«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМА АЯҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Петропавлда “Жеңіс жауынгерлері” жобасы 2-ші мәрте ұйымдастырылады. Әлеуметтік бастаманы 16 жастағы мектеп оқушысы Богдан Рыхликов қолға алып отыр. Ол наурыздың біріне дейін тұрғындардан Ұлы Отан соғысына қатысқан жандар мен тыл еңбеккерлерінің суреттерін қабылдайды. Кейін содан Жеңістің 75 жылдық мерейтойына арнап үлкен фотоколлаж жасап шығаруды жоспарлап отыр.

Петропавлдағы бірінші гимназияда оқитын Богданның Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арнап тамаша тарту жасағанын жерлестері ұмыта қойған жоқ. Жерлесіміз бір ай бойы Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің суреттерін жинастырды. Кейін содан коллаж жасады. Онда 2 мыңға жуық адамның бейнесі орналастырылған. Олардың арасында өз жерлестеріміздің ғана емес, шетелдерден жолданған фотосуреттер де бар. Богданның өзі мұндайды күтпегенін айтады. Тек техникалық жағдайларға байланысты жіберілген суреттердің барлығын бірдей коллажда көрсете алмағанына көңілі жабырқаулы. Сол себепті кейбір тұстарына бір бейнені бірнеше рет қоюға тура келіпті.
Белсенді жасөспірімнің жұмысы көпшіліктің көңілінен шықты. Дүйім жұрт әлі күнге дейін фотоколлаждың жанынан келіп, бүгінгідей бейбіт күн сыйлаған батыр бабаларының суреттерін қарайды.
Богдан мұнымен тоқтап қалмай, “Жеңіс жауынгерлері” жобасын екіншіші мәрте ұйымдастыруды қолға алды. Жасөспірім қыркүйек айының 2-сінен наурыздың 1-іне дейін тұрғындардан суреттерді қабылдамақ. Жиналған дүниелерден ол алғашқыдан да үлкен фотоколлаж жасамақшы. Осылайша 9-шы Мамыр мерекесіне тағы ерекше тарту жасауды ұйғарды. Мұны қалалық ардагерлер кеңесі қолдап отыр.
“Келесі жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығын тойлайтынымыз баршаға белгілі. Осыған орай акцияға бастау бердік. Қазіргі уақытта ұйымдар майдангерлердің, тыл еңбеккерлерінің фотосуреттерін жинап жатыр. Қаламызда 44 мың 938 зейнеткер бар, олардың 125-і Социалистік Еңбек Ері болса, 51-і – Жеңіс күнін жақындатқан жауынгерлер. Өкінішке қарай, жылдан-жылға олардың қатары сиреп барады. Сондықтан соғыс отын өз көзімен көрген жандарды кейінгі толқын тануы тиіс. Бұл шара жастардың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастырады деп ойлаймын”, – деді Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Сара Тасеменова.
Оқушының бастамасы тұрғындар тарапынан да қолдау тапты. Олардың көпшілігі алдағы уақытта жасалатын фотоколлажға жеңісті жақындатқан туған-туысқандарының суреттерін қосуға ниетті.
Суреттерді Интернационал көшесіндегі “Парк Хаус” қонақүй компаниясының кеңсесіндегі мамандар күнде демалыссыз тәулік бойы қабылдайды. Бұған қоса жұмыс күндері муниципалдық телеарнаға келіп те тапсыруға немесе 9mayaphoto@mail.ru мекенжайына жіберуге болады.

https://mtrk.kz
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp