«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА ТҮЙТКІЛДЕР КӨП

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтіп, денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы өзекті мәселелер талқыланды. Отырыста медицина саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған “Денсаулық” бағдарламасы аясында өңірде өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев баяндады.

Өткен жылы ауруды ерте кезеңде анықтау мақсатында 289 мың тұрғын скринингтік тескеруден өткен. Соның тоғыз мыңға жуығында түрлі аурулар анықталған. Ал жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу үшін жол картасы жүзеге асырылуда.

– Дәрігерлер облыс бойынша 318 учаскеде тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жетілдіру мақсатында өткен жылы екінші және үшінші қалалық емханаларда отбасылық денсаулық орталықтары ашылды. Биыл тұрғын үйлердің бірінші қабатында қосымша үш отбасылық амбулатория ашуды көздеп отырмыз, – деген, Тимур Сламжанұлы артериялды гипертония, қант диабеті аурулары бойынша шақыртулар саны азайғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, алғашқы медициналық-санитарлық көмек аясында учаскелік медициналық қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңмен 20 пайызға арттырылуда. Сондай-ақ, емдеу мекемелеріне медициналық көмек алуға жүгінген тұрғындардың саны 20 пайызға көбейген. Бұл өз кезегінде созылмалы ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік бергенін атап өткен жөн. “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы бойынша қан айналым жүйесі, инсульт, инфаркт, қатерлі ісікті емдеуге айрықша басымдық берілуде.

Жиында өңір басшысы Құмар Ақсақалов жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің жұмыс жүктемесі азайғанына назар аударып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысынан медицина саласындағы кадр тапшылығы қалай шешімін тауып жатқанын сұрады. Мәселен, қазір өңірімізде 228 дәрігер жетіспейді. Әсіресе, терапевт, педиатр, акушер-гинеколог, хирург сияқты мамандар қажет. Қаладағы барлық емханалар мен бір аудандық аурухана кардиологпен қамтамасыз етілсе, қалған аудандарда маман мүлде жоқ. Ал маман тапшылығы денсаулық сақтау жүйесіне кері әсерін тигізері анық. Өйткені, өңірімізде қан айналым жүйесі аурулары бойынша өлім-жітім көрсеткіші 3,6 пайызға өсті. Уәлиханов, Мамлют, Ақжар, Есіл аудандарында қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім облыстық орташа көрсеткіштен жоғары. Бұл орайда облыс әкімі аудандарда кадр тапшылығын жойып, денсаулық сақтау саласында жүйелі жұмыс жүргізу қажет екенін атап өтті.

– Әкімдердің есеп беру кездесулерінде тұрғындар тарапынан денсаулық сақтау саласына қатысты көп сұрақ қойылды. Сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алмаған тұрғындар шағымдарын айтты. Сондықтан медицина саласындағы күрмеуі қиын мәселелерді шешіп, қызмет көрсету сапасын арттыруға тиіспіз, – дей келе өңір басшысы отбасылық денсаулық орталықтарының жұмысына ерекше мән берді.

Дені сау ұлт – мемлекеттің басты байлығы. Елімізде ана мен бала денсаулығына айрықша көңіл бөлінген. Өңір тұрғындарының 52,7 пайызын әйелдер құраса, өткен жылдың он бір айында 6442 жүкті әйел диспансерлік есепке тұрған. Туа бітті аурулардың кең таралуына байланысты балалардың өлім-жітімі 26,4 пайызға артып, бір ана өлімі тіркелді. Отырыста Тимур Сұлтанғазиев қатерлі ісік, туберкулез ауруларына да тоқталып, тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің жайы туралы әңгімеледі. 2018 жылы “СК Фармация” ЖШС арқылы 4,4 миллиард теңгеге қажетті дәрілік заттар сатып алынды. 80 мыңға жуық науқас тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізді. Биыл бұл жұмыс жалғасын тауып, 3 миллиард теңгеге медициналық техника сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар облыстық ауруханаға магниторезонанстық томография мен ангиограф алу көзделуде. Ауруханаларда құжаттар электронды жүйеге көшіріліп, 700 орындық көпсалалы медициналық кешеннің құрылысы басталмақ.

Күн тәртібінде қаралған келесі мәселе бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова сөз сөйледі. Ол бәсекеге қабілетті саналы ұрпақ тәрбиелеуде ауқымды міндеттерді саралады. Өткен жылы өңірде бес мыңға жуық оқушы ішкі жиынтық бағалаудан өтсе, Жамбыл, Мамлют, Тайынша, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда көрсеткіш төмен болған. Гүлмира Райынбекқызы 2019 жылы білім беру инфрақұрылымын дамытуға 393,9 миллион теңге бөлінгенін айтты. Баяндамашы облыстың кешенді даму жоспарында білім беру ұйымдарына төрт мыңға жуық компьютер сатып алу көзделіп отырғанын және сандық жүйені жетілдіру қажет екенін алға тартты. Өңір басшысы шағын жинақты мектептерде бір ұстаздың бірнеше пәннен сабақ беруі сапаға кері әсер етіп отырғанына өкініш білдірді.

– Облыстың білім беру жүйесіне биыл 59,9 миллиард теңге бөлінді. Өткен жылдармен салыстырғанда бұл қомақты қаржы. Сондықтан бөлінген қаржыны тиімді пайдаланып, өңірдегі 120 мектепті жөндеуден өткіземіз. Білім беру мекемелерін жөндеуден өткізуге қоғамдық бақылау жүргізу қажет, – дей келе облыс әкімі Құмар Ақсақалов отырыс соңында орынбасарларына көктемгі су тасқынының алдын алуға, көмір, нан бағасын назарда ұстауға кеңес берді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген Вадим МУДАРИСОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp