
Петропавл қаласындағы №44 орта мектепте көздерінде кемістігі бар балалар үшін ашылған коррекциялық сыныпта балғындарға жалпы білім берумен қатар, түзету бағытындағы әлеуметтік тұрмыстық бағдарлау, кеңістікте өз-өзін ұстау, мимикасы мен пантомимика, түзету ритмикасы, емдеу-сауықтыру дене шынықтыру сабақтары топпен және жекеше түрде жүргізіледі. Педагогтердің міндеті – оқушылардың әрқайсысының мүмкіндіктерін ескере отырып, оқу үдерісінде танымдық әрекет қалыптастыру. Ол үшін әр оқушының жеке қабілетін, көру мүмкіндігін зерттей отырып, даму деңгейін айқындаймыз. Сауат ашу, математика, тіл сабақтарына арналған негізгі пәндерге шаршағандарын басатын көз жаттығулары, сергіту сәттері, арнайы құрылғыларда офтальмотүзету элементтері енгізілген. Басқа да қажетті жабдықтар алынған.
Балалардың әрқайсысына қойылған диагноз бойынша оқыту ерекшеліктері де әртүрлі. Соны ескере отырып, сабақты түсіндіру барысында ұлғайтылған әріптер, көлемді заттар мен фигуралар, суреттер, ермексаз, тағы басқаларды пайдаланамыз. Көз кемістігі бар балалардың танымдық белсенділіктері сипау, ұстау және есту арқылы дамитындықтан, олардың заттарды қолдарына ұстап, сипап зерттеулеріне жағдай жасаймыз.
Бұл балаларды оқыту мен тәрбиелеу үдерісінде олардың жас ерекшеліктерін, көру кемшілігінің деңгейін, психикалық және физиологиялық мүмкіндіктерін ескере отырып, жұмыс тәсілдерін таңдаймыз. Ол әдістер баланың кеңістікте өз-өзін ұстауына, қозғалысын түзетуіне, заттарды сипап анықтауына бағытталған білігі мен дағдысын қалыптастыруды көздейді. Осындай жұмыстарды кешенді түрде жүргізе отырып, баланың өз-өзін бағалай білуіне, оқу материалдарын сеніммен меңгерулеріне, қорқыныш сезімінен арылуына қолайлы жағдай жасап, оларды әлеуметтік және қоршаған ортаға бейімдейміз. Баланың бойындағы басқа да жаңа мүмкіндіктері мен қабілеттерін ашуға, оларды түрлі өмірлік күйзелістерге қарсы тұра білуге үйретеміз.
Анастасия ЯКУШЕВА,
№44 орта мектептің
психолог-тифлопедагогі.