Ардагерлер кеңесі бұрынғы Ленин атындағы, қазіргі Ақжар ауданында 1988 жылы құрылып, содан бері қоғамдық ұйымды төртінші адам басқарып келеді. Осы жылдардың ішінде, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, ардагерлер қозғалысы үлкен жолдан өтіп, ең белсенді қоғамдық бірлестікке айналды.
Егемен еліміздің тарихи бастауында тұрып, өркениетті мемлекетті қалыптастыруға және ел болашағы – жастардың саналы да сапалы тәрбие алуына қазыналы қарттарымыздың қосып жатқан үлесі ұшан-теңіз.
Бүгінгі күні ауданымызда 2100 зейнеткер бар, олардың 4-еуі – Ұлы Отан соғысының ардагері, 7-еуі – соғыс кезінде орденмен және медальдармен марапатталғандар, 4-еуі – қан майданнан елге оралып, қайтыс болған ардагерлердің жесірі, 132-сі – тыл еңбеккерлері.
Ауданымызда 20 бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта олар есеп беру-сайлау конференциясына дайындық жүргізіп жатыр.
Ақжар ауданының аумағында жасы 100-ден асқан 3 әжеміз тұрады. Халықаралық әйелдер күні, Наурыз мерекесінде, Жеңіс күні, Қарттар күні, Жаңа жыл мейрамдары қарсаңында аудан әкімі бас болып, арнайы сыйлық алып, көпті көрген көнекөз қарияларымызды құттықтап шығамыз. Ардагерлер кеңесі 75-80-90 жасқа толған қарт-қарияларды туған күндерімен құттықтап, тарту-таралғы жасауды да естен шығармайды. Жыл сайын 15-20 зейнеткерді шипажайларға жіберіп отырамыз. Балалары жоқ жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектер 4 деңгейлі бағдарлама бойынша мекеме басшыларының қарауына бекітілген. Соған орай 55 адам қамқорлыққа алынған.
Жыл сайын әскер қатарына шақырылған жастарды еліміздің қорғаныс саласына қызмет етуге шығарып салу дәстүрге айналған. Осы іске соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері зор үлес қосып келеді. Үлкен ағаларымыз өз өмірлерінде көріп, көңілге түйгендерін айта отырып, бейбіт уақытта Отан қорғау әрбір азаматтың парызы екендігін түсіндіреді, жастарға батасын береді.
Жылдағы дәстүр бойынша 1 қазаннан 1 қарашаға дейін өткізілетін қарттарға қамқорлық айлығында зейнеткерлерге көп көмек көрсетіледі. Бұл тұрғыда тұрмысы төмен отбасылар, отаға қаражаты жетпейтін әлжуаз, көмекке мұқтаж жандар басты назарға алынады. Олардың барлығына мүмкіншілігіне қарай қолдау көрсетіледі.
Аудандық ардагерлер кеңесінің басшылығымен “Үш буын өкілдерінің кездесуі” жыл сайын өткізіледі. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ауған елінің тыныштығын сақтауға қатысқан интернационалист-жауынгерлер мен оқушылар арасындағы байланыс осылай сабақтасады. “Етігімен су кешіп, мұз жастанған” майдангерлер бастарынан кешкендерін айтып, нағыз патриот қандай болу керектігі жайлы көп мағлұматтар береді. Осындай кездесулер жастардың сана-сезімін оятып, өмірлерінде өшпестей үлкен із қалдырады.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Жеңістің 70 жылдығына ерекше мән-мағына беру керектігін және бүгінгі өскелең ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған кешегі жеңімпаз жауынгерлер мен тылда аянбай еңбек еткен аға ұрпақ өкілдері әрқашан да аса зор сый-құрметке лайық екендігін ескертті. Соған орай ауданымыздағы 4 соғыс ардагеріне – 300 мың, 4 соғыс ардагерінің жесіріне – 34 900, соғыс жылдары орденмен және медальдармен марапатталған 7 зейнеткерге – 74 550, 132 тыл еңбеккеріне 25 мың теңгеден біржолғы жәрдемақы төленді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылғы 19 қаңтардағы Жарлығымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай шығарылған мерекелік медальмен ауданымыздың 4 соғыс ардагері, 142 тыл еңбеккері марапатталды.
Бейнеттің зейнетін көріп отырған ардагерлеріміз шау тартқан жастарына қарамай, қолдарынан келетін істі атқаруға дайын екендігін ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып, дәлелдеп те жүр.
Серғазы ЖҰМАБАЕВ,
Ақжар аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.