«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР ПОРТАЛЫ ҚҰРЫЛАДЫ

Өңірімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс істейтін болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте айтылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, бүгінде облыс аумағында тұратын 27 мың мүмкіндігі шектеулі жан күнбе-күн түрлі қиындықтарға тап болуда. Мәселен, бұл әлеуметтік топқа тиесілі кейбір қызмет түрлерінің цифрландырылмауы, сатып алынған жабдықтар сапасының нашарлығы көптеген мәселелерді туындатқан. “Әлеуметтік қызметтер порталы мүмкіндігі шектеулі жандардың мемлекеттік қызмет түрлерін ешбір тосқауылсыз, әрі сапалы түрде алуға көмектеседі. Ең біріншіден, сыбайлас жемқорлық фактілері тыйылады, өйткені қызмет алушы мен жеткізуші арасындағы байланыс делдалсыз орнатылады. Екіншіден, мүмкіндігі шектеулі азаматтар оңалтудың техникалық құралдарын ерікті түрде таңдай алады”, – деді Нұрлан Жахин.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алмаз Қошманов порталдың негізгі бес міндетіне тоқталды. Енді мүмкіндігі шектеулі тұрғындар арнайы әлеуметтік қызметтерді және санаторлы-курорттық ем шараларын осы жерден таңдай алады. Сондай-ақ, ым-ишара тілінде көмек көрсететін мамандар мен жеке көмекшіні таңдау да осы портал арқылы жүзеге асырылады. “Мемлекет тарапынан оңалтудың қызметтері мен техникалық құралдар құнын өтеу механизмі қарастырылған. Портал арқылы тұтынушы аса қымбат тауарлар мен қызметтерді таңдау кезінде қаржылай қолдауға ие бола алады. 2020 жылы үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында оңалту тауарлары мен қызметтері портал және мемлекеттік сатып алу арқылы көрсетіледі. Еліміз бұл жүйеге 2021 жылы толық көшетін болады”, – деді Алмаз Қошманов.
Сонымен қатар портал қолданысқа берілген соң мүмкіндігі шектеулі азаматтар медициналық-әлеуметтік сарапатамадан тек бір рет қана өтетін болады. Бұдан соң көмекке мұқтаж жандар порталға кіріп, оңалту түрлерін таңдау құқығына ие. Тауарлар тапсырыс берушінің мекенжайына жеткізіледі. Бұл қызмет көрсету мерзімінің 1-2 аптаға дейін қысқаруына мүмкіндік береді.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp