«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ОЙДАҒЫДАЙ ОРЫНДАЛУДА

Орталық коммуникациялар қызметінің жергілікті филиалында өткен баспасөз мәслихатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асқар Сақыпкереев 2015 жылы атқарылған жұмыс жайында баяндады.

Оның айтуынша, өткен жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 4 мыңнан астам солтүстікқазақстандық тұрақты еңбекпен қамтылыпты. Петропавл қаласында жастарға арналған 2 жатақхананың құрылысы аяқталған. Жаңа баспанаға тұрғындарды орналастыру жұмыстары апта соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

2015 жылғы 1 шілдеде 4 ауданда тұрғындардың аз қамтылған санаттарына белгілі бір талаптармен ақшалай көмек көрсетуге арналған жоба енгізілген. Ол аз қамтылған тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеруді, кедейлікте өмір сүретін отбасыларды масылдықтан арылтып, нақты кірістерді көбейтуді мақсат етеді.  

Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында тұрғындардың әлжуаз топтарына әлеуметтік қолдау көрсету туралы айтады. Асқар Жоламанұлы осы бағытта да жүзеге асқан істерге тоқталып өтті. 2015 жылы облыста аз қамтылған азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға жәрдемақы, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына тұрғын үй және әлеуметтік көмек түрінде қолдау көрсетуге 617,4 млн. теңге бөлінген. Бүгінде облыстағы аз қамтылған азаматтардың саны – 8,2 мың адам.

2015 жылы қоныс аудару мәселесі бойынша 44 адам облыстың аудандарында болып қайтқан. 60 адамға телефон арқылы консультация берілген. Соның нәтижесінде 37 мүшесі бар 18 отбасы облысқа қоныс аударған. Көшіп келгендерге тұрғын үй беріліп, 21 адам бос жұмыс орындарына орналастырылған.

Тұрғындардың қорғалмаған топтары арасында мүгедектер ерекше орын алады. Облыста осындай 29 мың адам бар. Олардың әрқайсысына тиісті әлеуметтік көмек көрсетілуде.

– Тұтастай алғанда, атқарылған шаралар солтүстікқазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды орындау бойынша Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді нәтижелі жүзеге асыруға және тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді, – деді Асқар Сақыпкереев.

Баспасөз мәслихаты барысында қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Айжан Ілиясова Петропавлда атқарылған жұмыстар жайында мәлімет беріп, бұл орайда алда тұрған міндеттерге тоқталып өтті.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp