«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛ-АУҚАТ ҚОРЫ ҚОЛДАУҒА ӘЗІР

Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ-ның басқарма төрағасы Ахметжан Есімов бастаған делегация келді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов елордалық меймандарды бірқатар өндірістік нысандармен таныстырып, өңіріміздің даму барысы жайлы айтып берді.

2008 жылы құрылған акционерлік қоғамның компаниялар тобына мұнай-газ және көлік-логистика саласының химия және атом өнеркәсіптерінің, тау-кен кешендерінің, энергетика, машина құрастыру және жылжымайтын мүлік салаларының кәсіпорындары кіреді. Қор басшылығы Петропавл қаласындағы машина жасау саласының көшбасшылары – “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” және “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамдарымен әріптестік байланыс орнатуға қызығушылық танытты. Бүгінгі таңда аталмыш кәсіпорындарда технологиялық жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Шетелдік заманауи станоктар орнатылған зауыттарда еңбек өнімділігі артып, шығаратын өнімдердің тізбесі молайған. Нәтижесінде 2022 жылға қарай аталмыш кәсіпорындарда шығарылатын өнімнің көлемі 350 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдаудың арқасында “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамында тез бұзылатын өнімдерді тасымалдайтын термовагон өндірісі жолға қойылған.
Қауіпсіздік жүйелері, цифрлық телевидение қондырғылары, мұнай-газ кешендеріне арналған өнімдер мен байланыс құралдарын шығаратын “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамы қазақстандық брендпен компьютерлік техника өндірісін игеруде. Кәсіпорынға жаңа бағытты игеруге көпқабатты баспа платалары және интегралды шағын сызбалар өндірісі серпін бермек.
Кездесу барысында қордың еншілес кәсіпорындары солтүстікқазақстандық зауыттармен 8,5 млрд. теңгенің келісімшартына қол қойды. Атап айтқанда, “ПАМЖЗ” АҚ-ы басшылығы “Oil Services Company” жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен және “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясымен арнайы техниканы жеткізу және 24 техниканы сатып алу бойынша келісім жасады. Ал Киров зауыты өз кезегінде “Әскерилендірілген темір жол күзеті” және “Қазақстан темір жолы” ҰК” акционерлік қоғамдарымен әріптестік қарым-қатынас орнатып, нарықта сұранысқа ие өнімдерін жеткізу бойынша уағдаласты.
Қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов импорттың орнын алмастыру бағдарламасы аясында қазақстандық өндірушілерді қолдаудың нақты стратегиясы жасалғанын атап айтты. Сондай-ақ, қор “оффтейкшарттар” тетігі аясында отандық компаниялармен ұзақмерзімді келісімшарттарға отырып, өндірушілерге қаржылай қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
– 2018 жылы қор сатып алу жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстарды қолға алған болатын. Отандық тауар өндірушілерді қолдауға басымдық берудеміз. Мамандарымыз елімізде өндірілмейтін тауарларға зерттеу жүргізді. Егер инвестор мұндай өндірісті жүзеге асыратын болса, біз қаржылай қолдау көрсетуге дайынбыз. Қор бұл жобаларды алдын ала төлем жасау және ұзақмерзімді тапсырыстар беру арқылы жүргізеді. Нәтижесінде холдинг елімізде бәсекелестік орта құруға 630 млрд. теңгеден астам қаражат бөлді, – деді Ахметжан Смағұлұлы.
Қазіргі уақытта қор импортты алмастыру бағдарламасы аясында елімізде жаңа өндірістер ашу бойынша 27 жобаны мақұлдады. Жобаларды жүзеге асыруға тартылған инвестиция көлемі 215 млрд. теңгеден асты. Алдағы уақытта 1600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Басқарма төрағасы облыс әкімдігінде өткен Қызылжар өңірінде жаңа өндірістерді ашуды ынталандыру және әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесі талқыланған жиынға қатысты. Шара барысында “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ-ы мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ынтымақтастық жөнінде екіжақты меморандумға қол қойды. Аталмыш құжат энергетика кешенін, электронды сауда мен пошта желісін, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды, импорт алмастыруды және жергілікті өнеркәсіптерді дамыту және тағы басқа бағыттарды қамтиды. Атап айтқанда, меморандум аясында жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын автоматтандыру, қала қауіпсіздігінің мониторингін қамтамасыз ету, 2020-2021 жылдары “GSM” және “LTE” стандарттарының 25 базалық станциясын іске қосу арқылы Петропавлды “Smart City” сервистік үлгісі бойынша дамыту көзделуде. Сонымен қатар тараптар облыстың әлеуметтік мәселелерін талқылады. Бұл орайда қор церебральды сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту орталықтарын материалдық-техникалық жарақтандыруға, саламатты өмір салты мен бұқаралық спортты насихаттауға қаржылай қолдау көрсететін болады. Бұдан бөлек шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында биыл пошта байланысының 10 бөлімшесін ашу және жергілікті кәсіпкерлер арасында электронды сауда негіздері бойынша семинарлар өткізу жоспарланып отыр.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аталмыш меморандумның өңір үшін маңыздылығын атап өтті.
– Бүгін біз “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ-ымен бірге Қызылжар өңірін дамыту бойынша бірқатар жүйелі шаралар белгіленген меморандумға қол қойып отырмыз. Біздің кәсіпкерлер ұлттық қордың қажеттіліктері үшін жоғары сапалы өнім жеткізуге дайын. Әрине, бұл байланыстардың нығаюы өңір экономикасының дамуына және солтүстікқазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға үлкен қолдау болатынына сенімдімін, – деді Құмар Іргебайұлы.


Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp