«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІК СЕРІКТЕСТЕРМЕН БІРЛЕСІП, білікті мамандар даярлаймыз

Техника мен технология қарқынды дамып, қай салада болсын өзгерістер болып жатқан кезде уақыт көшінен қалмау – кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің басты міндеті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың негізгі алты саласына білікті кадрларды әзірлеуді, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына таратуды Үкіметтің кеңейтілген отырысында жария еткен Ұлт жоспары – 100 нақты қадамда белгілеп берді. Осыған орай, колледж бітіруші кадрлардың бәсекеге қабілеттілік деңгейін жоғарылату – кәсіптік-техникалық білім беруді жетілдірудің алғышарты. Өйткені, бүгінде кәсіби білікті жұмысшы мамандарға сұраныс артып отыр.

Петропавл қаласындағы қызмет көрсету саласы колледжінің білікті жұмысшы кадрларды даярлауда өзіндік қолтаңбасы бар. Ол – 1930 жылы Петропавл ет-консерві комбинаты жанынан негізі қаланған облысымыздың көне оқу орындарының бірі. Оқу орнының нан комбинаты, сүт зауытымен тарихи байланысы болған. Бірақ бүгінде осы базалық кәсіпорындардың қайта құрылуына байланысты олар үшін мамандар даярлауды тоқтатты. Қазір қызмет көрсету саласы колледжі бес бағыт бойынша, яғни тамақтануды ұйымдастыру (аспаз, аспаз-кондитер), наубайшылық (макарондық және кондитерлік өндіріс, наубайшы), тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу (модельер-пішуші), ісқағаздарын жүргізу және мұрағаттану (хатшы-референт), шаштараз өнері және сәндік косметика (шаштаразшы) мамандарын даярлайды.  

Кәсіптік білім жүйесі осызаманғы экономика сұраныстары мен маңызды индустриялық басымдықтарға жауап беруі керек. Оқу орнында Білім және ғылым министрлігінің стратегиялық жоспарлау және ақпараттық технологиялар департаменті бекіткен 2011-2015 жылдарға арналған қанатқақты стратегиялық даму жоспары жасалған. Онда білім ошағындағы материалдық-техникалық базаны жетілдіру, оқушылармен оқу-тәрбие жұмысын жоспарлы жүргізіп, оларды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу мәселелері көзделген.

Білім ошағы Қазақстан-Норвегия жобасын енгізу жөніндегі эксперименттік алаң болып табылады. Соның аясында соңғы кезде әлеуметтік қарым-қатынас кәсіби білім саласында кеңінен тарап, нәтижесінде жұмыс берушілермен, бизнес құрылымдарымен тығыз байланыс орнады. Еңбек нарығын білікті кадрлармен жүйелі қамтамасыз ету үшін білім ошағы алпыстан аса әлеуметтік серіктеспен екіжақты және үш-жақты шарттар жасады. Олар қызмет жасасу үшін әр тарапқа пайдалы жағдайды қамтамасыз етеді. Бүгінде “Самовар” ЖШС, “Сафин” ЖК асханасы, “ViZaVi Company” ЖШС, “Есіл”, “Астана” мейрамханалары, “Доминанта” сауда үйі, “Далангер” ЖШС, “Нан-инвест” ЖШС, тағы басқалары біздің әлеуметтік серіктестер болып табылады. Жоғары білікті мамандарды даярлау үшін колледждің кәсіби бағытына және мамандардың қызметіне жақын жұмыс беруші кәсіпорындармен шарт жасаймыз. Студенттер заманауи қондырғыларға және технологиялық үдерістерге теорияда ғана емес, тәжірибе жүзінде де үңіле түседі.

Қазіргі өзгермелі әлеуметтік-экономикалық жағдайда кәсіби білім мекемелері өздерінің әлеуметтік серіктестерімен жақсы қарым-қатынас орнатқанда ғана біліктілігі жоғары мамандарды даярлау тапсырмасын орындай алады. Колледжде өңір экономикасы үшін қажетті мамандықтар бойынша 300-ден астам студент оқиды. Бүгінгі таңда білім сапасының көрсеткіші тоқсан алты пайыздан астам. Білім мекемесі мен әлеуметтік серіктестіктер арасындағы тығыз қарым-қатынас аясында түлектер жыл сайынғы кәсіби дайындық деңгейін ойдағыдай тапсырып, біліктіліктерін бекітеді. Бұл студенттеріміздің өндірістік тәжірибеден сапалы өтулері мен әрі қарай жұмысқа орналасуларына мол мүмкіндік беріп келеді. 2010-2014 оқу жылдары аралығында түлектердің алпыс пайыздан астамы облыс пен қала кәсіпорындарында жұмыспен қамтамасыз етілді.

Оқу орнының инженер-педагогикалық ұжымы мен студенттері облыста және қалада өткізілетін барлық іс-шараларға белсене қатысып, кәсіби шеберліктері бойынша түрлі деңгейлердегі сайыстарда жақсы нәтижелер көрсетуде. Үстіміздегі жылы да колледж студенттері “Тамақтануды ұйымдастыру, аспаз” мамандығы бойынша өткен World Skills Kazakstan атты кәсіби шеберліктің өңірлік чемпионатына қатысты. Онда өндірістік оқыту шебері О.Қ.Макишева, Л.П.Лазарь, студенттер Д. Асташкин, В.Черненко, Р.Муртазин жүлделі орындар алды. Сондай-ақ, “Шаштаразшы модельер” мамандығы бойынша өткен республикалық сайыста өндірістік оқыту шебері Н.В.Яблонских пен 2-курс студенті Д.Стригнер 2-орынға ие болды.

Қазіргі уақытта елімізде жастар үшін қолжетімді білім беруді кеңейтуге, кәсіби-техникалық білім мекемелері жүйелерін дамытуға және олардың тәжірибелерін барлық білім жүйесіне таратуға көп көңіл бөлінеді. Еңбек нарығында дайындалатын мамандарға сұранысты ескеру, оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту, оқу-әдістемелік кешенді бірлесіп әзірлеу, оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің кәсіби шеберлігін өндірісте шыңдау, әріптес ұйымдармен, жұмыс берушілермен байланыс орнату өз нәтижесін берді. Жастарды дербес өмірге, бастамашыл еңбекке бейімдеп, әлемдік өркениет бәсекесіне даярлауда колледждің бағыты айқын, келешегі кемел.

Алтынай ҚОЖАХМЕТОВА,

Петропавл қаласының қызмет көрсету

саласы колледжінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp