2025 жылдың алғашқы бес айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері облыс әкімдігінде өткен жиында талқыланды. Өңірде өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы және сауда саласында өсім байқалғанымен, кейбір аудандар артта қалған. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 70 миллиард теңгені құрап, 7,5 пайызға артқан. Жиында өңірдің туристік әлеуетін дамыту мәселесі де сөз болды.
Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов төрағалық еткен жиында Петропавл қаласы, Айыртау, Ғабит Мүсірепов атындағы, Жамбыл, Уәлиханов аудандарында бірқатар жоспарлы жұмыстардың орындалмағаны айтылды. Мамлют және Ақжар аудандарында екі көрсеткіш бойынша жоспарға қол жеткізілмеген. Облыстық экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша өңірлік өсімді 6 пайызға жеткізу қажет екенін атап өтті.
Ауыл шаруашылығы саласында бірқатар мәселелер бар. Атап айтқанда, ірі қара мал басы 2,5 пайызға азайған. Ет өндірісі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 7 пайызға, Қызылжар ауданында 0,8 пайызға төмендеген. Сүт өндіру көлемі Аққайың, Ақжар, Айыртау және Шал ақын аудандарында азайғаны байқалды. Жұмыртқа өндірісінде де кейбір аудандарда көрсеткіштер төмендеп отыр.
«Ірі қара 2,5 пайызға азайған. Сүт өндіру көлемі Аққайың ауданында – 14,9, Ақжар ауданында – 11, Айыртау ауданында – 3,6, Шал ақын ауданында – 3,3 пайызға төмендеген. Жұмыртқа өндірісі бойынша да кейбір аудандарда көрсеткіш көңіл көншітпейді», – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Отырыста өңірдің туристік әлеуетін дамыту мәселесі кеңінен қозғалды. Әр ауданның табиғи және тарихи мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттілігі айтылды. Есіл ауданында 540-тан астам көл бар, бұл балық аулау мен аңшылық туризмін дамытуға мүмкіндік береді. Қызылжар ауданында қысқы, жағажайлық және демалыс күнгі турлар үшін қолайлы жағдайлар бар. Шал ақын ауданындағы Сергеев су қоймасы жағажайлық демалыс пен балық аулау туризмін дамытуға ыңғайлы. Мамлют ауданындағы Меңкесер көлі – емдік және агротуризм үшін үлкен әлеуетке ие.
Бірақ өңірдегі туристік инфрақұрылым жеткілікті деңгейде дамымаған. Көптеген демалыс орындарында бағыттаушы белгілер, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен арнайы аймақтар қарастырылмаған.
«Тағы бір маңызды міндет – кәсіби гидтерді дайындау. Бүгінгі таңда облыста WFTGA стандарты бойынша білімі бар 5 экскурсия жүргізуші ғана бар. Маусым кезінде туристер саны 100 мың адамға дейін жетеді. Сондықтан гидтерді даярлау жұмысын жалғастыру қажет», – дейді облыстың туристік қауымдастығының төрағасы Владимир Витченко.
Облыс әкімі сапалы демалысқа жағдай жасау – қала мен ауыл үшін де өзекті екенін айтып, демалыс орындарын абаттандыру бағытында кәсіпкерлермен жұмыс істеуді тапсырды. Туризм саласында жаңаша, креативті бағыттар жасау қажеттілігіне де тоқталды.
«Туристік қызметтердің сапасын арттыру үшін негізгі туристік маршруттар бойында тұрақты мобильді байланыс пен жол инфрақұрылымы мәселесін шешу қажет. Сапалы демалыс мәселесі облыстың барлық аумағы үшін – қала мен ауылды қоса алғанда өзекті болып отыр. Аудан әкімдеріне демалыс орындары мен өзге де инфрақұрылымды абаттандыру бойынша кәсіпкерлік субъектілерімен жұмысты жолға қою тапсырылды. Туризм саласында креативті көзқараспен жаңа бағыттар жасау қажет», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Туризмді дамыту мақсатында облыста «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» атты халықаралық суретшілер симпозиумын өткізу, Петропавл қаласында «Мағжан орталығын» ашу және дәстүрлі «Qyzyljar Music Fest» халықаралық фестивалін ұйымдастыру жоспарланған.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».