«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

Жастар сарайында әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар әлеуметтік сала қызметкерін марапаттады. 

– Бүгінде мемлекет тарапынан әлеуметтік саланың дамуына ерекше басымдық берілген. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау көрсетуге, сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлді. Облыста аталған сала бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру тиісті деңгейде орындалуда. Көрсетілетін қызмет сапасын одан әрі жақсарту бойынша тұрақты жұмыстар жүргізілуде, – дей келе Асқар Жоламанұлы бүгінгі таңда 150 мыңнан астам өңір тұрғынына мемлекеттік қолдау көрсетілетінін жеткізді. Соның ішінде бес мыңнан астам адамға стационарлық және жартылай стационарлық, үйде әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Өңірдің әлеуметтік қорғау жүйесінде 42 орталық пен 2200 қызметкер жұмыс істейді. Оның айтуынша, соңғы жылдары әлеуметтік қорғау жүйесін қаржыландыру көлемі ұлғайып, атаулы әлеуметтік көмек төлемінің шарты өзгерді. “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлері мен бұрын “Батыр ана” атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін бірреттік әлеуметтік көмек көлемі де екі есе ұлғайды. Мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналарға төленетін жәрдемақы отыз пайызға өсіп, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға кәсіп ашу үшін мемлекеттік гранттар берілуде. Көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесі де оң шешімін тауып жатқанын тілге тиек еткен Асқар Жоламанұлы жыл басынан бері 51 отбасы баспаналы болғанын айтты. Тұрғын үй-құрылыс-жинақ банкі жеңілдетілген несие бойынша “Бақытты отбасы” бағдарламасын іске қосып, бүгінгі таңда жүзден астам отбасы пәтер кілтін алған. 

Шарада облыс әкімінің орынбасары жан жылуы мен бойындағы ерік-жігерін қамқорлықты қажет ететін адамдармен бөлісіп жүрген әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға беріп, жұмыстарына жеміс, дендеріне саулық, отбасыларына бақ-береке тіледі.
Салтанатты жиында жылдар бойы атқарған адал еңбегі және әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін Ұмсындық Мұсылманова, Григорий Бер, Бақытжан Өтеева, Людмила Озинковская, Күлбаршын Ахметова мен тағы басқалары облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, бірқатарына Алғыс хаттар табыс етілді. Ал Айыртау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Ақлима Ахметжанова “Еңбек ардагері” медалімен, аталмыш ауданның әлеуметтік қызмет көрсету орталығының санитары Еркебұлан Мұқышев пен еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Сәлима Алпысова “Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі” төс белгісімен марапатталды. Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Құрмет грамотасы Смирнов әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкері Наталья Горшковаға табыс етілді. Биыл тамыз-қазан айларында облыста “Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері” атты республикалық байқаудың іріктеу кезеңі өткен болатын. Облыстық байқау қорытындысы бойынша Тайынша әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жоғары баға берілді. Өңірлік іріктеу кезеңінде Анар Әбдірахманова, Марина Никибаева, Нұрлан Темірғалиев, Оразбек Айдарбеков сынды әлеуметтік сала қызметкерлері үздіктер қатарынан көрініп, жеңімпаз атанды.
Ал жыл сайын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі “Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары” республикалық байқауын өткізетінін де айтып өткен жөн. Аталмыш жоба мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетуге арналған. Бұл байқаудың облыстық кезеңіне 28 жоба ұсынылған екен. Тек соның үшеуі ғана республикалық байқауға жолдама алды. Елімізде алғаш тірек-қимыл аппараты бұзылған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автокөлік мектебін ашқан Сәлімхан Сәбитовтің “Равная дорога” жобасы бірінші орын алса, Тайынша, Қызылжар, аудандарынан қатысқан Иван Бурковский, Оксана Яровая екінші және үшінші орындарды тең бөлісті. Салтанатты шарада жеңімпаздарға дипломдар мен сертификаттар табыс етілді.
– “Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары” республикалық байқауына қатысып, өзімнің мүмкіндігімді көрсетуге тырыстым. Бүгінде менің жобам сәтті жүзеге асырылуда. Осындай байқаулардың арқасында мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен көмек көрсетіліп жатқанына қуаныштымын. Жастарды қолдауға бағытталған мұндай шаралардың маңызы зор, – дей келе жоба жеңімпазы Сәлімхан Сәбитов автомектепте 17 түлек жүргізуші куәлігін алғанын айтып, сыйақыға берілген жарты миллион теңге кәсіп аясын кеңейтуге жұмсалатынын жеткізді.
Салтанатты жиын соңында өңір өнерпаздары Қызылжардың аспанын ән мен жырға бөлеп, әлеуметтік сала қызметкерлеріне ұмытылмас әсер сыйлады.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp