
Үстіміздегі жылы республика бойынша бидайдың шығымы қуанта қоймағаны белгілі. Осыған орай алтын дәннің құны күрт өсіп, нан бағасы қымбаттады. Десек те, біздің өңірде ас атасының бағасын тұрақтандыру үшін жасалған алдын алу шараларының арқасында дүкен сөрелерінде әлеуметтік нанның бағасы 61 теңгеден аспайды деген үміт бар.
– Тамыз айында ұнның бағасы қымбаттайтынын сездік. Ал бұл ұннан жасалатын өнімдердің бағасына да әсер ететіні түсінікті. Қазір кейбір өңірлерде әлеуметтік нанның да бағасы қымбаттады. Осы орайда біз тамыз айында үш мың тонна ұн сатып алдық. Әлеуметтік нанның бағасын осы деңгейде келер орақ науқанына дейін сақтауды көздеп отырмыз. Республика бойынша ең арзан әлеуметтік нан біздің өңірде, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. Петропавл қаласының тұрғындарын ас атасымен қамтамасыз ету үшін наубайханаларға айына 900 тонна ұн қажет екен. Нан бағасын тұрақтандыру үшін ұнның 300 тоннасы әлеуметтік нанды пісіруге бөлінеді. Сонымен қатар, жанында диірмені бар нан-тоқаш кәсіпорындарына төмендетілген бағамен бидай жеткізілуде. Бұл да әлеуметтік нан бағасын 61 теңге көлемінде сақтауға мүмкіндік береді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің айтуына қарағанда, әлеуметтік нан облыс орталығындағы 450 азық-түлік сауда орындарында сатылады.