады. Өңіріміз үшін жаңа тауардың нарықта сұранысын өсіру үшін маркетингтік концепция жасалып, автокөліктерге оның пайдасы жазылған жарнамалар ілінген. Бұл жұмыстардың нәтижесінде алты айда мұндай нанды күнделікті шығару екі есеге артыпты. Оған қоса, комбинатта осындай ұннан печенье де әзірленеді. Құрамында химиялық қоспасы жоқ нан, әсіресе, саламатты өмір салтын ұстанатын тұтынушылар тарапынан мол сұранымға ие. Ал дайындау технологиясын комбинаттың технологтары жасаған өнімнің нарықтық бағасы арзан емес. Өйткені, оған жұмсалатын шикізат пен уақыт нанның өзіндік құнын көтеріп, бағасын қымбаттатады. Оның сұранысқа ие екенін байқаған кейбір кәсіпкерлер оған ұқсас өз өнімдерін пісіріп те жүрген көрінеді. “Естуімше, бізден лицензия алдық деп алдайтын наубайшылар да бар. Олар технологияны дұрыс жасай алмай, сапасыз пісірілген нанымен біздің кәсіпорынның беделіне нұқсан келтіреді. Себебі, тұтынушы ол нанды да біздікі деп ойлайды”, – деді серіктестік басшысы.
350-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған наубайханада орташа еңбекақы – жетпіс мың теңге. Кәсіпорынның тәжірибелі еңбеккерлерінің арқасында талай қиындықтар еңсерілген. Көбінің еңбек өтілі 30-40 жылдан асатын жұмысшылардың еңбегі бағаланып отырады. Мәселен, жақында ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күнінде бас технолог Гүлфия Шарипова мен цех бастығы Татьяна Утенкова облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталыпты.
Қазіргі таңда комбинаттың өткізу бөлімінің қызметкерлері ресейлік тұтынушылармен келісімшартқа отыру жөнінде белсенді жұмыс істеуде. Өткен айда Омбы қаласындағы “Казмаркет” жауапкершілігі шектеулі қоғамына алғашқы тапсырыс жеткізіліпті. “Vitalnan” брендті нанды жеткізу бойынша Көкшетау қаласындағы бес супермаркетпен келісімшартқа отырған. Алдағы уақытта өнімді Астанаға және Ресейдің Қорған, Түмен қалаларына жіберу жоспарланған. Сонымен қатар “Vitalnan” брендімен пайдалы ингредиенттермен байытылған кептірілген нанды, кондитерлік өнімдерді жасап шығару көзделіп отыр.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.