«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛИЕВТЕРДІҢ ОТБАСЫЛЫҚ БИЗНЕСІ

Тимирязево ауылындағы Рамиль мен Аида Әлиевтер 10 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысып, 7 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Әлиевтердің аудан орталығындағы нотариалдық кеңсесі, автомобильдерге техникалық қызмет көрсету станциясы жергілікті тұрғындарға кеңінен танымал.

– Әкем Айдын Әлиев Бакуде институтты аяқтап, құрылысшы мамандығын алғаннан кейін жолдамамен сол кездегі Торғай облысының Амангелді ауданындағы Абай ауылына келіпті. Содан ұзақ жыл кеңшарда аға прораб болып еңбек етті. Ағам Амангелді де, апам Флора да, мен де сол жерде дүниеге келдік. Былайша айтқанда, тап-таза қазақстандықпыз. Облыс тарағаннан кейін осы Тимирязев ауданының орталығына қоныс аударып, өз бетімізше түтін түтетуге кірістік. Бұл жерде де біздің ұлттың өкілдері жеткілікті екен. Болашақ жарым Аиданы осы елді мекенде жолықтырдым. Оның ата тегі менікіндей Әлиева болып шықты, – дейді Рамиль Айдынұлы.  

Тұрақты қонысын Тимирязево ауылынан тапқан Әлиевтердің үлкені – Амангелді бұл күндері жеке кәсіпкерлікпен айналысады, Флора Айдынқызы өзі бас болып құрған “Ясаман” әзірбайжан этномәдени орталығын басқарады.

Рамиль Айдынұлы орта мектепті аяқтағаннан кейін өзі қатарлы жастардан кейін қалып қоймау мақсатында білім іздеп, Қостанай қаласына аттанған екен. Сондағы мемлекеттік университеттің заң факультетіне құжаттарын тапсырып, студент атаныпты. Болашақ кәсібіне осы заңгер мамандығының пайдасы тиіп отырғандығын бүгіндері ол атап айтады.

– Ауылға оралғаннан кейін заман ағымына қарай мамандығыма жақын еңбек түрін таңдауыма тура келді. Ойлана келе облыс орталығынан шалғай ауданға нотариалдық қызмет түрлерінің қажет екендігін түсіндім. Сондықтан кеңсеге сай орын дайындап, 2005 жылдан бастап тиісті лицензия алғаннан кейін құжаттарды нотариалды куәландыруға кірістім. Бұл күні Тимирязевода осындай қызмет түрлерімен айналысатын екі-ақ кеңсе бар. Соның біреуі – біздікі. Заңды тұлға ретінде еңбек еткеніме де 10 жылдай болып қалды. Мысал келтіретін болсам, тек өткен жылы ғана жергілікті тұрғындарға 2,5 мыңдай нотариалдық қызмет түрлерін көрсетіппін. Бұл ауылдық жер үшін аз шаруа емес, – дейді Рамиль Әлиев.

Жеке кәсіпкердің нотариалдық кеңсемен ғана шектеліп қалмағанын оның бүгінгі тірлігінен де байқауға болады.

– Мен жеке мекеме ашумен өзімді ғана жұмыспен қамтамасыз еттім. Сондықтан отбасылық бизнесті кеңейтуді ойластырып, бауырым Амангелдімен ақылдастым. Ағам кеңсеміздің жанына гараж салуға кеңес беріп, ақылымен де, қаржысымен де қолынан келгенше көмек көрсетті. Әлі де солай. Соның арқасында гараждың ішінде автомобильдерге ұсақ та жедел жөндеу жасайтын, шина жинақтайтын бокстар аштық. Оған да 5 жыл болып қалыпты, – дейді Рамиль Айдынұлы.

Кәсіпкер жыл сайын гараждың жанына біртіндеп жаңа өндіріс орындарын қосып отырыпты. Қазір Әлиевтердің автокөлік жуатын орны, қосалқы бөлшектер сататын дүкені, мотор жөндейтін цехы бар. Онда Рамильдің балдыздары Афис пен Тұран Әлиевтер слесарь болып жұмыс істейді. Станислав Дерешнявичус та, Елена Садчикова мен Мария Дундукова да автокөліктерге мінсіз техникалық қызмет көрсетуге төселіп алған.

– Кәсіпкерлігімізді қажетті тауарлармен, қосалқы бөлшектермен дер кезінде қамтамасыз етіп тұру үшін кредитке “ГАЗель-бизнес” автокөлігін сатып алдық. Алдағы уақытта станцияны әмбебап сервис орталығына айналдыруды мақсат етіп отырмыз. Ауыл шаруашылығы техникаларына арналған қосалқы бөлшектер дүкенін ашу да ойымызда бар. Зайыбым Аида Нефталиқызы автокөліктерге арналған қосалқы бөлшектер дүкенінде, Алина мен Имран есімді ұл-қызымыз жаңада ғана мектеп табалдырығын аттады. Жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау барда оны тиімді пайдалана білгеніміз жөн, – дейді Торғайдан түлеп ұшқанымен, бұл күндері бар болмысымен тимирязевтік болып кеткен Рамиль Әлиев.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp