Ауыл шаруашылығы саласында жарты ғасырға жуық қызмет етіп келе жатқан Қорған Мәдиевті өзі көп айналысқан сұйық азотқа байланысты жұмыс кәрілікке шалдырмай, тың қалпын сақтауға себеп болған сияқты. Биыл жетпістің бесеуіне аяқ басқалы отырса да, алпыстың о жақ-бұ жағындағы азаматтардай өзін тіптік, ширақ ұстап, жеке кәсіпкерлік ісінен қалмай жүргені содан шығар?
Химиядан білетініміздей, сұйық азот ауадан алынатын қос атомды түссіз және иіссіз газ болып саналады. Иісі болмаған соң, оны газға теңеу де қиын, дұрысы ең таза ауадан сүзіп алынған сығынды сұйық деуге болады. Оның басты қасиеті Цельсий бағанасы бойынша 200 градустан асатын суықтыққа жетіп, тірі ағзаны бірден мұздатқан жағдайда тіршілік қасиеттерін ұзақ уақыт сақтап қалатыны. Сондықтан ол малды қолдан ұрықтандыру жұмысында кеңінен пайдаланылады. Сұйық азоттағы мал ұрығын ұзақ сақтап, кез келген уақытта пайдалануға болады. Одан басқа да оның биология, медицина, химия және тағы басқа өндіріс салаларында қолданылатын аясы өте кең. Қорған Едіресұлы, міне, осындай, аса қажетті өнім шығаратын өңірдегі жалғыз азот зауытының директоры болды.
Петропавл ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумында білім алған жас еңбек жолын Шал ақын ауданындағы Ы. Ыбыраев атындағы кеңшарда механик болып бастады. Кейін ауылдас ағасы, аудандық бас мал дәрігері Бәйміш Базарбаевтың қолдауымен аудан орталығында ашылып жатқан азот зауытына ауысты. Сергеевка қаласындағы бұл зауыт республиканың солтүстік өңіріндегі сұйық азот пен оттегі шығаратын бірден-бір кәсіпорын еді. Оны Қорған Едіресұлы өз қолымен тұрғызды деуге болады, өйткені, қазығы қағылған күннен бастап алдымен механик, одан кейін инженер қызметтерін атқарған ол күрделі өндіріс орнының қажетті техникалық құрал-жабдықтарын өзі тасып, өзі орнатқан. Зауыт негізгі өнімі – сұйық азотты сағатына 150 килограмм ғана шығарғанымен, оның өзі облыстан басқа, көршілес Қостанай және бұрынғы Көкшетау, Торғай облыстарының қажетіне толығымен жетіп отырды. Одан басқа өндірістің қосымша өнімі саналатын оттегі де өндірілді. Басында кәсіпорынның техникалық жағына ғана басшылық етіп, одан кейін ширек ғасырға жуық директорлық қызметте болды.
Малды қолдан ұрықтандыру тұрмақ, шаруашылықтардың мал фермалары талан-таражға түскен тоқырау жылдары аталмыш зауыт керексіз болып, жабылып қалды. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан оны сақтап қалуға ниет байқала қойған жоқ. Қайырсыз іске қарап отырғысы келмеген Қорған Едіресұлы 1998 жылы Бескөл ауылына қоныс аударып, өзінің “Жеке мал шаруашылығы” ЖШС-ін құрды. Ондағы мақсаты табындап мал өсіру емес, өзіне етене таныс қара малды қолдан ұрықтандыру жұмысын жалғастыру еді. Бүгіндері пәрменді қолға алына бастаған “Етті қара мал шаруашылығын дамыту” бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан кезде мұның өзі орайын тапқан іске айналуда. Облыстың Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Есіл және Аққайың сияқты мал шаруашылығы жаңадан тыныс алған аудандарына қызмет көрсетеді. Мал тұқымын асылдандыру жұмысын Солтүстік өсімдік және мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бекіткен жоспарларға сәйкес жүргізеді. Онда оған қажетті асыл мал тұқымы репродукциялары, оларды сақтайтын сұйық азот және қажетті құрал-жабдықтардың бәрі бар. Негізінен оларды Ресей мен Беларусьтен, Балтық елдерінен және мал шаруашылығы жақсы дамыған шетелдерден алады.
– Тапсырыс бойынша тұқымдық материалды әлемнің кез келген елінен алдыра аламыз. Қазір көбінесе Ресейдің өзінен табылады. Сұраныстың көбі голштин, герефорд және симменталь тұқымды қашарларға түседі. Ал шағын шаруашылық құрылымдары мен фермерлік қожалықтарға Балтық елдерінің қара ала сиырлары, әулиекөл, алабота және қазақтың ақбас сиыр тұқымдары ұнайды. Аталмыш қара мал тұқымдарының бәрі бізден табылады. Сонымен бірге қазақтың қызыл сиыры тұқымы жоғалып кетпесін деген ниетте Қызылжар және Мағжан Жұмабаев аудандарындағы “Якорь СК” ЖШС-і мен “Үлгілі” ЖШС-інде осы бағытта жұмыс жүргізіп отырмыз. Одан басқа, Қызылжар ауданының “Зенченко және К” КС-мен, “Редин” шаруа қожалығымен, “Петерфельд-Агро” ЖШС-мен, Есіл ауданының “Ильинское” және “Столыпинское” ЖШС-лерімен бірлесіп жұмыс атқарамыз, – дейді Қорған Едіресұлы.
Жетпістің бел ортасындағы ардагерге, әрине, бұл жеңіл жұмыс емес. Қаржыға шаққанда жылына 6-7 миллион теңгенің қызметін көрсетеді. Серіктестіктің құрылтайшысы өзі болып табылатындықтан, көңіл қалауына жататын істі орта жолда тастап кеткісі жоқ. Сондықтан малды қолдан ұрықтандырушы маман Қалиқан Шайменовті атқарушы директорлық қызметке қабылдап, үш жылдан бері оған өз іс-тәжірибесін үйретуде. Одан басқа тағы бір зертханашы қызмет етеді. Сөйтіп, осы үшеуінің ғана серіктестік жұмысын дөңгелетіп отырған жайы бар.
Өзі сияқты зайыбы Күләш Мәжитқызы да зейнеткерлік жасына қарамастан, Қызылжар аудандық ауруханасында фтизиатр-дәрігер болып істейді. Сөйтіп, екеуі де ардагерлік жасқа жеткендеріне тоқмейілсіп қарап отырмай, шама-шарықтары жеткенінше қоғамға пайдалы іспен айналысуда.
Қорған ақсақал Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тауып, сүйегі майдан даласында қалған әкесі Едірестің алдындағы перзенттік парызын өтегеніне де тәубе етеді. Ұзақ жылдар бойы жүргізген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде Тверь облысының Немидово ауданындағы Кутево селосының маңында 1942 жылы қаза тапқан әкесінің бейітін тауып, осыдан бес жыл бұрын басына барып, тәу етіп қайтты. Әкесі 145 адам жерленген бауырластар қорымында жатыр екен.
Алдыңғы толқын осындай асыл ағаларымыздың ортамызда жүргені қандай жақсы?! Олардың өмірге, еңбекке деген зор құлшынысы кейінгі жастарға үлгі.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.