Кеше облыс орталығында “Богатырский продукт Север” ЖШС кәсіпорнында бидайды тереңдетіп қайта өңдейтін диірмен цехы пайдалануға берілді. Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров қатысты.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге ерекше басымдық берілуі тиіс екенін айтқан болатын. Бүгінде кәсіпорын облыстың экономикалық әлеуетін арттыруда жұмыс ауқымын кеңейтіп, өз өнімдерін шығаруды қолға алды. Бұл цех өңірдегі өңдеу өнеркәсібін өркендетуге өз үлесін қосады деп ойлаймын. Диірмен цехы Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығында ашылған 17-ші жоба болып табылады. Жаңа кәсіпорынның ашылуы облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуында маңызды рөл атқарады. Қазір қосымша 70 жұмыс орны ашылды. Облыс кәсіпкерлері өңірдің дамуына осылайша өз үлестерін қосуда, – дей келе Айдарбек Сейпілұлы “Богатырский продукт Север” ЖШС компаниясының директоры Анатолий Лукашовпен бірге диірмен кешенін іске қосты.
Серіктестік директорының айтуынша, диірмен цехының құрылыс жұмыстары 2014 жылы басталып, жоба “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында қаржыландырылды. Жиын барысында кәсіпорын директоры жобаны жүзеге асыруға қолдау білдірген облыс басшылығына өзінің ризашылығын жеткізіп, алдағы уақытта ұжым жұдырықтай жұмылып, табысты жұмыс істейтініне сендірді.
Бүгінде кәсіпорын Өзбекстан, Ауғанстан елдерімен экспорттық байланыс орнатты, алдағы уақытта өнімдер шетелдерге жөнелтілетін болады. Мұнда ұнның 7 түрі өндіріліп, өнімдер “Тамерлан” сауда белгісімен сатылымға шығарылады. Сонымен қатар, кебек, ұнтақ жармасы, макарон, бесбармақ кеспесі өндірілмек. Жоба құны 490 миллион теңге. Диірмен цехы жобасының авторы Вячеслав Волохин цехта орнатылған заманауи құрал-жабдықтар Түркия елінен сатып алынғанын айтты.
Жиын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жаңа кешенді аралап, алдағы ауқымды жұмысқа сәттілік тіледі.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
«Солтүстік Қазақстан».
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.