«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өңірлік филиалына облысымыз бойынша төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған 60 мыңнан астам азамат өтініш білдірген. Бүгінгі күні соның 45 мыңнан астамының есепшотына 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемдер аударылды. Бұл қаржылай қолдауға кімдер ие бола алады? Ол қандай тәртіпте беріледі? Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалы ұйымдастырған онлайн режімдегі брифингте осы және аталмыш тақырыптағы өзге де сұрақтарға Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Гүлбақыт Манабаева мен «Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Анар Жұнысова жауап берді.
Гүлбақыт Хәкімқызы атап өткендей, бұл төлем түрі ресми және бейресми түрде қызмет ете жүріп, табысынан айырылған азаматтарға тағайындалады. Яғни олардың қатарына: шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлері, карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпорын субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлері, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын азаматтар, бірыңғай жиынтық төлемін төлеуші болып табылатын жеке тұлғалар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс тауып, зейнетақы төлемдерін төлеген тұлғалар кіреді. Тағы бір маңызды шарты, өтініш білдірушінің кем дегенде бір айға әлеуметтік аударымдарды жүзеге асырғаны жөніндегі құжаты болуы тиіс. «Бейресми түрде жұмыс істеп, карантиннің енгізілуіне байланысты табысынан айрылған тұрғындар да бұл көмекті алуға құқылы. Ол үшін облыс орталығының азаматтары – бір, ал ауылдық жерлерде тұратындар 0,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бірыңғай жиынтық төлемін төлеуі тиіс», – деді Гүлбақыт Манабава. Еңбек және халықты әлуметтік қорғау министрлігінің бұйрығына сәйкес, кәсіпорындарда немесе бейресми түрде жұмыс істеп, бүгінгі күні бір жастан асқан сәбиімен декреттік демалыста отырған аналар да аталмыш әлеуметтік жәрдемақыға ие бола алады. Ол үшін әйел азаматтарға бір реттік бірыңғай жиынтық төлемін төлеу қажет.
Бүгінгі күні кәсіпорындарда жұмыс істеп, еңбекақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген азаматтарға әлеуметтік төлемді тағайындаудың бірнеше жолы қарастырылған. Яғни, кәсіпорын басшысы мұндай азаматтардың тізімін жасап, оны жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімдеріне ұсынуы керек. Өңір тұрғындары өз еріктерімен де өтініш білдіре алады. Ол үшін Telegram бот желісіне, egov және 42500.enbek.kz сайттарына жүгінуі тиіс.
«Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Анар Жүнісова хабарлағандай, әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін арнайы төлемді алуға құқылы азаматтардың өтініші үш күн ішінде қарастырылып, қаржы олардың жеке есепшоттарына аударылады. Төлем кешіктірілген жағдайда тұрғындар банкке хабарласып, мән-жайды анықтауы тиіс.