«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ӘЛЕУМЕТТІК ӘМИЯНЫҢЫЗ» БАР МА? Тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізу жеңілдей түсті

Елімізде кез келген адамның тегін дәрі-дәрмек алуына құқығы бар. Оның тізбесін Денсаулық сақтау министрлігі бекітеді. Бүгінгі таңда тегін дәрі- дәрмекті алудың жаңа тәртібі енгізілуде. Енді қызметтің бұл түрі биометрия (адамды бет-әлпеті бойынша сәйкестендіру жүйесі ) және QR-код арқылы жүзеге асырылмақ. Мұндағы басты мақсат – биометриялық ақпарат арқылы емделушілердің тегін дәрі-дәрмек алуға құқығының барын растау.

Былтыр қанатқақты жоба ретінде Астананың 48 медициналық нысанына енгізілген «Face ID» бұдан былай Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты барлық емдеу мекемелерінде қолданылатын болды. Науқасты бет-әлпетінен анықтау жүйесі сала мамандарының жұмысын жеңілдетіп, жемқорлықтың алдын алмақ.

Емханаларға енгізілген ендігі бір өзгешелік – тегін дәрі-дәрмекті «Әлеуметтік әмиян» арқылы алу. Осы жылдан аталмыш сервис ел бойынша толықтай енгізіледі. Бұл шараны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрліктері барлық өңірдің әкімдіктерімен бірлесе атқарады. Бүгінде еліміздегі 700-ден астам медициналық ұйым дәрілерді «Әлеуметтік әмиян» яғни QR-код арқылы беруде. Осы күнге дейін 1,7 миллионнан астам рецепт қағазы бойынша аталмыш тәсілмен берілген. Ендеше медицина саласына енгізіліп жатқан жаңа мүмкіндіктерге егжей-тегжейлі тоқталсақ.

№1. Тегін дәрі-дәрмекті алу тәртібі

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету екі түрге бөлінеді: стационарлық – бұл ауруханаларда дәрілік ем алу, амбулаториялық – емханаларда рецепт бойынша дәрі- дәрмек алу.

Тегін дәрі-дәрмек алу тәртібі қарапайым. Егер емханада әлі биометриялық жүйе енгізілмеген, сондай-ақ мекеме «Әлеуметтік әмиян» жобасына қатыспаған болса, онда дәрі-дәрмекті беру тәртібі бұрынғыдай. Яғни:

– тіркелген жеріңіз бойынша учаскелік дәрігерге бару;

– дәрігерден дәрі-дәрмектің атауы көрсетілген рецепт алу;

– осы қағазбен және жеке куәлікпен тіркелген емханаңыздың дәріханасына бару арқылы алу.

№2. «Әлеуметтік әмиянның» артықшылығы

«Әлеуметтік әмиянның» қызметін пайдалану үшін смартфондағы «App Store» немесе «Play Market» электронды дүкендерінен «eGov Mobile» қосымшасын жүктеу қажет.

«Әлеуметтік әмиян» арқылы тегін дәрі-дәрмек алу үшін:

– «eGov Mobile» қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисін таңдап, ондағы «Дәрі- дәрмекпен қамтамасыз ету» батырмасын басып, қажетті рецепті табу керек;

– рецептің QR-кодын фармацевтке немесе учаскелік мейірбикеге көрсету арқылы қажетті дәрі-дәрмекті алуға болады;

– медицина қызметкері ақпараттық жүйеге қосылған штрих-код сканері арқылы QR- кодты сканерлеген соң дәрілік заттарды береді. Мұндайда қағаз рецептің еш қажеттілігі жоқ. Ұялы телефоныңыз болса жеткілікті.

«Әлеуметтік әмиянды» пайдалану арқылы азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, препараттардың заңсыз айналымының алдын алу көзделген. Басты артықшылық – амбулаториялық дәрі- дәрмекпен қамтамасыз ету аясында препараттар алатын, сондай-ақ созылмалы аурулармен ауыратын адамдарға қағаз рецепті алу үшін кезекке тұрудың қажеті болмайды. Мейірбике белгіленген дәрілік заттарды кезексіз-ақ жазып береді.

Дәрілік заттарды беру жүйесінің басқа да тиімді тұстары баршылық. Мәселен:

– дәрілік заттарды алу тарихы қолжетімді;

– қызмет сапасын бағалау мүмкіндігі қарастырылған;

– пікір қалдырып, оған сурет немесе видео тіркеуге болады;

– науқас тарапынан төмен баға қойылған жағдайда автоматты түрде жауапты мемлекеттік органға электронды хабарлама жіберіледі.

№3. «Face ID» қалай жұмыс істейді?

«Әлеуметтік әмиян» сервисі қызметінің тілін түсінбейтін қарт кісілер емханаға барып «Face-ID» мен веб-камералар арқылы сәйкестендіруден өту арқылы қажетті дәрісін алады. «Face ID» дегеніміз – мәліметтер базасы негізінде бет-әлпетті сканерлеу және пациенттерді жеке тұлғалық сәйкестендіру. Бет-әлпет арқылы биометриялық сәйкестендіру үшін:

– емханаға барған кезде мейірбикенің үстелінде орналастырылған «Face-ID» мен веб-камералар арқылы сәйкестендіруден өту қажет;

– қажетті дәрі-дәрмектер науқастың өзіне табыс етілуі тиіс.

Егер бағдарлама пациентті базадағы ақпаратпен сәйкестендіре алмаса, онда «eGov» қосымшасына кіріп, алты таңбалы санды айту керек. Электронды қосымшаларды пайдалану мүмкін болмаса, жеке басты куәландыратын құжатты көрсетіп, қажетті дәрілерді әдеттегідей қағаз рецепт арқылы алуға болады. Сондай-ақ барлық емханаларда сандық сервистерді қалай пайдалануға болатыны жайында нұсқаулықтар болуы тиіс.

№4. Қандай дәрі-дәрмек тегін?

Бүгінгі таңда амбулаторлық деңгейде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде – 54 және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 127 ауру түрі бойынша науқастар тиісті дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі.

Бюджет қаражаты есебінен тегін дәрілерді төмендегі аурулармен диспансерлік есепте тұрған емделушілер ала алады:

– жүректің ишемиялық ауруы;

– созылмалы жүрек ауруы;

– жүрек қақпақшаларының зақымдануы;

– бастапқы өкпе гипертензиясы;

– бронхиалды астма;

– өкпенің созылмалы обструктивті және интерстициальді ауруы;

– пневмония, тыныс демікпесі;

– тері және тері асты аурулары;

– ас қорыту ағзаларының ауруы;

– эндокриндік жүйе ауруы;

– сүйек бұлшық-ет жүйесі мен дәнекер тін ауруы;

– жүйке жүйесінің аурулары;

– психикалық ауытқулар;

– инфекциялық және паразиттік аурулар;

– онкологиялық аурулар;

– несеп-жыныс жүйесі аурулары;

– ағза ауыстырылғаннан кейінгі жағдайлар;

– асқазанда және ішекте ойық жарасы барлар;

– крон және ойық жаралы колит ауруымен ауыратындар;

– В және С вирусты гепатит;

– қояншық ауруы.

18 жасқа дейінгі балаларға төмендегі ауру түрлері бойынша дәрі-дәрмектер тегін беріледі:

– жұтқыншақтың қабынуы, бронхит, тонзилит;

– пневмония, темір тапшылығы анемиясы;

– бір жасқа дейінгі балалар рахит ауруын емдеуге арналған дәрілермен, сондай-ақ бала өмірінің алғашқы жылдарында оларға ана сүтін алмастырғыштар беріледі;

– қан ауруларының ауыр түрлері;

– онкологиялық қатерлі ісік аурулары;

– психикалық аурулар (психоздар немесе бала туғаннан кейінгі ауыр депрессия);

– бүйрек ауруларының ауыр түрлері;

– туа бітті жүрек аурулары;

– эндокриндік аурулардың ауыр түрлері;

– аллергиялық аурулардың ауыр түрлері;

– ВИЧ/СПИД;

– туберкулездің ашық түрі.

Жаңа туған сәбилерге қажетті дәрілік заттары бар қобдиша беріледі.

№5. Дәрі-дәрмек болмаса…

Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша «СК-Фармация» байланыс орталығы арқылы 1439 нөміріне тегін хабарласуға болады. Байланыс орталығындағылар дәрілік препараттарды жеткізу уақыты, көлемі, жарамдылық мерзімі жайлы қажетті мағлұмат береді. Орталық дүйсенбіден жұма күнгі аралықта 9.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс істейді.

Егер дәріханашы дәріні беруден бас тартса немесе ол үшін ақы төлеу керек екенін тұспалдап айтса, Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан құрылған дәрі-дәрмек ақпараттық орталығының 8 800 080 88 87 нөміріне қоңырау шалып, шағым қалдыру керек.

Дайындаған

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp