Заман өзгеріп, ақпараттық технологиялар алға жылжыған сайын мектеп өмірінде көрініс беріп жүрген кейбір келеңсіз мәселелер назар аударуды талап етеді. Солардың бірі – буллинг, яғни оқушылар арасындағы әлімжеттік. Бұл құбылыс баланың ішкі жан-дүниесіне жара салып, оның оқу үлгеріміне және болашақ өміріне айтарлықтай кері әсер етуі мүмкін. Буллингке бейжай қарауға болмайды, себебі әрбір бала мейірім мен қолдауға зәру.
Ешкім өз баласының мазаққа қалып, біреудің алдында төмендегенін қаламайтыны анық. Алайда ата-ана қанша қамқор болса да, баласын күні бойы бақылап жүре алмайтыны белгілі. Мектептегі мұғалімдер мен тиісті мамандар да жүздеген баланы назарда ұстап тұра алмайды. Ұл-қыздар оқу орнында, дүкенде, қоғамдық көлікте, тіпті ойын алаңдарында да келеңсіз жайға ұрынуы ғажап емес. Біреуден қысым көрген оқушының сабаққа да, басқаға да құлқы болмай, бұл жағдай оның болашағына кері әсер етуі мүмкін. Психолог Гүлдана Қалиева баланың сыртта буллингке ұшырауы үйдегі жағдайға байланысты екенін айтады.
– Буллинг – мектеп оқушылары, колледж, жоғары оқу орны студенттері арасында жиі орын алып отырған өзекті мәселе. Ол оқушының бойына қорқыныш, күйзеліс және сенімсіздік сияқты сезімдерді ұялатады. Буллингтің түрі көп. Физикалық, сөздік, әлеуметтік, сондай-ақ интернет арқылы жүзеге асатын формалары да бар. Ең ауыр түрі – физикалық буллинг, себебі ол баланың өміріне қауіпті. Буллингтің негізгі себептеріне баланың сырт келбеті, оқу үлгерімі, мінез-құлқы немесе әлеуметтік жағдайының өзгешелігі жатады. Кейде балалар әлеуметтік желілерде арнайы чаттар ашып, бір оқушыға қарсы әрекет етеді. Үйде қысым көрген бала көбіне мектепте де буллингке ұшырайды. Мұндай жағдайлар баланың психикасына кері әсер етіп, оқу үлгерімінің төмендеуіне себеп болуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге мұқият көңіл бөлу қажет, – дейді Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың психологы Гүлдана Қалиева.
Әлеуметтік желілердің дамуы салдарынан ғаламтор кеңістігіндегі буллинг оқиғалары жиілеп барады. Ондағы жағымсыз жарияланымдар мен дөрекі мазмұндағы хабарламалар баланың жүйкесіне кері әсер етуде. Ата-анасымен бір бөлмеде отырған баланың дәл сол сәтте желі арқылы буллингке ұшырап жатуы да ғажап емес. Сондықтан үлкендер кішкентай баланың телефонына бақылау жасап, оған кибергигиена ережелерін үйреткені жөн. Алғашында ешкімге елеусіз болып көрінген әзілдің арты ауыр зардаптарға ұрындыруы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген зерттеулер мектептердегі әр сегізінші білім алушы кибербуллингке ұшырағанын көрсетіп отыр. Деректерге сүйенсек, әлімжеттікке көбіне әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары тап болады. Сонымен қатар өзгелерге қысым жасайтын жасөспірімдердің көрсеткіші де көңіл көншітпейді. Қалалық №2 полиция бөлімінің жедел уәкілі Алмат Шоқақтың сөзінше, қатарластарына әлімжеттік жасаған оқушылардың әрекетіне құқықтық баға берілуі керек.
– Буллинг – бұл тек мектеп ішіндегі тәртіпсіздік емес, ол құқықтық тұрғыдан да елеулі мәселе. Біз, құқық қорғау органдарының өкілдері балалардың қауіпсіз ортада өсуі үшін жауаптымыз. Буллингке жол берілмеуі үшін мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқушылардың өзара тығыз байланыста болуы өте маңызды. Егер бала қысымға немесе қорлауға ұшыраса, бұл туралы міндетті түрде ересектерге айтуы қажет. Ал үлкендер ондай жағдайды назардан тыс қалдырмай, тез арада шара қолдануы тиіс. Әр бала өзінің заң аясында қорғалғанын сезінуі керек. Біз бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп, оқушыларды жауапкершілік пен ізгілікке тәрбиелеуді басты назарда ұстаймыз. Буллинг – жай ғана қалжың емес, ол адамның тағдырына әсер етуі мүмкін әрекет, – дейді Алмат Шоқақ.
Әлеуметтік сауалнамалар буллингке көп жағдайда ер балалар баратынын көрсеткен. Оның бір бөлігі өзін қорғау үшін күш көрсетуге мәжбүр болғанын айтқан. Алайда соңғы кезде орын алған жаға ұстатарлық оқиғалар мұндай жағдайлардың қыздардың арасында да орын алатынына қоғамның көзін жеткізді. Әлеуметтік желіде тараған видеода Петропавлдағы бірнеше оқушы қыздың өздері қатарлас жасөспірімді шапалақпен ұрып, ақша бопсалап жатқаны көрсетілген. Қорғансыз қызға қол жұмсаған оқушылардың бір- бірін қолпаштап, заңсыз әрекетке итермелеп жатқаны анық байқалады. Ұлдарды былай қойып, қыздарымыздың жүрегі қарайып, беттен алып, шаштан жұлып, өзгенің ар-намысын аяққа таптап жатуы қоғамның наразылығын туғызды. Күні ертең ана болып, елдің болашақ азаматтарын тәрбиелейтін жасөспірімдердің бесіктен белі шықпай жатып, басқаға қол көтеріп, ит терісін басына қаптап жатуы мектеп пен үйдегі бақылаудың әлсірегенін көрсетеді. Жұртшылықтың ашуын туғызған видео жарияланғаннан кейін тиісті мекемелер аталған дерекке қатысты тексеру басталғанын мәлімдеді.
– Әлімжеттік пен ақша бопсалау белгілері бар аталған жағдай 31 мамырда орын алған. Мектептің әлеуметтік педагогы бұл туралы әлеуметтік желіден білген. Кейін мектеп әкімшілігі болған жағдайды тиісті орындарға жеткізген. Нәтижесінде 6 жасөспірімге қатысты материалдар жинақталып, кәмелетке толмағандар мен олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды. Онда оқушыларды арнайы білім беру мекемесіне орналастыру мәселесі қаралады, – дейді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.
Уәкілетті орган өкілдері жәбір көрсеткен оқушыларға қатысты тергеуді бастаған. Егер олардың ақша бопсалаудағы кінәсі дәлелденсе, 3-7 жылға бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған. Ал жәбір көрген жасөспірімге байланысты жеке жұмыс жоспары жасалып, мамандар соған сай әрекет етуде.
– Менің ойымша, буллинг – бұл кез келген баланың немесе жасөспірімнің өмірінде кездесуі мүмкін күрделі кезеңдердің бірі. Алайда мұндай жағдайлар адамның өмірлік тәжірибесін арттырып, рухани жағынан мықты болуына да септесуі мүмкін. Ең бастысы — қиын сәттерден сүрінбей өтіп, өз-өзіне деген сенімді жоғалтпау. Қазіргі таңда буллинг көптеген мектептерде кездеседі. Өз басым көбінесе сөзбен тиісу мен мазақтаудың куәсі болдым. Бұл жағдайдың өзі-ақ бала психологиясына кері әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан мұндай әрекеттердің алдын алу үшін мектеп пен ата-ана тарапынан қолдау мен бақылау қажет. Әр оқушы өз ортасында өзін қауіпсіз әрі сыйлы сезінуі тиіс, – дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Нұрайым Қайролла.
Шырайлым НҰРҚАНОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.