Кәсіподақтардың басты міндеті қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін және еңбек құқықтарын қорғау болып табылады, өйткені ол – кәсіподақ ұйымдарындағы барлық мүшелердің негізгі міндеті.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің “Қазақстан – 2050” Стратегиясы және “Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпы Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” бағдарламалық құжаттарында уақыттың сынақтарын лайықты еңсере алатын барынша әлеуметтік саясат әзірлеу қажеттігін атап көрсетті. Сол жағдайларды жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасының “Кәсіптік одақтар туралы” жаңа Заңы әзірленіп, 2014 жылы 27 маусымда қабылданды.
Жаңа Заңда кәсіподақтар қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғайтын, барынша іс-әрекет ететін институттардың бірі ретінде қаралады. Онда салалық және аумақтық әрбір мүшелік ұйымдардағы кәсіподақтардың қызметі регламенттеледі. Заң әлеуметтік әріптестіктегі кәсіподақтардың рөлін күшейтуге, әлеуметтік-еңбек дауларының алдын алуға, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Құжатта кәсіподақтардың жұмыс берушілермен және қызметкерлермен өзара іс-әрекет ету тетіктері айқындалған. Мемлекеттік органдармен де тиімді әлеуметтік диалог жүргізу қағидаттарына негізделген кәсіподақтар қызметінің бірыңғай саясатын жүзеге асыру қарастырылған. Өз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін сотқа талап іс беру, сотта, басқа мемлекеттік құрылымдарда олардың мүддесі үшін сөйлеу, қызметкерлерге басқа да құқықтық көмек көрсету, заңгерлік консультациялар құру және басқа да заңгерлік көмектер көрсету құқығы туралы нормалар енгізілген. Заң бекітетін құқықтармен бірге міндеттер де айқындалған.
Заңға сәйкес кәсіподақтар өз құзыреті аясында әлеуметтік-еңбек дауларының алдын алу бойынша шаралар қолдануға, еңбеккерлердің құқықтық сауаттылығын көтеру үшін түсіндіру жұмысын жүргізуге міндетті. Бұл міндеттерді орындай отырып, облыс кәсіподақтары 2013-2015 жылдарға арналған облыстық және республикалық шаралар жоспарларына сәйкес азаматтарды жалпыға міндетті құқықтық оқытуға тартуда.
Мемлекеттік қызметшілер арасында құқықтық әзірлікті көтеру мақсатында еңбек заңнамаларын жетілдіруге арналған лекциялық курс Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің өңірлік орталығы жанындағы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламасына енгізілген.
Қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелеріне арналған курстармен ынтымақтастық кезінде еңбек қатынастарын реттеу бойынша мәселелерді қарастыруға көңіл бөлінеді. 2014 жылы 550-ден астам тыңдаушы қатысқан 14 топ курстан өтті, биыл 200 адамды қамтыған 12 топ жұмыс істеді.
Кәсіподақ орталығында келушілерді тұрақты қабылдау ұйымдастырылған. 2014 жылы – 865, биыл 250-ден астам адамға құжаттар толтыру, қолданыстағы заңнамалардың нормаларын және ұжымдық келісімшарттардың ережелерін түсіндіру бойынша практикалық көмек көрсетілді.
Заңда кәсіподақтардың республикалық, салалық, өңірлік және ұйымдық деңгейде әлеуметтік әріптестікке қатысуына арналған нормалар да бар. Облыс кәсіподақтарының белсенді ынтымақтастығымен әлеуметтік әріптестік институты аясында үстіміздегі жылғы 2 ақпанда облыс әкімдігі, облыстық кәсіподақтары орталығы және облыстық жұмыс берушілер бірлестігі арасында 2015-2017 жылдарға арналған келісімге қол қойылды.
Мемлекет басшысы жариялаған “Ұжымдық келісімшарт жасаңдар” акциясына сәйкес облыста кәсіпорындар мен ұйымдарды қамтуды кеңейтуге арналған жұмыс жалғасуда. 2015 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша ұжымдық келісімшарт жүйесімен 3773 кәсіпорын қамтылды, бұл 20-дан артық қызметкері бар жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарының 96,9 пайызы. Облыс кәсіпорындарының жыл сайынғы “Парыз” әлеуметтік жауапкершілігі бизнесіне арналған байқауға қатысу әлеуметтік әріптестіктің бөлінбес бөлігі саналады. Өткен жылы жеке кәсіпкерліктің 30-дан астам субъектісі осы байқауға қатысты, оның 12-сі – кәсіподақ ұйымдары бар өндіріс орындары. Н.Луговой басқаратын “Агро-Север” “Үздік әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын” аталымында, З.Шаяхин басқаратын “Сенім” ЖШС “Үздік ұжымдық келісімшарт” аталымында күміс жүлдеге ие болды.
ҚР Еңбек кодексіне енгізілген өзгертулер ішінде ұжымдық келісімшарт ережелері бойынша қабылданған міндеттерді орындау үшін жұмысберушінің жауапкершілігін арттыру да бар. Тараптардың өкілдері жарты жылда бір рет ұжымдық келісімшартты орындау барысы жайлы қызметкерлерін хабардар етіп отыруға міндетті. Облыста жұмыс орындарында 889 қоғамдық инспектор жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қоғамдық бақылау жүргізеді. Алайда, өндірістік жарақат алу оқиғалары әлі де болса облыс кәсіпорындарында кездесіп қалады. Алдағы съездің жұмысы барысында еңбек қауіпсіздігіне байланысты халықаралық нормаларға сәйкес бағдарламалық құжаттар әзірленіп, қабылданады деп есептейміз.
Жамал АХМЕТОВА,
Солтүстік Қазақстан облысы кәсіподақтары орталығының төрайымы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары
федерациясы ХХІV съезінің делегаты.