Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде ардагерлердің “Возрождение” хор ұжымы жұмыс істейді. Ол аудан әкімдігінің бастамасымен және ардагерлер кеңесінің қолдауымен 2009 жылы құрылған болатын. 2012 жылы ардагерлердің “Возрождение” хор ұжымына “Халықтық” атағы берілді.
Ұжымның негізін қалауға сол кезде қызмет еткен хор жетекшісі Александр Кокориннің сіңірген еңбегі зор болды. Өзінің өте жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленген жанның алдыңғы толқын өкілдеріне деген құрметінің, адамдармен тіл табыса білетін қасиетінің арқасында аудандық Мәдениет үйінің сахнасына 25 адамнан құралған хор көтерілді.
2010 жылы Александр Кокорин Петропавл қаласына көшіп кетті де, оның бастаған ісін ұжымның концерт-мейстері Әлжан Бламбаев пен топтың жетекшісі Надежда Радченко жалғастырды.
Хордың Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған концерттік бағдарламалары көзге жас үйіретін ерекше сезімге толы. Ол – сол жылдарда майдан даласынан қайтпай қалған боздақтарды еске түсіретін мұңға толы әндер мен Жеңістің қуанышты хабарын жеткізетін шаттық жырлары. Сонымен қатар, тың жерлерді игеруге арналған әндер де ардагерлердің орындауында ерекше әсерге бөлейді.
Хордың ең жас қатысушысы 60-та болса, ең үлкені – 85-те. Нина Короткова, Евдокия Коряковская, Раиса Батырева, Полина Вороная – хордың ең белсенді мүшелері. Хор ұжымының орындауындағы әндерді көрермендердің кәрі-жасы қошеметпен қарсы алып, сүйсіне тыңдайды.
Оның қатысушылары өздерінің егде тартқан жастарына қарамастан, қоғамдық өмірге етене араласып, аудан, облыс, тіпті, республика көлемінде өткізілетін шаралардан шақырту алса, қалып көрген емес.
Амангелді ӘБІЛҒАЗИН,
Жамбыл аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.